Жеңістің 80 жылдығы – 80-ге жуық шара
Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өткен болатын.
Аталған жиынны күн тәртібінде мамыр айындағы мерекелік іс-шараларды өткізу, кеміргіштер мен зиянкестерге қарсы дезинфекциялау, қаңғыбас иттердің санын азайту, тұрғындармен кездесулер барысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы сияқты бірқатар өзекті деген мәселелер қаралды.
Жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы мерекелік іс-шаралар жоспары бойынша баяндама жасап, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне дайындық жұмыстары туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, биыл Жеңістің 80 жылдығына орай 80-ге жуық патриоттық, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. 1 мамыр мерекесі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен салт-дәстүрлерді насихаттайтын кең ауқымды бұқаралық шаралар форматында өткізіледі.
Қала әкімі тиісті сала жетекшілеріне іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды, қаланың безендірілуін заманауи талаптарға сай жүргізуді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша, энзоотиялық ауруларға қарсы залалсыздандыру жұмыстары көктем және күз мезгілдерінде жылына екі рет жүргізіледі. Биыл бұл шаралар 31 наурызда басталған. Қаңғыбас иттермен күрес жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.
Ғабит Әбдімәжитұлы көпқабатты тұрғын үйлердің аумағында да дезинфекциялау шараларын жүргізуді тапсырды және қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Жиында, сондай-ақ, қала тазалығы, бейнебақылау камераларының санын арттыру арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуы сияқты мәселелер де талқыланды.