Шымкентте «Ұлттық кітап күні» қалай тойланды?

Oinet.kz 23-04-2025 33

Қай кезде де, қай жерде де кітап – адамзат өмірінің, руханиятының ең негізгі әсер факторы екені рас. 

Screenshot_3.jpg

Мемлекет басшысы да «Озық ойлы ұлт болудың төте – жолы кітап оқу» деп бірқатар бастама көтеріп, баса назар аударып отыр. Үшінші Ұлттық құрылтайда барша халықты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырған еді.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», - Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының «Ұлттық кітап күнін» белгілеп, аталған мерекені мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілген еді. Биыл рухани мереке алғаш рет атап өтілуде. Айтулы датаның аясында Шымкент қаласында да біршама шаралар атқарылып жатыр.

Атап айтсақ, Президент бастамасы аясында Шымкентте 16-23 сәуір аралығында «Мәртебелі кітап» апталығы өтті. Аталған апталықтың ашылу салтанаты Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен «Арбат» демалыс орталығында өтті. Онда қаламгерлермен сыр-сұхбат ұйымдастырылып, жаңа кітаптардың тұсауы кесіліп, әдеби талқылаулар өтті. Оқырман назарына кеңейтілген кітап көрмелері мен инсталляциялар  ұсынылды. Баспа үйлері мен кітап дүкендерінің кітап жәрмеңкесі, көрме-сатылымы («Атамұра», «Жебе», «Отбасы хрестоматиясы», «Шың», «Қасиет», «Қасым», «Қызмет», «Кітап алу», «Шикула и К» баспалары мен «Төлеби»,  «Білім» кітап дүкендері) ұйымдастырылды. Ұлттық кітап күнінің алғашқы «Мәртебелі кітап күнінде»  сахна төріндегі үлкен экраннан ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Ұлттық кітап күнін жариялау туралы бастамасы мен жалпы кітап туралы ой-пікірлері жайлы бейнесюжет берілді, сондай-ақ, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры К.Қ.Сейітованың арнайы жолдаған бейнеқұттықтауы көрсетілді.  Ары қарай Әл-Фараби атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен қаламгер Нұрхан Сұлтанбайұлының қос бірдей жаңа кітаптары – «Үкікөз» және «Күн сәждесі» атты туындыларының тұсауы кесіліп, «Жүрекке жеткен жырлар» атты шығармашылық кешке ұласты. 

Апталықтың ашылу салтанатына зиялы қауым, қаламгерлер, баспагерлер, жастар, оқырмандар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында жастармен «Кітапхана түні» акциясы өтті. 

«Мәртебелі кітап» апталығы шеңберінде өткен ерекше форматтағы әдеби-мәдени жобаның бірі – «Weekend. Book. Vibes» іс-шарасы. Саябақ ішінде өткен “Әдеби кафе” жобасы – оқырмандарға ерекше рухани тәжірибе сыйлады. Бұл алаңда жастар сүйікті кітаптарын оқып, кофе ішіп, тірі поэзия тыңдап, әдебиетпен тыныстады. Ақындардың өлеңдері оқылып, әрбір шумақ терең мағынамен өрілді. Жастар бұл сәтті «жүрекпен сезілетін әдеби формат» деп бағалап, әдебиетке деген ықыласын білдірді.

«Талқы Like» атты пікір алаңы да өз жалғасын тауып, оқырмандар әсерлі әдеби диалог жүргізді. белсенді кітап клубтарының кездесулері де ұйымдастырылды. Оқырмандар сүйікті авторлары мен шығармалары жайлы пікір алмасып, әдебиетке деген көзқарасын білдіруіне мүмкіндік туды. Шара «кішкентай оқырмандарды» да назарынан тыс қалдырмады. балаларға арналған «Ертегі әлемі» бұрышы да болды. Бұл кеңістікте балдырғандар ертегі тыңдап, шығармашылық шеберханаларға қатысып, өз ой-қиялын суретке айналдырды. Бұдан да өзге мәзмұны терең шаралар өткен, апталықтың қорытындысы (жабылу салтанаты) бүгін, яғни 23 сәуір күні «Арбат» демалыс орталығында өтеді. 

Кітапхана – қазыналы бір әлем
Жеңістің 80 жылдығы – 80-ге жуық шара
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу