Әбдірахымовты әшкерелеу... Гүлмира Сатыбалды Шымкентте қандай тендерлер ұтып алды?
Шымкенттік шенеуніктердің өтіріктері әшкереленетін күн жақын қалған сияқты. Қаңтар оқиғасынан кейін бұрын-соңды естіп-білмеген сұмдықтар жарыққа шығып жатыр. Егер қаңтардағы қырғын болмағанда осының бәрі «жабулы қазан жабулы күйінде» қалар ма еді дейсің. Енді мемлекеттің қаржысын артында өңшең ықпалдылар тіреп тұрған компаниялардың пайдасы үшін оңды-солды таратқандар тиісті жазасын алады ма? Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі деген компанияның Шымкентте бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке іліккенін хабарлаған еді. Қазынаның миллиардттарын сұрау, ақша жегендерді әшкерелеу жалғыз Гүлмира Сатыбалдымен бітпейтін сияқты. Таратыңқырап айтайық.
– Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен “Ария-Жаңа Астана” ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр, – деген ақпаратты антикор наурыздың аяғында таратты.
Әзірге бұл істің толық мән-жайы тергеу мүддесіне сәйкес жария етілген жоқ. Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі деген компания Шымкентте қандай жұмыстармен айналысты, оған қазынадан қанша қаражат бөлінді? Бұл туралы не құзырлы органдар, не әкімдік мәлімет бермей отыр. Неге?
Қайбір жолы Шымкенттегі Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховқа журналистер жоғарыдағы сауалдарды қойған болатын.
Әкім орынбасары бұл іс бойынша ешкімнің ұсталмағанын алға тартып, «бізде ондай ақпарат жоқ» деп жалтарып кетті. Дегенмен сол жолы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Байымбетов қылмыстық істің басшы мен өзінің үстінен қозғалғанын растады. Тергеу амалдарының немен аяқталары әзірге белгісіз. Бірақ қазірдің өзінде бұл істің арғы жағында басқарма басшысы мен оның орынбасарынан да жоғары тұрған шенеуніктердің қатысы бары белгілі болып қалды.
Мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі деген «Ария-Жаңа Астана» компаниясы тек ірі сомалармен жұмыс істеген сияқты. Компания Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстарына қатысқан. Дәлірегі «Ария Жаңа Астана» аталған даңғылда жол және жолайырықтар салумен айналысқан. Компания бұл тапсырысты бір көзден ұтып алған. Осы жұмыстарға қаралған қаржының көлемі 10 208 388 710 (он миллиард екі жүз сегіз миллион үш жүз сексен сегіз мың жеті жүз он) теңгені құраған. Мәссаған! Осы жерде айта кетейік, «Ария Жаңа Астана» компаниясы соңғы 3-4 жылдың көлемінде республиканың әр өңірінде жүз миллионнан 1-2 миллиард теңгеге дейінгі соманы құрайтын көптеген мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы болып танылған. Бірақ 10 миллиард теңгеден асатын ірі тапсырысты компания тек Шымкенттен ғана алған. Неге Шымкенттен?
Бұл сұрақтың жауабын білу үшін алдымен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Ария Жаңа Астана» компаниясы арасындағы келісімшарттың жасалған мерзімінен білуге болатын сияқты. Келісімге 2018 жылдың қыркүйегінде қол қойылған. Бұл кезде Шымкент қаласының әкімі қызметін Ғабидолла Әбдірахымовтың атқарғаны белгілі. Ал Әбдірахымов рас-өтірігін кім білсін, Назарбаевтар әулетімен тығыз байланысты болған, солардың қолдауын көрген шенеуніктің бірі ретінде аталатын. Одан бөлек бейресми мәліметтерге қарағанда, Әбдірахымов пен Қайрат Сатыбалдының арасында да жылы қарым-қатынас болғанға ұқсайды (Шымкентке келген Сатыбалдыны Әбдірахымовтың күтіп алып, өзі алып жүретінін көргендер аз емес.Ж.Т).
Бәрі қисынға келеді. Сатыбалды әулетіне тиесілі компанияны Шымкентке шақырып, бюджеттен миллиардттаған тендер берудің арғы жағы осы тығыз таныстықпен байланысты десек қателеспеуіміз мүмкін.
Енді құжаттарға қайта оралсақ. Шымкент қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Ария Жаңа Қазақстан» компаниясы арасындағы келісімге сәйкес, мердігерге қаражат 2019 жылдан бөліне бастаған. Осы жылы 9 900 000 (тоғыз миллион тоғыз жүз мың) теңге, 2020 жылы 93 000 000 (тоқсан үш миллион) теңге, 2021 жылы 45 323 000 (қырық бес миллион үш жүз жиырма үш мың) теңге, 2021 жылы 749 614 600 (жеті жүз қырық тоғыз миллион алты жүз он төрт мың алты жүз) теңге, 2022 жылы 3 463 964 479 (үш миллиард төрт жүз алпыс үш миллион тоғыз жүз алпыс төрт мың төрт жүз жетпіс тоғыз) теңге, ал 2023 жылы қалған 5 746 586 630 (бес миллиард жеті жүз қырық алты миллион бес жүз сексен алты мың алты жүз отыз) теңге бөлінуі тиіс болған. Бірақ әзірге келісімге сәйкес компанияға қанша қаражаттың бөлінгені белгісіз. Белгілісі, қаңтарда жағдай күрт өзгеріп, басқарма мердігермен келісімшартты біржақты бұзған. Ал наурызда антикордың мәліметінде келтірілгендей, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен “Ария-Жаңа Астана” ЖШС басшылығы 747 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілігеді.
Әрине, істің толық мән-жайы тергеу амалдарынан кейін белгілі болады. Бірақ тергеушілер бұл іске қатысы бар шенеуніктерді толық әшкерелей алады ма, әлде «айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылдының» керін келтіре ме? Шымкентте кейінгі кездері онсыз да бергі жақтағы басқарма қызметкерлерінің сотталып, ал одан жоғары тұрған лауазым иелерінің «сүттен ақ, судан таза» болып шығуы әдетке айнала бастады емес пе?
Өткен нөмірлеріміздің бірінде жазғанымыздай, былтыр мамырда Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ария-Жаңа Астана» компаниясының үстінен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық төлемін өндіру туралы талап арызын берген. Алайда басқарманың басшысы Е.Жолдасов берген талап арызын көп ұзамай қайтарып алған. Шымкент қаласының экономикалық соты 2021 жылдың 20 тамызында талап арыздың қайтарылып алынуына байланысты «Ария-Жаңа Астана» компаниясына қатысты істі қараусыз қалдыру жөнінде ұйғарым шығарады. Берілген талап арыз неге қайтарып алынды? Әлде бұған жоғарыдағы біреулер ықпал етті ме? Бұл жағы әзірге жұмбақ.
Енді мына қызықты қараңыз, жуырда, дәлірегі мамыр айында Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ария Жаңа Астана» компаниясын мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызды сотқа қайта береді. Шымкент қаласының экономикалық соты 13 мамырда талап арыз бойынша азаматтық өндірісті қозғау жөнінде анықтама шығарады. Мұны неге жоруға болады? «Ештен кеш жақсы» дегені ме? Не де болса, істің ақырын күтіп көрейік.
Жалпы қазір жұрт онсыз да Шымкент әкімдігіндегі шенеуніктердің сөзіне сенуден қалып барады. Естеріңізде болса, былтыр қазанда Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы аяқталып, қала басшылары оны салтанатты жағдайда ашқан болатын. Алайда мердігер «Bazіs Constructіon» ЖШС-ының мойнына алған міндетін сапасыз атқарғаны көп ұзамай-ақ белгілі болып қалды. Жолдың кейбір жерлері төмен түсіп, ойқы-шойқыға айналды. Компания биыл көшенің бір жағын жауып, құрылыс жұмыстарын қайта жүргізді. Осы кездері брифингте қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов жолайырық құрылысының мемлекеттік қабылдаудан өтпегенін, мердігерге ақшаның әлі төленбегенін айтқан еді. Алайда іс жүзінде бәрі басқаша сияқты. Мердігердің тиесілі ақшаны алмайынша құрылысты бастамайтыны айтпаса да белгілі ғой. Ал әкімдік қаржыны тіпті артығымен аударып жіберген сияқты. Себебі мамыр айында Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Bazіs Constructіon» серіктестігінің үстінен сотқа талап арыз берген. Басқарма талап арызда компаниядан «негізсіз иеленіп алған қаржыларды мемлекет пайдасына өндіруді» сұранған. Осыдан кейін кімге сенесіз? Қала әкімінің орынбасары М. Исақов неге сол жолғы брифингте жұртқа жалған ақпарат таратты?
Айтпақшы, осы Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайырыққа бюджеттен 7 622 080 382 (жеті миллиард алты жүз жиырма екі миллион сексен мың үш жүз сексен екі) теңге қаралған екен. «Bazіs Constructіon» ЖШС-ының тиын-тебенге жұмыс істемейтін мердігер екендігі бұрыннан белгілі (бір ғана мысал- компания Түркістандағы Тұңғыш президент саябағын 13 миллиард теңгеге салған.Ж.Т). Осы жерде салыстыра кетейік, 3-4 жыл бұрын іске қосылған «Бекжан» базарының қасындағы жолайырық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметке сенсек, 1,7 миллиард теңгеге түскен екен. Былтырғы жолайырықтың құны бұдан бірнеше есеге көп. Ал дәл қазір құрылысы қызу жүріп жатқан Бәйдібек би-Арғынбеков-Назарбеков-Астана көшелері мен даңғылдарының қиылысындағы көлік айрығының бірінші кезеңіне бөлінген қаржының көлемі 12,8 миллиард теңгені құрайды. Қазынаның қайран миллиардттары-ай десеңізші. Бұл жөніндегі білген-түйгендерімізді газеттің алдағы нөмірлерінде кеңінен әңгіме ететін боламыз.
Жәнібек ТАРХАН,
"Рейтинг" газеті, 9 маусым, 2022 ж