Мәсімов пен Әбдірахымовтың арасында не байланыс бар?

Oinet.kz 27-05-2022 1039

Әрбір сөзі «хит» әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат ел арасында қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін Тасмағамбетов мен Маминнің үстінен іс қозғалды деген мәліметті жоққа шығарған құзырлы органдар Әбдірахымовқа қатысты жайсыз ақпаратты әзірге растаған жоқ. Сонымен бірге әлі жоққа да шығармады. 

Screenshot_2.jpg

Мәсімов пен Әбдірахымовқа қатысты тергеу амалдарының басталғанын алдымен белгілі журналист Михаил Козачков телеграм каналында жазды. «Мәсімов пен Әбдірахымовқа қатысты «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді» деп келтірген жазбасында М.Козачков. Артынша  Ulysmedia.kz порталы Әбдірахымовпен байланысқанын, оның қылмыстық іс қозғалғанын жоққа шығарғанын, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында жеке бизнеспен айналысатынын, ешқандай рейдерлік тірліктерге араласпағанын мәлім еткенін хабарлады. Аталған портал осы жөнінде Бас прокуратураға сұрау салғандығын да жария етті. Козачков осы порталдың ақпаратын телеграм каналында жариялап, «Мәсімов тұтқаны көтермеді ме?» деген кекесін сөз жазған.   

Осыған қарағанда ол Әбдірахымовқа қатысты ақпараттың растығына күмәнданбайтын сияқты.

 Осы жерде айта кетері, Козачков телеграм каналында Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық істің тіркелгендігін жазған. Бұдан мәліметтің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің автоматтандырылған ақпараттар базасынан алынған болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Яғни, ақпарат ел арасындағы жел сөзден немесе «билік дәлізіндегі» әңгімелерден емес, нақты бір дереккөзінен шыққан сияқты. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы  Кәрім Мәсімовтың қаңтар оқиғасы кезінде алдымен «мемлекетке опасыздық жасады» деген күдікпен қамауға алынғаны, кейін үстінен «билікті басып алу» бабымен қылмыстық істің қозғалғаны мәлім. Дәл осындай айыптармен оның орынбасарлары да тұтқындалды. Ал Әбдірахымов Мәсімовтың бұрынғы орынбасары. Әбдірахымовты «Мәсімовтың ең сенімді және Назарбаевтар әулетінің шарапатын көп көрген кадр» десек, қателеспеуіміз мүмкін.  

Бұған дәлел ретінде бірлі-жарым мысалдарды келтіруге де болады. Мәсімов 2007 жылдан бастап премьер-министр лауазымына кіріскен кезде Әбдірахымов оның кеңсесіне басшылық жасады. Мәсімов 2012 жылы Президент әкімшілігінің басшысы болып ауысып келген соң ұзамай Әбдірахымов оның орынбасары болып істеді. Мәсімов 2014 жылы екінші мәрте премьер-министрдің креслосына отырды, 2015 жылы Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. 2017 жылдың қазанында Әбдірахымов қызметінен босатылып, оның орнына Нұрлан Сауранбаев тағайындалды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметінде сегіз ай отырған Әбдірахымов 2018 жылың шілдесінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкентке екінші мәрте әкім болып келді. Бұл тағайындау біраз азаматты аң-таң қалдырды. Сөзіне ісі сай келмейтін Әбдірахымовтың Шымкент сияқты проблемасы шаш етектен қалаға әкім болып жарытпайтыны онсыз да белгілі еді. 2019 жылдың шілдесінде тірлігі онсыз да сұйылып бара жатқан Әбдірахымов Лондоннан жолдаған «сәлемдемесінен» кейін масқара жағдайда қызметінен алынды. Шымкентке суыт келген сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев жаңа әкімді тағайындап, Әбдірахымовқа берілген «сенім кредитінің» таусылғанын хабарлап кетті. Көшербаевтың мұндай ауыр айыптауды дүйім жұрттың алдында айтуы біраз жайтты аңғартты. Түптеп келгенде бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбдірахымовқа берген бағасы еді. Мұндай жағдайдан кейін Әбдірахымов басшылық түгілі мемлекеттік қызметтің маңына да жоламауы тиіс болатын. Жоқ, ол сол жылдың қыркүйегінде алдымен Үкімет жетекшісі Асқар Маминнің кеңесшісі болып тағайындалды, 2021 жылды қаңтарында Мәдениет және спорт вице-минстрі лауазымын иеленді. Рас, Әбдірахымов бұл жолы «зың кеңесші» немесе «зың вице-министр» бола алмады. 

Әбдірахымовтың осыншама өрлеуіне оның қолдаушысы, қамқоршысы, кешегі қаңтарға дейін елдегі ең мықты шенеунік Мәсімовтың ықпалы болмады деймісіз?! Сондықтан Мәсімовке қатысты істердің қалтарыс-бұлтарыстарында Әбдірахымовтың аты аталып жатса, таңқалуға болмайды. Әліптің артын бағып көрейік.  

Облыс әкімінің орынбасары күдікке ілініп еді... Сот үкімі шықты, көмекші сотталды
Полицей коммуналшы болды. Кадрлық кризис пе, кадрлық бизнес пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу