Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Ғаламторға кіріп, жеке әлемін ашпаса, мобильді агентке қосылып, қалта телефонын қарамаса, жастар ұйықтамайтын болды. Ғаламтордың құрығына іліккендер уақытының көбін сонда өткізетінді шығарды. Мail.ru агенттің әлегіне түсетіндердің көптігін бір минутта оны 2 миллион адамның қолдануынан байқау қиын емес. 2010 жылы Қазақстандағы интернет желісін пайдаланушылардың саны 3,5 миллион адамға дейін өседі» деген болжам расталды. Қазірдің өзінде жеке адамның атын пайдаланып, желіде жеке әлемін ашып жатқандар жетерлік. Әсіресе, елге есімдері белгілі азаматтардың атынан ашатындар көп. Оған көз жеткізу қиын емес. Мәселен, ғаламторда Мейрамбек Беспаевтың 115, Сәкен Майғазиевтің 35, Баян Есентаеваның 24 жеке әлемі тіркеліпті. Бірақ бәрінен оқ бойы озған Қайрат Нұртас екен. Қайраттың өзіне тиесілі 300 «әлемі» бар. Отандық шоу бизнес өкілдерінің «өз әлемі» бар ма? Ғаламтордың ғаламатын пайдаланып жүр ме? Осы Сауалдарға жауап алу үшін желіге кіретін жұлдыздармен байланысып, ой бөлістік.
Бауыржан Исаев, әнші:
«Ғаламторда сағаттап сөйлесетінмін»
Ғаламторға күн сайын кіремін. Себебі, біріншіден Mail.ru да поштамды қараймын. Екіншіден, ислами, діни сайттарды оқимын. Мысалы, Musulmanin.com – ілімі мықты, танымал ислам ғалымдарынан дәріс алған бауырларымыздың бірігуімен ашылған сайт. Интернет арқылы сол кісілерден ілім алып жүрмін.
Жеке әлемім бар. Одан бөлек мен білмейтін бірнеше әлемнің бар екенін естідім, бірақ ғаламтордан кездестірген емеспін. Әйтсе де интернетте сағаттап отыратын күндерімді жоққа шығармаймын. Тыңдармандарымнан да достық ұсыныс жиі келеді. Әсіресе, қыздардан. Дін жолында жүрген соң ұсынысын қабылдай бермеймін. Ғаламтордағы достарым аз болғанымен, өнердегі достарыммен, сыныптастарыммен байланысымды үзбеймін. Тыңдармандарым «Бауыржан аға, көптен неге ән жазған жоқсыз» деп сұрайды. Мен сахнадан алыс кеткенім жоқ. Соңғы он жыл ішінде 20-ға жуық әндерім жарық көрді. Ән жинаққа енбеген, жарыққа шықпаған туындыларымды қазақстандық, бүкіләлемдік сайттарға жариялап тұрамын. Ән сүйер қауымның шығармашылығымдағы жаңалықтарды ғаламтор арқылы танысуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, шет елдерде, өзге қалаларда жүргенімде Wi-Fi, Skype арқылы отбасыммен сағаттап сөйлесіп, сағынышымды басамын. Интернеттің зиянына келсек, өткен жылы қажылыққа бардым. Дағуат ретінде түскен суреттерімді исламды насихаттайық деген ниетпен әлеміме қойдым. Біреулер «Мақтанғаның ба?» деп хат жазыпты. Бұл мақтанғаным емес. Осы сияқты түсініспеушіліктер туындайды. Кім қандай пікір айтсын, ойласын өз еркі. Менің мақсатым – исламды насихаттау.
Ақылбек Жеменей, әнші:
«Жеке әлемімді өшіріп тастадым»
Жұмыстан кейін ғаламторға кіріп, жаңалықтармен танысамын. Жеке әлемім болған. Достарыммен, тыңдарман қауыммен хат алысып тұратынмын. Кейін атымнан ашылған төрт-бес әлемімнің бар екенін білдім. Олар жеке өміріме қатысты жалған ақпарат таратыпты. Өтірік мәлімет бергені үшін ренжіп, әлемімді өшіріп тастадым. Қазір Mail.ru-ға мүлдем кірмеймін. Ғаламтор арқылы сауал тастайтындармен байланысты түбегейлі үздім.
Әйгерім Қалаубаева, әнші:
«Жеке сайт ашуды жоспарлап отырмын»
Уақытымның тығыздығына байланысты интернетті көп пайдаланбаймын. Қажетті мәлімет іздегенде ғана бас сұғамын. Негізінен дінге байланысты дүниелерді, шетелдік, қазақ эстрадасы жұлдыздарының шығармашылығымен танысуда пайдасы бар. Жеке әлемім болған емес. Бірақ «Атыңыздан жеке әлем ашылыпты» деген хабарды естігенде таңырқағаным рас. Келеңсіз жағдай орын алмасын деп тексеріп тұратынмын. Бұл жолы да қарап көрдім. Бірақ ашылған әлемді әлі тапқан жоқпын. Негізі жеке әлемімді ашу ойымда бар. Әндерімді, суреттерімді, өзім туралы мәліметтерді әлеміме енгізуді жоспарлағанмын. Өнердегі достарым: «Mail.ru-ды ашпағаның дұрыс. Келген сауалдарға жауап бермесең ел ренжиді» деген соң ойланып қалдым. Шындығында, үнемі ғаламтормен байланыста бола алмаймын. Тыңдарманыма теріс пікір қалыптастырып алармын деп, ойымнан бас тарттым. Дегенмен жеке сайт ашуды жоспарлап отырмын. Бірақ оны жаңалап отыру үшін адамың болу керек.
"Рейтинг" газеті №7, 16 ақпан 2012 жыл