Кеше Елбасыны мақтағандар бүгін неге үндемейді?

Oinet.kz 07-07-2022 3288

Биылғы 6 шілде-елорда күні жылдағыдай емес, басқашалау атап өтіліп жатыр. Жылда 6 шілде қарсаңында елордамен қатар оның авторы, архитекторы Елбасының есімі міндеті түрде қатар аталатын. Осы күн жақындағаннан Назарбаев туралы түсірілген бес-алты фильм көгілдір экранды бермеуші еді. Елбасының тарихи миссиясы туралы жиындар, мақалалар мен іс-шаралардан босамайтын мереке биыл Назарбаевсыз аталып өтті. 

Screenshot_2.jpg

Дүние қаңтар оқиғасынан кейін қатты өзгерді. Осыдан бір жыл бұрын Түркістанның төрінде Елбасыға арнап ескерткіш орнатылған кезде шенеуніктер жұртшылық арасында  арнайы сауалнама жүргізгендерін, оған қатысушылардың 93 пайызының ескерткішті қою идеясын қолдағанын атап өткен еді. Енді мінекей, осы аптада ақпарат құралдарында 6 шілде Елбасының туған күніне қатысты сауалнама жүргізілгені, оған қатысушылардың 63 пайызының бұл мерекені атап өтуді қолдамағаны жария етілді. 

Байқасаңыз, бізде сауалнаманы, қоғамдық пікірді де қолдан жасай беруге болады. Аз ғана уақыттың ішінде Елбасының абырой-беделі неге күрт өзгерді? Кеше Назарбаевты мақтағандар бүгін неге үндемейді?

Кеше: Әлем Назарбаевты ұлықтауды 2007 жылдан бастаған екен. Осы жылы Шешенстанның астанасы Грозныйда Назарбаев көшесі пайда болды. Қазір мұнда Назарбаевтың есімін иеленген мектеп те бар. 2010 жылдан бері Иорданияның астанасы Амман қаласындағы көшелердің бірі  Елбасының атымен аталады. Қырғызстанның Шолпан атасында Назарбаевқа қоладан ескерткіш қойылды, Ошта Назарбаев мектебі пен саябағы ашылды. Назарбаев ескерткіші Түркияда да қойылған.  Ал жалпы Анадолы жерінде Елбасының есімін иеленген төрт көше бар.  Мұның алдында Назарбаевтың ескерткіші оның өзі білім алған Украинаға да қойылды. 

Қазақстанда Назарбаевтың тас, қол мүсіндері 2015 жылдан кейін пайда болды. Оның  аты аталамаса да бейнесі тасқа қашала бастады. 2016 жылы  Алматы облысының орталығы Талдықорғанда Тұңғыш президенттің еңселі ескерткіші ашылды (бұл ескерткіштің ғұмыры 7 жылға да жетпеді. Қаңтар оқиғасы кезінде оның талқандалғаны, кейін қайта қалпына келтірілмегені белгілі).   

 Назарбаевқа арналған құрметтің үлкені 2019 жылы жасалды. Осы жылдың наурызында президенттің міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында Тұңғыш президенттің кеудесіне алтын жұлдыз тағып, «Халық қаһарманы» атағын тапсырды. Астана қаласы дереу Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. 

-Біздің мемелетіміздің астанасында Қазақстанның тұңғыш президентіне арнап монумент орнатылуы тиіс. Барлық облыстар орталықтарындағы орталық көшелерге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен аталуы керек,-деді Тоқаев. Осыдан кейін Елбасының есімі үлкен қалалардағы орталық көшелерге берілді. Соның ішінде Шымкентте, Түркістанда Назарбаев даңғылдары пайда болды.  

 Елбасыға ескерткіш қою өз алдына бөлек мәселе, өз алдына бөлек «жыр».  Түркістанда Назарбаевқа ескерткіш қою бастамасы былтыр мамырда көтерілді.  Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен онлайн конференцияда ТҮРІКСОЙ-дың бас хатшысы Билал Чакыджи: 

-Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі елдерінің тұтастығының нығаюы мен дамуына үлкен үлес қосты. Осыдан үш жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи Жарлығымен Түркістан облысы құрылды, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Ұлт көшбасшысының ерекше Жарлығы тек Қазақстан үшін емес, сонымен қатар барлық түркі әлемі үшін тарихи оқиға болды. Осы кезден бастап қала ерекше қарқынмен дамып келеді. Үш жылдың ішінде Түркістан тек түркі әлеміне емес, оның шекарасында да танылып үлгерді. Ежелгі қала өзінің тарихи сипатын сақтай отырып, заманына сай дами бастады. Жоғарыда аталғандармен байланысты Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның орталығында қаланың қайта жандануына себеп болған, сонымен қатар түркі ықпалдастығы идеясын жүзеге асыруға баға жетпес үлес қосқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш орнатуға шақырамын,-деген мәлімдеме жасады. 

Түркістанда ескерткіш орнату бастамасы көпшілікті екіұдай пікірде қалдырды.  Бірақ ескерткіш қою науқанына старт берілді. Іле-шала әлеуметтік желіде «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтың, осы партияның белсендісі,  Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Елбасы ескерткішінің фонында түскен суреті жарияланды. Бұдан кейін уақтысында облыс әкімінің орынбасары, кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты оқиғалардың кезінде қызметінен кетіп, содан бері кәсіпкерлікпен айналысатын Болатбек Әлиев фейсбуктегі парақшасында мәселенің мән-жайын түсіндірді. 

-Бүгін әлеуметтік желіде  біздің жұмысымыз туралы фото пайда болды.  Осыдан бірнеше жыл бұрын ойға алған бастамамызды жүзеге асыруға былтыр ғана кірістік.  Идеямызды іске асыратын талантты адамды табу оңайға соққан жоқ. Таңдауымыз Тілеуберді Бинаш деген өнер майталманына түсті. Ескерткіш былтыр желтоқсанда бітуі тиіс еді, алайда мұндай күрелі жұмыс ұзаққа созылды. Қазір  Нұрсұлтан Әбішұлының ескерткіші дайын тұр, Түркістан қоғамына, Түркістанның әкімі Рашид Аюповқа  (Түркістанның сол кездегі әкімі. ред) ескерткішті түркі әлемінің рухани астанасында орнатуды ұсынамын. Бұл туралы талқылаулар болуы мүмкін,  бірақ менің осындай ұсыныс айтуға кәсіпкер, ауыл шаруашылығының маманы ретінде қақым бар деп есептеймін. Оның осындай құрметке лайық адам екендігінде дау жоқ, бұл менің шешімім, мен бізде осындай тұлғаның бар екеніне мақтан тұтамын, мырзалар батылырақ қимылдаңыздар,-деп жазды кәсіпкер.

Бірақ кейінірек Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасы өзіне ескерткіш қою, нысандардың атын берудің, әсіресе оны шенеуініктер ұйымдастырса ұнамайтындығын мәлім етті. Бірақ қарсылыққа қарамастан Елорда күні қарсаңында Түркістанда Елбасының ескерткіші орнатылды. 

Бүгін. Қаңтар оқиғасы кезінде  алдымен президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Елбасыдан Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығының тізгінін алды. Назарбаев сондай-ақ, президентке Ассамблеядағы және «Нұр Отан» партиясындағы төрағалықты өткізді. 2010 жылдың 13 мамырында Сенат Н.Назарбаевқа «Елбасы» деген мәртебені беруді заңдық тұрғыдан бекітіп берген. 3 маусымда Назарбаев заң жобасына қол қоюдан бас тартты, бірақ оған вето қойған жоқ. Ал тәртіп бойынша президент вето қоймаған заң жобасы 30 күннен кейін күшіне енеді. Соған сәйкес 14 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы-ұлт көшбасшысы» мәртебесі заңдық негізде бекітіліп берілді. Осы заң бойынша Елбасы мен оның отбасы мүшелері ешкімде жоқ, супер артықшылықтар мен құзыреттерге ие болған еді.  Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевқа айырықша артықшылықтар беретін заңдарға бірте-бірте өзгерістьер енгізілді. Кешегі конституциялық реформалардың кезінде халықтың талап етуімен Елбасының есімі, оның «тарихи миссиясы» Ата заңнан алынып тасталды. Енді жақын арада жоғарыда аталған Елбасы туралы заңды да жою туралы мәселе көтеріліп жатыр. Ондай жағдайда Назарбаев артықшылықтармен бірге «Елбасы», «Тұңғыш президент» деген лақап аттарынан да ресми түрде айырылады. Енді 1 желтоқсан-Тұңғыш президент күнін, 6 шілде-елорда күнін атап өтуді қайта қарау туралы бастама  көтеріліп жатыр. Күнір кеше Назарбаев атындағңы стипендияның да аты ауысқаны туралы ақпарат таратылды. 

Әрине, Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы еңбегін жоққа шығару мүмкін емес. Ол сөз жоқ айтулы тұлға. Оның маңдайына Қазақстанды күрделі де қиын кезеңде басқару жазылды.  Қазақстанды сындарлы сәттерден алып шықты. Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалады, осы жылдары еліміздің жалпы әлемдік қауымдастықтағы беделі артты. Мұның мойындау керек.

Бәріне уақыт өз төрелігін айтады. Енді Назарбаев ескерткіштерінің,  Назарбаев мектептерінің,  Тұңғыш президент саябақтарының, Назарбаев даңғылдары мен орталықтарының тағдыры не болады? Ең бастысы,  кеше Назарбаевты мақтағандар бүгін неге үндемейді? 

Білім саласын былықтан тазарту үшін не істеп жатырсыз Дінислам Болатханұлы?
Әбдірахымовтың ықпалы... қателік пе, қылмыс па? Назарбаевтың келініне Шымкент соты шешім шығарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу