Білім саласын былықтан тазарту үшін не істеп жатырсыз Дінислам Болатханұлы?

Oinet.kz 23-06-2022 2519

Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Түркістан облысының әкімі    Өмірзақ Шөкеевтің өткізген баспасөз мәслихаты өте қызу болды десек артық айтқанымыз емес. Брифингтің «температурасын» сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтар көтергенін де  мойындау керек. Бірақ облыс басшысы жауаптан жалтарған жоқ. Өзіне қойылған сауалдарға ашық, бүкпесіз жауап берді. 

Screenshot_1.jpg

Журналистер 98  мың долларға  жуық парамен ұсталған  Кентаудың бұрынғы әкімі Дәурен Махажановқа қатысты мәселені да айналып өткен жоқ. «Егер Махажановқа қатысты сот үкімі шықса, отставкіге кетесіз ба?» деген сауалға Шөкеев «кетемін» деп жауап берді. Брифингте білім саласындағы жемқорлық мәселесі, тіпті мектепке мұғалім болып тұрудың нақты ставкасы да айтылды. Шөкеев облыста мектепке маман қабылдаудың арнайы портал арқылы жүргізілетінін, бұл жүйенің жемқорлықты алдын алуға көп септігі тиіп жатқанын алға тартты... 

Дәл қазір Түркістанның білім саласындағы жемқорлық таусылмайтын тақырып болып тұрғаны рас.

Алдымен облыстың білім саласында соңғы жылдары болған жаңалықтарды, оқиғаларды бір еске алып өтсек. 2018 жылдың мамырында Тұңғыш президент  Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жиынында  Оңтүстік Қазақстанда жемқорлық деректері басқа облыстармен салыстырғанда жоғары екенін қаттырақ, бытырыңқырап айтқан болатын. 

- Менде неше түрлі хабарлар бар. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін, еден жуушы болу үшін пара беру керек. Мұндай жағдай басқа облыстарда жоқ, тек Оңтүстікте ғана бар. Сондықтан цифрландыру арқылы деректерді ашық алуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде жерді жалға алу, бизнес ашу, мектепке жұмысқа орналасу, ауруханадағы мәселелер өз шешімін табады. Әрине, халық көп, жұмыс орындары да аз шығар. Сондықтан сендер цифрландыруға көшпесеңдер, жоғарыда аталған мәселені шеше алмайсыңдар, - деген болатын Елбасы осы жиында сол кездегі облыс басшысы Жансейіт Түймебаевқа. Облыста мектепке пен балабақшаға маман қабылдауды цифрландыру осы кезден басталды. 

2020 жылы  облыстық білім басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев әкімдікте өткен жиында мектепке маман қабылдайтын jumys.sitcen.kz порталы коррупциялық тәуекелді 50 пайыздан 2 пайызға төмендеткенін және Президент әкімшілігі оны ең үздік жоба деп танып, басқа облыстарда енгізуге ұсынғанын мәлім етті. Бірақ осы кездері  Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері 50 пайыздан 2 пайызға төмендегенімен, өңірдің білім саласындағы коррупция 100 пайызға көбейді. Мұндай сәйкессіздікті өкінішке қарай, ешкім түсіндіріп бере алмады. 

Осы жүйенің тиімділігін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те атап өтіп отырды. Ол мектепке мамандарды парасыз қабылдайтын жүйенің республикада алғаш болып Түркістанда жүзеге асқанын алға тартып, «ақша беріп жұмысқа тұру деген сұмдықты цифрландырудың арқасында түп-тамырымен жойдық» дегені есте қалыпты. Облыс әкімі тіпті жұмысқа парамен қабылдаудың алыпқашты әңгіме балаған болатын. Кейінірек, облыс басшысының бұл сөзін оның білім саласына бақылау жасайтын орынбасары Сәкен Қалқаманов та қайталады. Алайда дәл қазіргі уақытта  аталған жүйенің  тиімді жүзеге асып жатқанына антикордың қызметкерлері күмәнмен қарайды. Неге?

Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, соңғы жылдары өңірде білім саласындағы жемқорлық басты мәселеге айналып келеді. Агентіктегі call-орталығына түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі білімге қатысты. Олар негізінен мектепте ақша жинаумен, сағаттарды әділетсіз бөлумен, аттестациямен, пән олимпиадаларымен байланысты. Ғаламторда Түркістан облысы мектептеріндегі жемқорлық туралы жарияланымдар да жиі кездеседі.

Облыстың білім саласындағы сыбайластық негізінен мектепке маман қабылдау кезінде орын алады.  Осының алдын алу үшін жасалынған  «jumys.sitcen.kz» жүйесіне облыс басшылары үлкен сенім артқан. Мәселен 2021 жылдан бастап оны мәдениет, медицина, спорт салаларына енгізуді көздеген. Бірақ бұл жүйенің өте көп кемшіліктерінің бары белгілі болып отыр. Мектепке маман қабылдаудан ақша жеп үйренген директорлары жаңа жүйені айналып өтудің түрлі жолдарын ойлап тапқан. Айталық...

 Тәртіп бойынша мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері мұғалімді, тәрбиешіні немесе техникалық қызметкерлерді аталған портал арқылы алуы тиіс. Бірақ бұл талапқа барлық басшы мойынұсынбайды.  Директорлар бос орынға маманды жекеменшік балабақшалардан ауысу тәртібі арқылы қабылдауды әдетке айналдырған. Жоқ, бұл әдет емес, шын мәнінде нағыз коррупция. 

Мәселен, тексеру барысында бір ғана Ордабасы ауданында осындай отызға жуық факті анықталған. Бір қызығы, мектепке ауысып келген қызметкерлердің жекеменшік балабақшаларда  18-30 күн ғана жұмыс істегені белгілі болған. Яғни, бұдан шығатын қорытынды-мектеп директоры бос орынға маманды жекеменшік балабақша арқылы алады деген сөз. Бәрі алдын ала ойластырылған. Сонда мұндай көзбояушылық кімге керек? Айтпақшы, былтыр Кентау қаласында аталған жүйені айналып өтіп, жұмысқа тұрушыдан пара алып, ұсталған екі мектеп директорына сот үкімі шықты.  

Антикорлықтардың айтуынша, аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің өздері де аталған порталдың жұмысын толық түсінбейді. Сондықтан олар  порталдың тиімділігін қайта қарау қажет деп отыр. Осыдан кейін кімнің сөзіне сенесіз?  Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жобаны ең үздік деп таныған Президент әкімшілігіне ме? Әлде облыстың білім саласына жауапты басшыларға ма? Әлде «парасыз жұмысқа тұру мүмкін емес» деп жүрген қарапайым мамандарға ма? 

Сәуірде Антикордың облыстық департаменті басшылары брифинг беріп, биыл өңірде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының екі есеге көбейген мәлім етті. Алдыңғы орында білім саласы тұр. Ұсталып, сотталып жатқандардың қатарында аудандық білім бөлімінің басшылары да бар. Ауданның бас мұғалімінің өзі осындай масқараға ұшырап жатқан соң басқасынан не сұрайсыз?! 

Сайрам ауданы адами әлуеутті дамыту бөлімінің басшысы мен мектеп директоры өзара бірігіп, бір азаматты мектепке мұғалім етіп кіргізу үшін миллион теңге сұраған көрінеді. Қазір бұл іс Сайрам аудандық сотында қаралып жатыр. Қаңтарда Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Майриховтың журналисті өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен ұсталды. Журналист Амангелді Батырбековтың ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, білім бөлімі басшысының берген тапсырысының арғы жағы оның сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен байланысты көрінеді. Одан кейін жалған дипломға қатысты дау-дамаймен танымал болған  Төлеби аудандық білім бөлімі басшысының қамауға алынғаны белгілі болды. Рас болса, оған да сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылғанға ұқсайды. Білім саласындағы басшылардың өздері пара алып, қылмыстарын жасыру үшін кісі өлтіруге тапсырыс беріп жатқан өңірде  білім сапасы, ұрпақ тәрбиесі, әділет туралы әңгіме қозғау мүмкін бе?      

P. S. Облыста білім саласына бұған дейін басшылық жасаған Рахымбек Жолаевтың алдына қадау-қадау жоспарлар қойғанымен, оны жүзеге асыра алмай кеткені рас. Ал оның орнын басқан Дінислам Болатханұлының тәжірибесіне ешкім күмән келтіріп отырған жоқ. Бірақ екі айдан бері басқарма басшысының не істеп жатқанын ешкім білмейді. Облыстың бас мұғалімі білім саласындағы жемқорлықты жою үшін алдына қандай жоспар қойып отыр? Неге үндемейсіз, Дінислам Болатханұлы? 

"Рейтинг" газеті, 23 маусым, 2022 ж

Шөкеевтің ендігі шансы қандай?
Кеше Елбасыны мақтағандар бүгін неге үндемейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу