Күл-қоқыстың орны бау-бақша болды

Oinet.kz 29-05-2009 1082

2373d500f2cb224efb3b02fef38b3d76a0d1fa2f.jpg

Түркi тiлдес халықтардың рухани ордасы – Түркістанның қасиеті жайлы дуалы ауыздан қаншама уәлі сөз айтылды десеңізші! Елiмiздiң тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаев «Ендiгi басты мақсат—Түркiстан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани, ғылыми және сауда-экономикалық орталық ретiнде одан әрi абаттандыру болып табылады” деп атап көрсеткенiнiң өзi көне шаһардың көркiн жайнатуды меңзейдi.

Әрине, Елбасымыздың назарындағы бұл қаланы көркейту бiлiктi де, iскер басшының ғана қолынан келетіні түсінікті. Сол үкiлi үмiт -- қасиеттi өңiрдiң көшiн бастау осыдан бiр жыл бұрын Бейбiт Шалдарұлы Сыздықовқа артылып едi.

Бейбіт Шалдарұлы жұмысты неден бастады? Бірінші кезекте қаланың инфрақұрылымын дамытуға назар салған әкім бұл бағыттағы жұмысын бірнеше бағытта жүргізуге байлам жасапты. Бірінші бағытта 19 жыл бойына жылусыз отырған қаланың 1 және 2-мөлтекаудандарындағы көпқабатты үйлерді жылытатын жылыту қазандығының құрылысын бітіру ісі тұрды. Облыстық құрылыс басқармасының өткізген конкурсында ұсынылған қаражаттан 140 миллион теңгеге төмен көрсеткішпен жеңімпаз деп танылған «Бейбіт-Құрылыс» ЖШС-ның аяқ алысы ә-дегеннен-ақ сезіліп қалған сыңайлы. 

- Негізінде құрылыс жұмыстары 2007 жылы басталуы тиіс еді, - дейді қала әкімі Бейбіт Сыздықов. – Ал мен 2008 жылдың мамыр айының соңында әкімдік қызметіне кірістім. Осы уақытта әлгі серіктестік құрылыс жұмыстарын жаңадан бастағанына қарамастан 650 миллион теңгені жаратып үлгеріпті. Кейіннен бұл ЖШС өзінің шамасын сезді ме, әйтеуір жарты жолдан тоқтап қалды. Амал жоқ, бірқатар кәсіпкерлердің басын қосып, қаржысы бар жігіттердің қолдауына сүйенуге тура келді. Соның арқасында ақпан айының басында 19 жылдан бері тамырына қан жүгірмеген қазандықты іске қостық. Ал мердігердің берешегі бүгінгі таңда 200 миллион теңгеге жетіп қалды. Сасқан үйрек артымен сүңгиді демекші, мердігер компания енді өзімізді кінәлі етудің амалын қарастыруда. «Пәре бергенбіз» дегенді айтып жүр. Біз ешкімнен ешқандай пәре алған жоқпыз. 

Қазандықтың кұрылыс жұмыстарын жүргiзу үшiн жасалған жобаның бiршама кемшiлiктерiне байланысты әзiрге аталмыш орталықтағы бiр ғана қазандық iске қосылған. Енді оны аяқтауға тағы 451 миллион теңге қаржы қаралды. Осы қаражатқа қайта ашық конкурс өткізіп, басқа мердігердің жауапкершілігіне жүктемесе, «Бейбіт-Құрылыс» ЖШС сенім үдесінен шыға алмай отырған жайы бар. 

Басым бағыттардың бірі ретінде қаралып отырған ауыз су да күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе болатын. Облыстық бюджеттен бөлiнген 129,1 миллион теңгеге қаладағы ескiрген су жинақтау қондырғыларын (водозабор), көмiлiп қалған су сақтағышы мен мөлтекаудандардағы жарылып жатқан су құбырларын ауыстыруға және ең маңызды аймақтардағы скважиналарды жөндеп, халыққа молынан ауыз су беруге қол жеткiзiлдi.

Қала сыртындағы айналма жол бойы кезінде күл-қоқыс тастайтын орынға айналған-тұғын. Жыл санап тұрғындар санының өсуiне байланысты жаңа құрылыстар бой көтеріп, қала аумағы 14 мың гектарға дейін ұлғайды. Осыған орай көпшiлiктiң наразылығын тудырған 33 гектар алқапты алып жатқан қоқыс тастайтын аймақты бау-бақшаға айналдыру мақсатында 7 мың түп жемiс ағаштары отырғызылды. Қазiргi таңда күл-қоқыс орнындағы бау-бақшаны көркейту «Тазалық және жарықтандыру» мекемесiнiң еншiсiнде. Бұл бастаманың ұйымдастырушылары ендігі кезекте бақша дақылдарын молайтуға арналған субсидия алуға әрекет етуде

Қала орталығында орналасқан көшелердегi көлiк кептелiстерiн жою мақсатында «Бекзат» мөлтек ауданы арқылы Отырар ауданы бағытындағы үлкен жолмен байланыстыратын тас жол төселдi. Жалпы, 220 шақырым қажеттiлiктегi жолдың 143 шақырымына тас төселдi. Жаңа көшелердi электр қуатымен жабдықтау мақсатында биылдан бастап электр бағаналарын шығаратын «Үаssy transformer» ЖШС-i iске қосылған. Осы мекемемен келiсiм жасаған қала әкiмдiгi алдағы күндерi жеңiлдетiлген бағамен 20.000 дана бағананы сатып алып, аталған көшелердiң бойына орнатпақ. 

Осыдан екi жыл бұрын Түркiстанда тiрлiк жасауға ниет еткен «Alageum Group» компаниясының құрамындағы «Үаssy transformer» ЖШС жұмысын өткен жылы бастағанымен, бүгiнде 100-ге жуық жұмысшысы бар үлкен өндiрiс орнына айналған. 2011 жылға қарай жұмысшылар саны 350-ге дейін жетеді деген болжам бар. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл кәсіпорын бағаналар шығарумен шұғылдануда. 

“Оңтүстiк” әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясының қолдауымен Түркiстандық шаруалардың қолын ұзартуға бағытталған көпсалалы жұмыс орындарының бiрi  -- “Түркiстан” сервистiк-дайындау орталығы (СДО) құрылған болатын. Нұрлан Шерханов басшылық ететiн орталықта бүгiнгi күнi жалпы құны 10 миллион теңгенi құрайтын, сыйымдылығы 10 мың тонналық көкөнiс-жемiс қоймасы iске қосылды. Ол қала халқына, республикамыздың өзге де өңiрлерiндегi тұрғындарды ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен төменгi бағада қамтамасыз ету мақсатында салынған. Мұнда әзірге 52 адам тұрақты жұмыс iстейдi. Болашақта жұмысшылар саны бұдан әлдеқайда артуы тиіс. Сонымен қатар түркиялық «Ай-Сер» фирмасы мен “Түркiстангропродукт” селолық тұтыну кооперативi бiрлесiп құрған макарон фабрикасы iске қосылды. Фабрика директоры Б. Анарметовтың айтуына карағанда сметалық құны 160 миллион теңгенi құраған жобаның пайдасы мол. Мұнда 28 адам жұмыс iстеуде. Тәулiгiне 16 тонна макарон өндiрiледi. Өндірілетін 12 түрлi макаронның 1 келiсiнiң құны бар-жоғы 90 теңге. Бұл базар нарқындағы ең төменгi көрсеткiш.

Соңғы кездерi тiрлiгi жанданып, облысымыздағы мақта кластерiн дамытып, жаңашылдығымен көзге түсiп келе жатқан X. Азимов басқаратын iрiленген «Тұран» шаруа қожалығы биыл мақта алқабын тамшылатып суаруды 450 гектарға ұлғайтпақ. Қазірдің өзінде 152 адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Ал Ескi Иқан ауыл округiндегі Ү.Маннатовтың 75 соттық жылыжайындағы қызанақ саудаға шығуға дайын тұр.  

Қала әкiмi Б. Сыздықовтың айтуына қарағанда, экономикалық дағдарыс кезiнде, яғни 2009 жылы қала бойынша еңбек рыногында 14.907 адам жұмыспен қамтылуы тиiс және олардың белгiлi бiр бөлiгi әлеуметтiк қолдау шараларымен қамтамасыз етiлмек. Соның iшiңде «Жол картасы» бойынша барлығы 72 жоба бекiтiлген. 

Әрине, соңғы санақ қорытындысының жобасы бойынша 231,4 мың тұрғыны бар деп есептелген Түркістандағы мың сан шаруаны айналдырған аз уақыттың ішінде толық шешіп тастау мүмкін емес. Түбі бір түркі жұрты үшін екінші Мекке есептелетін Түркістанды үлкен туризм орталығына айналдыру қашаннан бергі арманымыз екені жасырын емес. Осы жолда бірқатар тірліктер де оңды шешімін тауып келеді. Дегенмен, Түркістанның мүмкіндігі бұдан әлдеқайда жоғары. Осы биікті бағындыру, Түркістанды түркі әлемінің шын мәнісіндегі орталығына айналдыру жолында тер төгіп келе жатқан азаматтардың тірлігіне сәттілік тілейік. 

Шадияр Мекенбайұлы

Жаннета Жазықбаева: «Ауру балалардың ақшасына талас-тартыс туғаны рас»
София Ротару Шымкентке не үшін келмеді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу