Облыс әкімінің орынбасары күдікке ілініп еді... Сот үкімі шықты, көмекші сотталды
Осыдан дәл бір жыл бұрын. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев «пара алды» деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарап, мұның соңы үлкен дабыраға айналған. Сол жолы оның не бүлдіргеніне қатысты нақты түсініктеме берілген жоқ. Есесіне әлеуметтік желіде әрқилы мәліметтер таралды, пікірлер жазылды. «Орынбасары парамен ұсталды» деген сөздің бірі ұшы кімге барып тірелетіні айтпаса да түсінікті ғой.
Міне, жуырда Түркістан қаласының соты пара алу оқиғасы бойынша үкім шығарды. Үкімде Мырзалиевтің аты аталды демесеңіз, оның бұл іске ешқандай қатысы жоқ болып шықты. Тіпті сот оны шақырып жауап алуды да қажет деп таппаған. Ал бірнеше бап бойынша айыпталған Мырзалиевтың бұрынғы көмекшісі заң алдындағы тиісті жазасын алды. Бірақ бұдан көңілдегі күдікті сейілді ме? Мұның жауабын мәртебелі оқырманның өзәне қалдырдық.
Жасыратыны жоқ, еңбек жолына қарасаңыз, Мейіржан Мырзалиев өте мықты маман. Мұндай мықты менеджер кез-келген аймақтың маңдайына біте бермейді. Алматыда оқыған, білімін одан әрі Мәскеуде, АҚШ-та жалғастырған. Премьер-министрдің кеңесесінде жұмыс істеген. Уақтысында АҚШ-та Бүкіләлемдік банкте қызмет еткен. Бертінде премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың кеңесшісі болған. Одан әрі Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымына өседі. 2019 жылдың наурызында Мырзалиев туған өңірі Түркістанға облыс әкімінің орынбасары болып оралды. Бұл кезде Өмірзақ Шөкеевтің Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалғанына енді бір ай толған болатын. Яғни, Мырзалиев Шөкеевтің Түркістанға әкелген ең алғашқы кадрларының бірі саналады.
2021 жылдың мамырында «Мырзалиев парамен ұсталды» деген мәлімет ақпарат құралдарын шулатып жатқан кезде Антикор облыс әкімінің орынбасарына қатысты:
«Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде шақырылды. Ол күдікті ретінде танылған жоқ, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды,-деген мәлімдеме таратты.
Қылмыстық процестік кодекс бойынша егер азаматтың аты-жөні қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда және хабарда көрсетілсе немесе қылмыстық процеске қатысатын куә оған қарсы айғақтар берсе, бірақ ол азамат күдікті деп танылмаса, қорғалуға құқығы бар куә мәртебесін алады. Түсінікті тілмен айтқанда құзырлы органдарға жазылған арызда немесе жауапта Мырзалиевтің аты-жөні болған. Облыс әкімдігі сол жолы Мырзалиевтың еңбек демалысына шығып, денсаулығына байланыста ауруханада ем қабылдап жатқанын хабарлады. Артынша оның қызметінен босатылғаны белгілі болды. Енді істің мән-жайын сот үкімі арқылы тарқатып айтсақ.
Сотталушы Ахмет Ержанов Мырзалиев Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген кезде оның көмекшісі болып істеген. Шамасы қостанайлық кәсіпкерлер көмекшіні бес саусағындай жақсы таныған. Ержанов 2020 жылдың тамызында «Turkistan Invest» инвестициялар тарту және экпортты дамыту жөніндегі аймақтық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған. Аталғар серіктестік Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасына қараған.
2021 жылы Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарайтын «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі», «Шардара орман және жануар әлемін қорғау жөніндегі», «Жасыл аймақ», «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» және «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемелері тракторлар сатып алуды жоспарлаған. Осы жерде айта кетейік, Мейіржан Мырзалиев облыс әкімінің орынбасары ретінде жоғарыда аталған екі басқарманың жұмысына бақылау жасап отырған.
Осыдан кейін Ержанов Қостанай облысына барып, «Беларус» маркалы тракторларын шығаратын «Композит Групп Казақстан» ЖШС-інің бас және атқарушы директорлары А.Гомаюнов пен С.Конусовқа екіортадағы танысы арқылы шығып, жоғарыдағы тендерге қатысу туралы ұсыныс айтады. Ол тендерде жеңіске жететініне Мейіржан Мырзалиевтың көмегімен ықпал ете алатынын білдірген. Әрбір жасалған келісім-шарт бойынша жалпы соманың 5 пайызын беру қажеттігін және бұл ақшаның Мырзалиевке берілетінін айтуды да ұмытпаған. Мырзалиевтың бұрынғы көмекшісінің сөзіне кәсіпкерлер сенген және тендерге қатысқан жағдайда әжептәуір пайда табатынын жақсы түсінген. 2021 жылдың қаңтар-ақпанында Конусов Ержановқа жолығып, мемлекеттік сатып алу құжаттарына серіктестікпен шығарылатын тракторлардың техникалық сипаттамаларын қосу қажеттігін айтқан. Ержанов бұл талапты орындауға уәде еткен. Осы жерде айта кетейік, жоғарыдағы тендерді Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік сатып алу комитеті өткізген. Яғни, тендерге Ержановтың ықпал ететін ешқандай құзыреті болмаған. Алайда ол қолдан келмейтін тірлік үшін уәде беріп, кәсіпкерлерді алдаған. Бұл әрине, тергеу мен соттың тұжырымы.
Ал шындығында тендердің нәтижесі бойынша серіктестік жеңіске жетіп, жоғарыда аталған мекемелерге 192 657 500 теңгеге 24 тракторды жеткізіп беру жөнінде келісім жасасқан. 2021 жылдың наурызында Ержанов Қостанайға келіп, кәсіпкерлерден келісім бойынша 5 пайыздық үлесін талап еткен. Алайда әуежайда жолығу барысында Гомаюнов мемлекеттік сатып алу құжаттарына серіктестік шығаратын тракторлардың техникалық сипаттамаларын қоспауына байланысты ақша беруден бас тартқан. Ержанов бұл мәселені алдағы уақытта Мырзалиев арқылы шешіп беруге уәде еткен.
Осы жерде біраз түсініксіз нәрселер бар. Ержанов пен Гоюмановтың кездесуінен кейін бір айдан астам уақыт өткенде, дәлірегі 21 сәуірде А. Гомаюнов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне барып арызданған. Ертеңіне агенттікке Конусов та барып арыз берген. Бұдан кейінгі операцияның бәрі антикордың жасап берген сценарийі бойынша жүргізілгені айтпаса да түсінікті.
29 сәуірде Конусов Түркістанға келіп, Ержановқа 2 миллион теңге берген. Ержанов ақшаны Мырзалиевке беретінін айтқан. Дәлірегі құзырлы органдардың тұжырымы бойынша ол ақшаны кәсіпкерлерден М.Мырзалиевке беру үшін деп алдап алып, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге азғыру арқылы қылмыс жасауға айдап салған. Сотта Ержанов кәсіпкерлерді алдағанын мойындайды, бірақ біреуге пара беруге айдап салды деген айыппен келіспеген және өзіне Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай шығарылған «Рақымшылық жасау туралы» заңды қолдануды сұранған. Сот оны алаяқтық жасауға оқталу, пара беруге айдап салу баптары бойынша кінәлі деп тауып, үш жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сот сонымен бірге прокуратураға жәбірленушілер Гоюманов пен Конусовтың әрекеттеріне құқықтық баға беру жөнінде жеке қаулы шығарған. Олардың әрекеттерінде заңға қайшы немесе күдік келтіретіндей нендей әрекеттердің барын енді өзіңіз ойланып көріңіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, үкімге қарағанда, Мырзалиев сотқа тіпті куәгер ретінде жауап беруге де шақырылмаған. Оның бұрынғы көмекшісінің тірлігіне расында да қатысы жоқ па? Егер қатысы болмаса, серіктестік тендерде қалайша жеңіске жетті? Бұл сұрақтың жауабын енді білу мүмкін емес шығар, сірә.
Ал, ойда-жоқта қызметінен кетіп қалған Мырзалиев шенеуніктік карьерасына қайта орала ма, жоқ па, бұл алдағы күндері белгілі болмақ.
"Рейтинг" газеті, мамыр, 2022 ж