Полицей коммуналшы болды. Кадрлық кризис пе, кадрлық бизнес пе?

Oinet.kz 02-06-2022 2035

Коммуналдық шаруашылық басқармалары жібі түзу кәсіби мамандарға жарымай тұр. Бұл саланың басынан қиқу кетпейтіні де содан шығар, бәлкім. Қайбір жылдары Шымкент қаласында коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының креслосы кеденшіге бұйырса, одан кейін экономист, механикке күніміз қараған. Қазір ерінбеген энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларына басшылық жасайтын болды. 

Screenshot_6.jpg

Соңғы уақытта осындай нашар үрдіс Түркістан облысында жалғасып жатыр. 

Жуырда Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Сәкен Шалабайұлы Далиевтің тағайындалғаны белгілі болды.  Бұл соңғы бір-екі жылдың көлемінде аталған басқармаға тағайындалған нешінші басшы? Мұны облыс әкімінің аппаратындағылар  жақсы білетін шығар, ал қарапайым жұртшылық бас коммуналшыны жиі-жиі жаңартуға бой үйрете бастаған сыңайлы.

Аталған басқармаға  басшының құтаймай тұрғаны рас. Бұған дейін облыстық энергетика, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасына Руслан Тұрғамбаев деген азамат жетекшілік жасап келген. Ол 2019 жылы әуелі басқарма басшысының орынбасары болып, артынша басшының креслосын иеленді. Былтыр қарашада оның қызметінен кетіп қалғаны белгілі болды. Осы қарашада басқармаға басшының орынбасары болып Асхат Бердіханов деген азамат тағайындалды. Ұзамай ол  бастықтың міндетін атқарушы болды. Алайда неге екендігі белгісіз, Бердіхановтың да орын суытқаны жуырда мәлім болған. 

Тұрғымбаев та, Бердіханов та бұрын-соңды облыста жұмыс істеп көрмеген. Енді міне, олардың орнын басқан жаңа басшы Далиев та сыртта келіп отырған кадр. Бұл қателіктің қайталанып жатқандығын білдірмей ме?

Сәкен Шалабайұлы 1997 және 2016 жылдар аралығында, дәлірегі жиырма жылға жуық уақыт ішкі істер және қаржы полициясында, Экономикалық қылмысқа қарсы күрес органдарында  және ішкі қауіпсіздік саласында түрлі лауазымда қызметтер атқарған. Ашық дереккөзінен алынған мәліметке қарағанда, ол  2008 жылы Алматы қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде аға тергеуші қызметін атқарған. Айналдырған 2-3 жылдың ішінде оның лауазымы әжептәуір өскенге ұқсайды. 2012 жылдардың шамасында республикалық газеттердің бірінде аттестациялаудың қортындысы бойынша нашар нәтиже көрсетіп,  қызметінен төмендетуге ұсынылған шенділердің тізімі жарияланған екен. Осы тізімде Ақмола облыстық қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары болып жүрген Сәкен Далиевтің де аты аталған. Байқайсыз ба, кеше фитнполда жұмысын жатырпаған адам бүгін ең шулы коммуналдық салада жұрттың аманатын арқалап отыр. Кейінірек ол Қаржы полициясының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіндегі басқарма басшысы қызметін атқарған. Шамасы осыдан кейін көп ұзамай қаржы полициясы органдарындағы қызметін доғарған.

Сәкен Шалабайұлы 2015-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысының ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы болған. Сол 2015 жылы оның аты-жөні судьялыққа үміткерлердің қатарынан табылыпты. Бірақ кешегі қаржы полицейіне судьяның мантиясын кию бұйырмаған сияқты. 2016 жылы оның құзырлы органдардағы қызметі біржолата тәмамдалады. Есесіне кешегі қаржы полицейі коммуналдық салада кереметтей карьера жасайды. 

Далиев 2016-2017 жылдары «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның қамтамасыз ету жөніндегі директоры, 2017-2019 жылдары Екібастұз қаласындағы «Богатырь көмір» ЖШС көмір өткізу және нарық жөніндегі директоры, 2019-2020 жылдары Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының «Алматы Су» МКК ішкі бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету департаментінің директоры, 2021 жылы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС директоры қызметін атқарған. Мұның ішінде алғаш ауызға алынған «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» сол кездері «Самұрық-Қазынаның» құрамына кірген. 

Далиевтің аты-жөні осы кездері «Самұрық-Қазынаға» қарасты компанияларда үлесі бар ықпалды тұлғалардың тізімінде кездеседі. Осы жылдары «Самұрық-Қазынаға» кімнің жетекшілік еткені айтпаса да белгілі. Яғни, Далиевтің бұл өңірге қандай тағдырдың айдап келгенін аңғару қиын емес, әрине. Қанша дегенмен «тегін адам таз болмайды». Айтпақшы, Далиев басқарма басшысының орнына жарияланған конкурсқа бәскелессіз,  жеке дара қатысып, жеңіске жеткен (бәрі алдын ала шешіліп қойылған соң басқалар жағаласудың, босқа әуре болудың қажеті жоқ деп тапты ма кім білсін?).   

Осылайша Түркістан облысының коммуналдық саласын бұрынғы қаржы полицейі басқарып жатыр.  Бұған таңқалатын несі бар, облыстың коммуналдық саласы дәл қазір коррупциямен күресте тәжірибесі көп басшыға  «іздегенге сұраған» болып тұр. Биыл қаңтарда басқармада ұзақ жылдардан бері басшының орынбасары лауазымын атқарып келген Әбілхан Әбдіқадыровтың парамен ұсталғаны туралы ақпарат шықты.  Дәлірегі орынбасарға «параны адамдар тобымен алдын ала сөз байласуы арқылы бірнеше рет алды» деген бап бойынша айып тағылды. Дәл осы кездері  басқармада сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысының да  қамауға алынғаны туралы ақпарат таратылды. Сот қаулысына қарағанда, экс-басшы қызмет бабын пайдаланып, 2021 жылдың көктемінде кәсіпкерлермен бірге ауыз су нысанының құрылысына қатысты алаяқтық жасаған көрінеді. Бұдан мемлекетке келтірілген шығынның көлемі 25 миллион теңгені құраған. 

Жуырда Есеп комитетінің тексеруінен кейін облыстағы ауыз су саласында көпірме цифрлардың, көзбояу тірліктердің көп екендігі белгілі болып қалды. Комитет «халықтың 90 пайызын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз еттік» деген әкімдіктің дерегімен келіспей, шын мәніндегі көрсеткіш 70 пайыздан енді асқан деп баға берді. Осының жай-жапсарын сұраған депутаттарға коммуналдық салаға жауап беретін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай 70 пайыздың елді мекендердің санына шаққандағы көрсеткіш екендігін айтып ақталып еді.  Кейінірек осының анық-қанығына жету үшін «Рейтинг» газеті Есеп комитетіне арнайы хат жолдап, жауап алды.  70 пайыз жалпы халықтың санына шаққандағы көрсеткіш болып шықты. Әкімдіктің шындыққа сәйкес келмейтін дерегін әшкерелеген бұл мәселе осылайша  «жабулы қазан жабулы күйінде» қала бере ме? 

Қысқасы, осындай көзбояушылық пен сыбайлас жемқорлықтан көз ашпай тұрған саланы кешегі қаржы полицейі Сәкен Далиев дұрыс жолға қоя алады ма? Әлде алдыңғы басшылардың кебін кие ме? Бәрін тақсыр уақыттың төрелегіне тапсырдық. 

"Рейтинг" газеті, 2 маусым, 2022 ж

Мәсімов пен Әбдірахымовтың арасында не байланыс бар?
Әбдірахымовты әшкерелеу... Гүлмира Сатыбалды Шымкентте қандай тендерлер ұтып алды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу