София Ротару Шымкентке не үшін келмеді?

Oinet.kz 05-06-2009 1092

inx960x640.jpg

Біраз уақыт болды, теледидар арқылы әлемге әйгілі София Ротарудың Шымкентке келіп ән салатыны жөнінде жарнама жүрді. Сол күні таза суға көмек ретінде деп түсіндірілген лотереялық билеттің де ұтыс ойыны өтетіні жөнінде хабарланды. Ұтысқа Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер, «Тойота Лэнд Круизер», «Тойота Камри», «Тойота Корола», «Мерседес», секілді бірнеше темір тұлпардың төрелері түсетіні төрдегі көк сандықтан күн сайын қайталанды. Концерттің құны 4000 теңге. Ал стадионның алдыңғы, яғни сахнаға жақындау тұсынан арнайы орналастырылатын орындардың құны 10 000 теңгеге дейін баратыны алдын-ала айтылды. Ал лотерея билеті 5000 теңгеден сатылды. Бір ескеретіні, лотерея алған адам концертті тегін тамашалайды.  

Жарнамада жарияланғандай, София Ротару маусымның 4-жұлдызы күні келетін болған. Айтылған уақыт мәреге жақындаған тұста күміс көмей әншінің келмейтіні көңілсіз жаңалық ретінде көпшілікке таралды. Себебі: билет сатылмай қалыпты. Бар болғаны 44 билет өткенге ұқсайды. Мұндай ақша, мұнша көрермен үшін Ротару нөкерлерімен сонау Киевтен ұшып келмесі анық. Айтқандай, концерт пен лотерея ойынын ұйымдастырушыларға қандай да бір сауалы бар азамат болса, 8-701-588-11-11 немесе 55-01-20 Сымтетігіне хабарласуға болатыны жөнінде жергілікті телеарнаның жаңалығында айтылды. 

Журналистік зерттеу жүргізу мақсатында айтылған «соткаға» телефон шалдық. София Ротарудың не себепті келмегенін білгіміз келетінін естіген арғы жақтағы әйел адам тұтқаны тастай салды. Келесі номерге хабарластық. Ол жерден лотерея билеттерінің әлі де сатылып жатқанын, оны ұйымдастырып отырған астаналық «Жібек» атты ЖШС екенін, маусымның 5-күні стадионда ұтыс ойыны ұйымдастырылатынын ғана білдік. Айтқандай, аталмыш серіктестіктің өкілі Маржан Сыздықованың да байланыс телефонын алдық. Ал Ротарудың неге келмегені жөнінен жылт еткен ақпар болған жоқ.

Концертті ұйымдастырушылардан толыққанды жауап ала алмағаннан соң өздігімізше ақпарат іздеуге көштік. Алдымен лотереяның ойнатылатынын теледидардан жарнамалаған белгілі сатирик Уәлибек Әбдірайымовпен хабарласқан едік. 

- Не болып жатыр, мен ештеңе де білмейді екенмін. Қазір Шымкентте емеспін, гастрольдік сапармен сыртта жүрмін. 

- Өзіңіз «Ауылға таза су» деп аталатын лотерея ойындарын жарнамалағаннан соң ол жөнінде бір білсе, сіз білетін шығар деп едік...

- Мен әу баста «жарнамаларыңа көмектесейін, жәрдемім сол болсын, одан кейінгісіне араласа алмаймын, уақытым да жоқ» деп түсіндіріп айтқанмын.

- Оны ұйымдастырушылардың кім екенін білесіз бе?

- Шынымды айтсам, жақсы да танымаймын. Ал мені олар таниды ғой. Астананың адамдары  секілді...

Келесі кезекте «Жібек» ЖШС-ның өкілі Маржан Сыздықовамен тілдестік:

-Лотереяны ойнатудағы негізгі мақсаттарыңыз не болды?

- Лотерея ойнатуға деген барлық құжаттарымыз заңды, лицензиямыз бар. Ойыннан түскен қаржының 13 пайызы көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысының ауыз суға тапшы ауылына әкімшіліктің ұсынысымен су кіргізіп беру ойымызда болған. Қайырымдылық шарасы ретінде. Сметасын да шығарып қойғанбыз. 

- Бірақ, оның жүзеге асуы қиындау болып отырған секілді, алдын-ала жоспарлап алу керек пе еді?

- Әрине, бізде жоспар болды. Шымкенттің халқы лотерея ойнауға жақсы үйренген дегеннен соң осында ұйымдастырғанды жөн көріп едік. Ақпар жалған болып шықты. Мұндағы жергілікті тұрғындар бұған дейін де лотереядан қатты алданғанға ұқсайды. 

- Лотерея ойнату барысында үлкен концерт ұйымдастырылып, София Ротару келеді делініп еді. Концерт неге өтпей қалды?

- Билеттердің сатылмай қалуына ауа райының қолайсыздығы көп себеп болды. Күн сайын жауын жауып кетті. Бұл туралы олар да хабардар болып отырыпты. Билеттің қалай өтіп жатқанын бізден олар күнделікті сұрап отырады. Концерттің басталуына 2-3 күн уақыт қалғанда 44 билет қана сатылғанын жасырмай айттық. «Біздің тәжірибемізде мұндай жағдай кездеспеген» дейді олар. Ал біз көрермен жинай алмайтынымызды сездік. Өйткені, стадионда отыз түрлі тесік бар екен. Оны бітеу үшін стадионды қайта соғып шығу керек. Жабық түрдегі ғимаратта өткізуге де ұсыныс түсті. Алайда, онда орын аз, концерт өткізген жағдайда Ротаруға беретін гонорардың 10 пайызын да шығара алмайтын едік. Амал жоқ тоқтаттық.

- Алдын-ала жарнамада қазақстандық әншілер де өнер көрсетеді деп еді, олар келеді ме?

- Келмейді, концертті толығымен кейінге қалдырдық. 

- Жақында сол стадионда бокстан жарыс өткенде, жанкүйерлер көп жиналды ғой.

- Шымкентте солай екен. София Ротаруды көп түсіне бермейтінге ұқсайды. Шымкенттіктерге бәлкім жергілікті эстрада жұлдыздары ұнайтын болар, мүмкін боксты жақсы тамашалайтын шығар, бірақ, Ротаруға аса көңіл бөлмеді. Мәселен, «МузАРТқа» билет 8 мың теңге болса да өтеді, ал Ротарудың 4 мың теңгелік билеті өтпеді. Демек, Шымкентке Ротару керек емес деген сөз. 

- Шымкенттен басқа жақта ұйымдастырса қалай болар еді?

- Ротаруға белгілі бір мөлшерде алдын-ала төлем жасап қойдық. Енді ол ақшаны біз кері қайтара алмаймыз. Сол себепті Президенттің туылған күні қарсаңында Астанада концертін ұйымдастыру ойымызда бар. Концертті Шымкентте ұйымдастырамыз деп көптеген шығындарға тап болдық. Оны айтып берейін бе?

- Негізгілерін ғана тоқталсаңыз болады

- 500 мың теңге стадионға, 8 000 доллар музыкалық аппаратуралдарды жалдауға, сахнаға, алдын-ала жарнамалау үшін кемінде 3 миллион теңге жұмсалды, Украинадан Ташкентке дейінгі келу жол шығыны 1 миллион 300 мың теңге... Бұл негізгілері ғана. Лотерея билеттерінің құны осы шығындарды да жаба алмайын деп тұр. 

- Қазірдің өзінде бұл көріністі халықты алдаушылардың іс-әрекеті деп айыптаушылар табылуда. Сіз не дер едіңіз?

- Әрине, оған таңқалмаймын. Бірақ, бұл дәлелсіз айыптау. Халық өзі жиналады, көреді. Концертке билет сатып алғандардың ақшасын қайтарып береміз...

Маржан Сыздықованың шымкенттік көрермендерге, өнер сүйер қауымына қатысты айтқан пікіріне орай осы салада еңбек етіп жүрген маман, «ACD рекордс» студиясының директоры Нұрбек Енжановты сөзге тарттық:

- Әрине, қазір халықтың жағдайы қиындау екені рас, бірақ, Ротарудың өнерін тамашалағысы келетіндер қатары аз болмайды деп ойлаймын. Тек ұтымды ұйымдастыра білу керек. «Бір көрсем екен» деп армандап келе жатқандар қатары қаншама. Шымкент қаласының өзінде ғана миллионға жуық халық бар, 44 билет қана өтті деу қисынсыз. Тіпті, 1000 билетті де қиналмай өткізуге болады. 

Әрине, мұның бәрі осындағы, яғни Шымкенттегі әңгіме. Ал шын мәнісінде осы концерттің ұйымдастырылғалы жатқанын Ротарудың өзі, продюсерлері білді ме екен? Мүмкін, өзді-өздімізбен болжам жасап, алыстағы сағымды айналып жүрген болармыз? Бұл кез-келгеннің санасын сығалайтын сауал болғандықтан, мұны да ескеріп, София Ротарудың Мәскеудегі, Киевтегі өкілдерімен байланыстық. 

Игорь Курилев, Ротарудың ресми өкілі (Киев):

- Иә, Ротару Шымкентте концерт өткізу керек болатын. Нақты себебін білмедім, мүмкін Ротарудың Шымкент стадионында өнер көрсететініне жергілікті тұрғындар сеніңкіремеді ме, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір билет сатылмапты. Бар болғаны 50 шақты ғана билет өткенін естідік. Ондай жағдайда қалай барамыз? Қолымызда, тіпті, билет те дайын еді. Бізге өте байсалды азаматша келді. Аты Алтынай. Мен онымен екі күн бойына әңгімелестім. Ұсыныстары көңілге қонымды. Бірақ, іске аспады. Бізді Шымкентке баратын жол билетімен ғана қамтамасыз етті. Басқа ешқандай да алдын-ала төлемақы берілген жоқ. Қазір тек сенімді әрекеттерге ғана бару керек. Мүмкін Алтынай тәртіпті қыз шығар, оны білмедім, бірақ жас қыз өзі шыға алмайтын белеске талпынды деп ойлаймын. Мен одан «бұрын мұндай концерт ұйымдастырып па едіңіздер» дегенімде «жоқ» деп жауап берді. Соңынан ата-аналары да хабарласып, осылай болғанына қынжылып, қайта-қайта кешірім сұрады. Сабырлылық сақтағаным үшін рахметтерін айтты. Менің түсінгенімше, ол қыз концертті өткізіп, содан түскен ақшамен есеп айырысқысы келген секілді. Негізінде мұндай тәуекелге баруға болмайды. Кәсіби мамандар алдымен өз қаражатын салады, содан кейін ғана пайда тапса тапты, таппаса өз көңілі өзінде. 

- Осындай оқиғадан кейін Ротарудың беделіне нұқсан келмеді деп ойлайсыз ба?

- Егер де «концерт София Ротарудың кінәсінен өтпей қалды» деген ақпарат тарайтын болса үлкен қолайсыздыққа тап болатындықтарын қатаң ескерттім. Тағы да айтамын, бұл концерттің өтпей қалуында София Ротарудың ешқандай кінәсі жоқ.

Астаналық «Жібек» ЖШС-ның лотерея билеттерін сатып, одан түскен пайданың бір бөлігіне ауыз судан тапшылық көріп отырған бір ауылға көмек қолын созғысы келген қайырымдылық ниеті жөнінде облыс әкімдегілер бейхабар екен. Ротарудың өкілдері мен Н.Сыздықованың, облыстық әкімдік өкілдерінің сөздерінде сәйкессіздік жиі сезіледі. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін уақыт көрсетер.  

Міне, Ротарудың концертіне қатысты болған оқиға барысы осы. Бірақ, әлі де бір түсінбейтініміз неліктен әлемге әйгілі әншілер шетінен Шымкентке келуге құмар? Әлде керісінше, шымкенттіктер әлемге әйгілі әншілерді шақыруға ынтық? Ротаруды Шымкентке әкелгісі келгендердің өздері енді шымкенттіктерге Ротару керек емес екен деп отыр. Бұдан бұрын да Шымкентке кімдер келмеді десеңізші! «Хай-фай», «Иванушки Интернэшнл», «Ума Турман», «Мираж», «Витас», «Глюкоза», тіпті көрші Өзбекстаннан «Ялла» тобы, Юлдуз, Азиза, Шахноза секілді әншілер де жиі төңіректейді. Бірақ, мұның барлығын да шын көңілмен келіп, ынты-шынтысымен өнер көрсетіп кетті деп толық айта алмаймыз. Мәселен, «Иванушки Интернэшнл» сонша жиналған халықты бір-екі әнімен алдап кетсе, бір қалада өзін «Ласковый майдағы» Юрий Шатуновпын деген алаяқтың қулығы ашылып қалып, көрермендердің жұдырығынан әрең құтылып шыққан оқыс оқиғаларды да есітіп жатамыз. Сонда алаулатып-жалаулатып өткізетін концерттер кімге пайда әкелуде? Біздіңше ортадағы продюсер мен әншінің ғана жеке қалтасына жұмыс істейтін секілді. Халыққа көңіл-күй, серпін сыйлайыншы деген ешкімді байқамадық. Халықты өнермен қауыштырғымыз келсе, қазақстандық өнерпаздар да жеткілікті емес пе?     

 


Күл-қоқыстың орны бау-бақша болды
Банктер де заңсыздыққа барады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу