Шымкентте сыбайлас жемқорлық көбейген
29-03-2023
Соңғы уақытта бір кездері түрлі айыптаулармен сотталып кеткен азаматтар өзінің жақысыз қуғынға ұшырағанын жаппай мәлімдеуге көшті. Әрине, әр істің өзіндік ерекшелігі бар. Сонымен бірге әр істің артында адам тағдырының тұрғаны да рас.
Жазықсыз жапа шектім дегендердің ішінде сот қаулысымен толықтай ақталып жатқандары да бар. Бұл нені білдіреді? Бұл азаматтардың құқығын қорғайды, әділдікті қамтамасыз етеді деген құзырлы органдардың, прокуратураның, қара қылды қақ жарады деген соттардың саясаттың ығына жығылып, биліктің немесе ықпалды топтардың қолындағы қолшоқпарға айналғанын білдіреді. Әділдіктің жалауын желбіретеді дегендердің өздері осындай екіжүзділікке, сатқындыққа барып жатқанда әкімдер, әкімдіктегілер не істемейді дейсіз?! «Жаңа Қазақстан» әкімдердің бір кездері жасаған осындай әділетсіздігіне, заңсыздығына, жөнсіздігіне қалай баға береді? Кеткен қателіктер қалай қалпына келтіріледі? Ең басты мәселе осында.
Бұған дейін Антикордың Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғаларына (дәлірегі басқарма басшысы мен оның орынбасарына) және "Ария-Жаңа Астана" ЖШС басшылығына, оның ішінде осы компанияның қожайыны саналатын Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс қозғағаны белгілі. Құзырлы органның мәліметінше, тергеу амалдары 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша жүріп жатыр. «Рейтинг» газетінде біз осы мәліметке қатысты біраз зерттеулерімізді жариялаған едік. Тақырыпқа тағы да айналып соғудың реті келіп тұр. Алдымен мәселенің мән-жайына қысқаша тоқталсақ.
Гүлмира Сатыбалды – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының жұбайы. Оның компаниясы – «Ария -Жаңа Астана» ЖШС-ы Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстарына қатысқан. Серіктестік тендерді «бір көзден» ұтып алған. Келісімшартта көрсетілген қаржының көлемі 10 208 388 710 (он миллиард екі жүз сегіз миллион үш жүз сексен сегіз мың жеті жүз он) теңгені құрайды.
Былтыр мамырда Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ария-Жаңа Астана» компаниясының үстінен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық төлемін өндіру туралы талап арызын берген. Шамасы компания мойнына алған міндетін дұрыс атқара алмаса керек. Алайда басқарманың басшысы Е.Жолдасов берген талап арызын көп ұзамай қайтарып алған. Шымкент қаласының экономикалық соты 2021 жылдың 20 тамызында талап арыздың қайтарылып алынуына байланысты «Ария-Жаңа Астана» компаниясына қатысты істі қараусыз қалдыру жөнінде ұйғарым шығарады. Берілген талап арыз неге қайтарып алынды? Әлде бұған жоғарыдағы біреулер ықпал етті ме? Бұл жағы әзірге жұмбақ.
Арада бір жыл өткенде, яғни, биыл мамырда, «Ария -Жаңа Астана» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ақпарат құралдары шулап жатқан кезде Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ария- Жаңа Астана» компаниясын мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызды сотқа қайта береді. Жуырда сот осы талап арыз бойынша шешім шығарды.
Сот шешіміне қарағанда, «Ария -Жаңа Астана» компаниясы мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арасындағы келісімшарт 2018 жылдың қазанында жасалған. Осы келісімге сәйкес компания 10 миллиард 208 миллион теңгенің жұмысын орындауды міндетіне алған. Биыл 11 ақпанда жасалған қосымша келісімге сәйкес «Ария -Жаңа Астана» серіктестігіне 2022 жылы бөлінетін қаржының көлемі 3 миллиард 463 миллион теңгені құраған. Мемлекеттік сатып алулардың тәртібі бойынша келісімшарт қазынашылық органдарында тіркелгеннен кейін мердігер келісімшартты қамтамасыз етуі тиіс болған (кепілге ақша қоюы керек болғанға ұқсайды. Ж.Т). Алайда компания бұл міндетті орындамаған. Осыдан кейін 3-наурызда басқарма келісімшартты біржақты бұзады. Мамырда сотқа шағымданып, тиісті міндетін орындамағаны үшін «Ария-Жаңа Астана» компаниясын мемлекеттік сатып алуларға жөн-жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған. Сотқа жауапкер тарапынан ешкім қатыспаған. Сот осыларды негізге алап отырып, басқарманың берген талап арызын қанағаттандырған, яғни Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі деген компанияны «қара тізімге» енгізді.
Бұл әрине, сот шешімінде жазылған ресми мәліметтер ғана. Ал оның арғы жағында нендей жәйттардың бары айтпаса да түсінікті сияқты. Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі компания 2018 жылы сол кездегі қала әкімі, Қайрат Сатыбалдының досы, ел арасында «зың әкім» атанған Ғабидолла Әбдірахымовтың қолдауымен 10 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік тапсырысты «бір көзден» ұтып алған. Әйтпесе, онсыз да өзге облыстарда ұтып алған тендерлерін сапасыз атқарып, соттасудан қолы босамай жүрген, қарызы бастан асатын компанияның Шымкенттен 10 миллиард теңгенің тапсырысын оп-оңай иеленіп кетуі нейғабыл ғой. «Бұған Әбдірахымов ықпал етуі мүмкін» деген күдіктің күшейіп тұрғаны рас. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерге қарағанда, компания осыдан кейін 2019 жылы 9 900 000 теңгенің, 2020 жылы 93 000 000 теңгенің, 2021 жылы 45 323 000 теңгенің және тағы 749 614 600 теңгенің жұмыстарын атқарған. Егер қаңтар оқиғасынан кейінгі жаппай тексеру амалдары жүрмегенде Назарбаевтың келініне тиесілі компанияның Шымкентте миллиардттаған теңгенің тендерін ұтып алып, жүз миллиондарды талан-таражға салғаны «жабулы қазан жабулы күйінде» қалуы әбден мүмкін еді. «Ария- Жаңа Астана» компаниясының Шымкентте 747 миллион теңгені жымқырғанына қатысты тергеу амалдары наурызда басталды. «Байтал түгілі бас қайғы» болып жатқан компания осыдан кейін мойнына алған міндетін қалай орындасын?! Ал шымкенттік шенеуніктер «Ария-Жаңа Астанамен» осы жерде қош айтысқанды жөн санаған сияқты.
Алайда осы істің басы-қасында болған шенеуніктер немесе экс-шенеуніктер жауапкершіліктен құтылып кетеді ме? Әрбір сөзі «хит» болған Әбдірахымовтың бұл іске қаншалықты ықпал еткені тексеріле ме? Жалпы Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі компания тендерді қаншалықты заңды ұтып алды? Бұған кімдер ықпал етті? Серіктестік миллиардтар жұмсалған жұмыстарды қаншалықты сапалы орындады? 747 миллион теңгенің жымқырылғаны қаншалықты дәлелді? Қазынаның қаржысын жеуге жергілікті шенеуніктердің қаншалықты қатысы бар? Енді тергеу амалдары осы мәселенің түйінін тарқатып беруі тиіс.
Шымкенттік атқамінерлердің әрекетінің қателік әлде қылмыс екендігін сол кезде білетін боламыз. Әліптің артын бағып көрейік.
"Рейтинг" газеті, шілде, 2022 ж