Банктер де заңсыздыққа барады
Қазір сотта несиені негіз еткен талап арыздар толып жатыр. Талапкер жақ, әрине, банк. Бір кездері сыйлығымен бүлдіршіндердің сүйіктісіне айналған Аяз атадай несиені оңды-солды үлестіре берді. Үлкен пайызбен. Қазір сол шашқан дүниесін жинай алмай әлек. Дағдарыс халықтың төлем қабілетін төмендетіп жіберді. Енді банк не істейді? Әрине, сотқа береді, коллекторлық қызметтің құзырына өткізіп жатыр. Екі ортада халық зардап шегуде. Несиесін төлеу алмай, өзіне-өзі қол салып жатқандар да аз емес. Алайда, барлық жағдайда банктің жүрісі дұрыс, іс-әрекеті заңды ма? Жоқ. Банктің бүйірін толтырып отырғандар да робот емес, адамдар. Демек, олар да қателеседі, пенделікке жол береді. Сол себепті банк тарапынан тұтынушы құқын бұзса, неліктен сот арқылы қалыпқа келтірмеске?
- Жақында банкпен арадағы келеңсіздіктерге қатысты үш бірдей азаматтық іс қарадым, - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ерлан Мәуленқұлов. – Үш іс бойынша да тұтынушылардың талап арыздары дәлелін тауып, қанағаттандырылды. Тұтынушылардың көпшілігі «банктің қателесуі мүмкін емес, соттассақ жеңілеміз» деген түсінік қалыптасқан. Алайда, банк те қателеседі. Олардың іс-әрекетіне қатысты шағымым нәтижесіз аяқталады деген теріс түсініктен арылған жөн. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, заңсыздыққа жол берген жақ тиісті жазасын алып, келтірілген шығынның орнын толтыруы тиіс.
Судья Ерлан Жеңісбекұлының айтқан үш ісіне назар салып көрелік. Облыстық мамандандырылған экономикалық сотына азаматша Г.Акулова шағымданады. Шағымданушы «БТА Банк» АҚ-ына кепілге қойылған «Алтынай» мейрамханасын 19.07.2007 жылғы сатып алу-сату келісім-шарты бойынша 79 134 735 теңгеге сатып алады. Сауда банк қызметкері Б.Келдібековтың ұйымдастыруымен өткізілген. Алайда, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотымен 2008 жылдың 25 қыркүйек күні аталған нысанның егесі А.Тушевтың талап-арызы негізінде «БТА Банк» АҚ мен сатып алушы Г.Акулованың арасындағы келісім-шарт заңсыз деп шешіледі. Осыған орай сот «БТА Банк» АҚ-ына аталған қаржыны қайтаруды міндеттейді. Ал бұл соманы Г.Акулова «Алтынай» мейрамханасының өзін кепілге қою арқылы «Қазақстан Халықтық Банктен» 86 250 000 теңге несие алған екен. Бұл келісім-шарт та автоматты түрде күшін жойды.
Сот шешімінде сауданы ұйымдастырушы Б.Келдібековтың іс-әрекетінде заңсыздыққа жол берілгені айтылған. Ал бұл банк басшылығының тікелей тапсырмасы болған.
Мейрамхананы сатып алу үшін «Қазақстан Халықтық Банк» АҚ-нан 2008 жылдың 26 тамызында, яғни талапкер А.Тушевтің арызын қарау басталған тұста кәсіпкер Г.Акулова үстеме пайызымен қосқанда 89 893 516,61 теңге берешек болған. Осы кезге дейін, дәлірегі 2007 жылдың тамызы мен 2008 жылдың мамыры аралығында 11 491 900 теңге несиесін төлеген-ді. Г.Акулова несие алар кезде аталған мейрамхананы сатып алатынын көрсеткен. Ал «БТА Банк» АҚ басшылары болса клиентінің жеке шешіміне, дәлірек айтқанда несие алғаны үшін банктің жауап бермейтінін алға тартады. Бірақ, банк сауда-саттық өткізбегенде Г.Акулова да несие алмаған болар еді ғой. Демек, бұл іске банктің тікелей қатысы бар. Талапкер мейрамхананы сатып алу барысында өзге де шығындарға тап болған. Мәселен, валютаның курстық айырмашылығы үшін 400 мың теңге төлеген. Несиені алу үшін 42 750 теңгеге мүлікті сақтандырған. Сондай-ақ, мүліктің өзін сақтандырғаны үшін 313 440, клиенттің өмірін сақтандыру үшін 250 130, есеп шот ашу үшін 1000, аударуға 1000, қайта есептеу және банкілік купюрларды қаттау үшін 21270 теңге төлеуге мәжбүр болған. Мұның барлығының да тиісті құжаттары бар. Бұдан бөлек әлгі алған мейрамханасы үшін 129 873 теңге мүліктік және жер салығын төлеген. Жалпы алғанда талапкеге 102 546 879,61 теңге залал келген. Мұның 79 134 735 теңгесін соттың шешімі негізінде қайтарған. Бұл нысанды сатып алғаны үшін банкке құйған ақшасы ғана. Сол себепті бүгінгі таңда талапкерге қайтарылуы тиіс нақты шығынның көлемі 23 412 144 теңгеге тура келіп тұр. Сонымен бірге талапкер моралдық шығын ретінде 5 миллион теңге өндіруін талап еткен.
Сот істің анық-қанығын қарап, талапкерге 23 412 144 теңге материалдық шығыны мен сотқа талап арыз түсіргендегі кеткен 234 121 теңге шығынын өтеуге шешім етті. Бұған банк келіспей облыстық сотқа аппеляциялық негізде арыз түсіреді. Аппеляциялық коллегия істі жан-жақты зерттеп, бірінші сатыдағы соттың шешімін өз күшінде қалдыруды ұйғарады.
Екінші жағдай. 2008 жылдың 26 қарашасы күні «Saulet Enbek» ЖШС құрылтайшыларының өзгеруіне байланысты қайта тіркеуден өтеді. Бұл жөнінде қызметін пайдаланатын барлық банктерге қосымша құжаттарымен бірге хабарлайды. Оның ішінде «АТФ Банк» АҚ да бар болатын. Алайда, бұл банк өкілдері хабарламаны келесі жылдың 12-қаңтарында ғана алғанын алға тартып, кіріс бұрыштамасын көрсетеді. Ал талапкер жақ дәлел ретінде банкке тапсырылған хаттың екінші данасының төменгі жағындағы банк қызметкері Э.Гаппарованың 22.12.2008 жылы қабылдап алғанын растайтын қолы қойылғанын көрсетеді. Сот мәжілісінде Э.Гаппарова сол күні серіктестіктің жаңа құжаттары мен жаңа қол үлгісін хабарлаған арызды қабылдағанын мойындады. Э.Гаппарова бұл құжаттарды алғаннан кейін мекеменің заңгеріне көрсеткен. Заңгер құрылтайшылар шешімінің көшірмесі нотариалды түрде куәландырылу қажеттігін ескерткен. Ал Э.Гаппарова бұл жөнінде аталған серіктестік директорының орынбасары М.Бекембаевқа телефон арқылы келесі жылдың 12-қаңтарында ғана хабарлаған. Осы уақытта ғана кеңсеге тіркеу үшін жолдаған. Осы жайттан кейін «АТФ Банк» АҚ филиал директорының бұйрығымен Э.Гаппароваға ескерту берілген. Осы келеңсіздіктің салдарынан 2008 жылдың 30-желтоқсан күні банк серіктестіктің бұрынғы директорына 725,0 мың теңге беріп жіберген. Сыныққа сылтау іздеген банк қызметкерінің «көшірме нотариалды куәландырылуы керек» деген уәжі ережеге сай келмейді. Осы кемшіліктері үшін банкке серіктестіктің 725 мың теңге шығынның орнын толтыруға шешім етті. Суға кеткен тал қармайды демекші, өз кемшілігін мойындағысы келмеген банк облыстық соттың аппеляциялық коллегиясына арызданғанымен, бірінші сатылы соттың шешімі өз күшінде қалдырылды.
Үшінші жағдай банктың теспей соратын тәсілін әшкерелеп берді. Жеке кәсіпкер, яғни талапкер Е.Исманов пен «АТФ Банк» АҚ-ның арасында 120 ай уақытқа 360,0 миллион теңге несие беру жөнінде келісім-шарт түзіледі. Бұл үшін тұрғын емес нысан кепілге қойылады.
Келісім-шарт негізінде Е.Исмановқа банк несиенің алғашқы бөлігі ретінде 3,1 миллион теңге беріледі. Алайда, аталған қаржыдан несие беру жөніндегі арызды қарағаны үшін жалпы соманың 0,5 пайызы көлемінде комиссия ұсталынып қалады. Бұл 1,8 миллион теңгеге тең. Сонда несие алушының қолына бар болғаны 1,3 миллион қаражат тиеді. Алайда, банктің Бизнес Дирекциясының шешімімен Е.Исмановты әрі қарай қаржыландырудан бас тартылады. 360 миллион теңгенің комиссиясы ұсталып қалса да. Талапкер аған несиенінің қайтарымын 2008 жылдың 25 тамызында толығымен төлеп бітеді. Бұл туралы банктің де анықтамасы бар. Несиесін төлеп біткесін талапкер тамыздың 28-і мен қыркүйектің 8-күндері кепілге қойған затын кепілден алып, құжаттарын қайтаруды өтінген. Несиеден құтылған жағдайда кепілге қойылған зат қайтарылуы тиіс болса да бұл өтініш банк тарапынан ескерусіз қалады. Сот осы заңсыздықты назарға алып, талапкердің нысанды кепілден босатуын сұранған талап арызы қанағаттандырылды. Аппеляциялық сатыда қаралған бұл іс бойынша алғашқы шешім өз күшінде қалдырылды.
Міне, банк тарапынан осындай былықтар орын алуда. Банктердің мұндай жауапсыздығы өздерінің абырой-беделіне нұқсан келтіріп, клиенттер сеніміне сызат түсіргенімей қоймай, қанша адамды әуре-сарсаңға салары, құқын бұзатыны сөзсіз. Бұл бәсекелестік заңына да қайшы келетін келеңсіздік.
Шадияр Мекенбайұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы