Шөкеевтің ендігі шансы қандай?
Жаңадан құрылған үш облыстың әкімдері белгілі болды. Ұлытауға Берік Әбдіғали, Алматы облысына-Марат Сұлтанғазиев, Абай облысына -Нұрлан Ұранхаев, ал Бейбіт Исабаев Жетісу облысына әкім болып тағайындалды. Сарапшылардың бұған дейін жасаған болжамдарының бірде-біреуі расқа шыққан жоқ. Балаева да, Қәлетаев та орындарында отыр. Ал Ұлытауға әкім болады деген Аймағамбетов басқаратын Ғылым және білім министрлігін Президент екіге бөлді. Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына Саясат Нұрбек, ал Аймағамбетов оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Енді жақын арада бірқатар өңірлердегі әкімдердің отставкіге кететіні туралы болжамдар айтылып жатыр. Әлеуметтік желілерге де осындай алыпқашты ақпараттар жазылуда. Ауысады дегендердің қатарында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те бар. Бұл жолғы болжам нысанаға қаншалықты дөп тиер екен?
Шөкеев Түркістан облысына әкім болып 2019 жылдың ақпанында тағайындалды. Үш жарым жылға жуықтапты. Жиі-жиі қызмет ауыстыратын Шөкеев үшін бұл аз уақыт емес, әрине. Жалпы Шөкеев кетеді деген әңгіме Оңтүстікте былтырдан бері толассыз айтылып келеді. Бірақ былтыр жұрт «Шөкеев өсіп кетеді» дейтін. Биыл басқашалау болжап жатыр. Шөкеевтің ендігі шансы қандай? Көп ұзамай тақсыр уақыт төрелігін айтқалы тұр.
Айтпақшы, өңір депутаттары бүгінде тағайындалатын жаңа әкімді басқашалау қарсы алады. Себебі өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге тағайындалатын әкімдерінің кандидатурасына мәслихат депутаттарының келісімін алудың жаңа тәртібін белгіледі. Осы тәртіпке сәйкес Президент енді өңір әкімі лаузымына кемінде екі кандидатты ұсынады. Алдымен Президент Әкімшілігінің басшысы депутаттардың жиналысын өткізу жөнінде мәслихат хатшысына хабарлама жібереді. Мәсхатшы бір тәулік ішінде депутаттарға хабар береді.
Жиналыста санақ комиссиясы жасақталады, оның төрағасы мен хатшысы бекітіледі. Осыдан кейін сайлауды ашық немесе жасырын дауыс беру мәселесі келісіледі. Өңір әкімі лаузымына ұсынылған кандидатуралар таныстырылады. Олардың өздеріне сөз беріледі. Жасырын дауыс беру бюльетен арқылы жүргізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат өңір әкімі лауазымына өтті деп есептеледі. Егер екі кандидат тең дауыс алған жағдайда дауыс беру қайта өткізіледі.