Оңтүстікте ана өлімі өршіп тұрса да Исмаиловқа ең болмаса ескерту берілмеді
«Жұмағали Исмаиловтың сөзіне жұрт сене ме?». «Рейтинг» газетінде өткен аптада осындай тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Онда Оңтүстік Қазақстан облысында ана өлімінің өршіп тұрғанына қарамастан денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың баспасөз беттерінде басқаша сайрап жүргені жайлы жан-жақты жазылған болатын. Көпшіліктің арасында қызу қоғамдық пікір туғызған сол мақалада облыстың денсаулық саласында талап пен тәртіптің бетімен кеткені кеңінен қамтылып, нақты айғақтар айтылған еді. Газеттің облыстағы тілшілер қосынына осы мақалаға үн қосып хабарласып жатқан оқырмандар легі әлі басылар емес. Олардың ой-пікірлерін сарапқа салып, алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз.
«Жас Алаш», «Рейтинг» газеттерінде Жұмағали Исмаилов басқаратын саланың былық-шылығы туралы бұған дейін де бірнеше рет сын мақалаға қалам тартқанбыз. Әншейінде баспасөз бетінде көбірек көрінуге әуес Жұмағали Қазыбайұлы алғашқыда сын мақалаларға үн қатпай, жұмған аузын ашпай біраз бұлтақтады. Бірақ ақырына дейін шыдамай артынан ақталған сыңайда жіберген жауап хатын жариялағанымыз көзі қарақты, санасы ояу оқырманның ойында болар. Бұл жолы да осыған ұқсас қадам жасады. Бастапқыда ана өлімінің неліктен көбейгендігінің себеп-салдарын сұрап бірнеше рет хабарласқанымызда ақпарат бермей ат-тондарын ала қашты. Сын мақала шыққан соң барып денсаулық сақтау басқармасы факс арқылы мәлімет жолдапты. Басқарма бастығы шиырып қол қойған, қаптаған цифрлар келтірілген сала құлаш мәліметте біз дабыл қаққан мәселе төңірегінде жақ ашпапты. Тек былтырғы көрсеткіштерді ұсынумен шектелген. Ал аналар өлімінің асқынуы биыл басталды емес пе? Облыстағы ақ халаттылардың абырой-беделіне сын сағат туып тұрған тұста жүйелі сөз, байыпты түсіндіру күткенбіз. Ендеше басқарма бастығы Жұмағали Исмаиловтың мұнысы шынымен шатасу ма, әлде шындықты айтудан, жауапкершіліктен жалтару ма? Күлбілтелемей турасына көшсек Жұмағали Исмаилов үшін жұрттың тағдыры ойыншық па? Атам қазақ «қолмен істегенді мойныңмен көтер» демей ме? Ол болса ана өліміне байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің пәрменімен қарамағындағыларға шетінен шара қолданылып жатқанда өзі судан таза, сүттен ақ болып, тіпті ескерту де алмағанына арланбағаны қайран қалдырады. Тарқатып айтайық...
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова таяудағы республикалық штабтың кезекті отырысын еліміздегі ана мен бала өлім-жітіміне арнап, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы ахуал туралы мәселелерді тыңдаған болатын. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке жүгінсек, жағдайды талдау нәтижесінде жүкті әйелдердің білікті медициналық көмекке кеш жүгінгендері, өздігінен ем қабылдау салдары, ал бір жағдайда жүкті әйелдің туыстарының науқасты стационарға емдеуге жатқызудан бас тартқаны анықталған. Қысқаша мазмұнын айтсақ оңтүстік өңірде ана өлімінің өршуіне негізінен марқұмдардың өздері кінәлі. «Өлген адам сөйлемейді, дауласа алмайды» деген күпіршілік ойлары да болған шығар. Алайда олардың қайғыдан қан жұтқан туысқандарының, жанашырларының зарын тыңдап, ашынған жұрттың аузына қайдан қақпақ қоясың? Айталық...
Созақ ауданындағы ана өліміне байланысты бізге жолыққан туысқанының сөзінен ұққанымыз, Әжібаеваның өмірі қыршынынан қиылуына тікелей дәрігерлер кінәлі. Төртінші перзентін босануға толғатқан байғұс ананы жанашырлары медициналық мекемеге азанда әкелгенімен дәрігерлер оған түс ауғанда барып көңіл бөлген. Бұл уақытта бәрі кеш еді. Әйтеуір әупіріммен көрер жарығы бар нәрестесінің аман қалғанына шүкіршілік. Бірақ шиеттей төрт баланың шырқырып жылап, жетім қалғаны жүрегіңді ауыртады. Төле би ауданы Диханкөл ауылының тұрғыны Шолпан Қаменованың да төртінші перзентін аман-есен босана алмай шырағының ертерек сөнгеніне дәрігерлерді айыптауға әбден болады. «Жас Алашта», «Рейтингте» бұған дейін жарық көрген әкесі Раманқұлдың әңгімесін еске түсірсек, дәрігерлер қызына дұрыс диагноз қоя алмай әр алуан ем қолданып жанын, тәнін аяусыз қинаған. Ал бас дәрігердің орынбасары сын сағатта удай мас болып жүргені, елдің көзінше еденге құлап түскені шектен шыққан сорақылық қой.
Қайғылы оқиғалар бірінен кейін бірі осылай өрбігеніне қарамастан «оңтүстіктегі ана өліміне негізгі кінә--жүкті әйелдердің өзінен» деген қорытынды жасалғаны өкінішті-ақ. Министр Салидат Қайырбекова ханымның ана өлімінің қайғысын қалай түсініп, қалай бағалайтыны қайран қалдырады. Жалпы Қайырбекова қайғыны ұғатын, қайғыра білетін адам ба өзі? Ана өлімінің өршуін сараптаған республикалық жиынның қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловқа ең болмаса ескерту берілмегені елден ұят-ақ. Өзі судан таза, сүттен ақ болғанымен қарамағандыларды жазадан құтқарған жоқ. Дәлірегі...
Төле би мен Мақтаарал аудандық емханаларының және Шымкенттегі отбасылық-дәрігерлік амбулатория басшылары жұмыстан босатылды деген ақпар айтылды. Алайда бұл үш бас дәрігердің де ана өліміне тікелей қатысы жоқтығына қарамастан неліктен жұмыстан босатылғанын түсінбедік. Сонда Жұмағали Исмаилов жалған ақпарат тарататын үйреншікті әдетімен министрліктегілерді де, жұртты да тағы алдауға көшкені ме? Бір ғана мысал. Шолпан Қаменова сорақы тірліктері сынға іліккен Шымкенттегі жедел-жәрдем ауруханасындағы ажал тырнағына ілінді. Солай бола тұра басқа жақтағы ауруханалардың бас дәрігерлері қызметімен қош айтысатыны қалай? Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, облыстың акушер-гинекологы, сонымен қатар қалалық, облыстық ауруханалар мен емханалардың жеті бірдей бас дәрігеріне қатаң сөгіс жарияланған. Қарамағындағылар жұмыстан босап, қатаң сөгіске «көміліп» жатқанда басқарма бастығы тым болмаса «ескертуді» «сұрап» алса да болар ма еді...
Сіз не дейсіз?
Анатолий Цой, Мақтарал аудандық емханасының бұрынғы бас дәрігері
«Қатысым жоқ болса да қызметтен кеттім»
- Сіздің бас дәрігерлік қызметтен қуылғаныңыз жайлы ақпарат рас па? Оның ана өліміне қатысы бар ма?
- Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Менің ана өліміне ешқандай қатысым жоқ. Бар болғаны өз еркімнен қызметтен кетуім жайлы арыз жазуымды сұрады. Мен орындаушы адам ретінде арызға қол қойдым. Ал Абай ауылында орын алған жағдайға келсем, бір әйел кесареводан соң үйіне шығарылды. Үшінші күні қайтыс болды. Оның себебі мүлдем басқа, яғни суицид. Себебі, барлығы осыны көрсетіп отыр. Ал суицид фактісі ана өліміне кірмейді. Сондықтан, ана өлімі деуге ешқандай негіз жоқ.
- Демек, сіз қызметтен қуылған жоқсыз, тек өз еркіңізбен арыз жазып шықтыңыз ғой?
- Ия, солай. Соңғы кездері белең алған даулы мәселелер, ана өлімінің көбейіп кеткеніне байланысты шығар, жоғары жақтан қоңырау соғып «арыз жазыңыз» деді. Мен жаздым.
- Яғни, соққының барлығын өзіңізге алдыңыз ба?
- Енді, басшылықтағылар айтса, оны қалай орындамаймын?
- Қазір жұмыссыз жүрсіз бе?
- Неге? Осы мекемеде бас дәрігердің медициналық қызмет көрсету сапасы жөніндегі орынбасары қызметіндемін.
Қожахмет Арғынбаев, Шымкент қалалық №3 отбасылық-дәрігерлік амбулаториясының бұрынғы бас дәрігері
«Басқа жұмысқа ауысуымның ана өлімімен байланысы жоқ»
- Сіздің қызметтен кеткеніңіз рас па?
- Оны не үшін сұрап отырсыздар?
- Сізді ана өлімі жағдайына байланысты қызметтен кетті деп естіген едік.
- Жоқ, мен өз еркіммен кеткенмін. Әуелі менде ана өлімі болған да деп сұрамайсың ба?
- Соны сұрап отырмыз ғой.
- Е, міне, дұрыс. Жоқ-жоқ, менде ана өлімі мүлдем болмаған. Ондайдан ешқандай хабарым жоқ.
- Құпия болмаса не үшін кеттіңіз қызметтен?
- Мен өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істеуге қалалық туберкулезге қарсы диспансеріне ауыстым, қазір осында фтизиатр болып жұмыс істеп жүрмін.
- Арызды қашан жаздыңыз?
- 2-ақпан күні. Өз еркіммен кеттім, менде ешқашан ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс дегендер болған емес. Мен №3 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны басқарғанмын. Менде әйелдер тумайды, екіқабат әйелдер тіркеуде тұрмайды. Барлығы №2 емханада қаралады. Менде әйел өлмеген.
Ғалымжан Елшібай