«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде. Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал, тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.
Еліміздің дамуымен мемлекеттік тіліміз де дамып, жетілдіріліп, жаңа деңгейге көтерілуде. Оны біркелкі қолдану мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері арасында осы бағытта бірлескен жұмыс жүргізіліп, ғылыми жұмыстар жазылуда. Мемлекеттік тілдегі заңнама мәтіні сапасының жақсара түсуі, көп терминдердің біркелкі қолданылуы осының нәтижесі. Алайда, мемлекеттік тіліміз заңнама аясында ғана қолданылып, көшелеріміздегі дүкендердің, зәулім үйлердің және сәулетті ғимараттардың, автобустардың және тағы басқа нысандардың жарнамаларында көптеген сауатсыздықтарға жол беріледі.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – еліміздің әрбір азаматының парызы. Елбасы айтқандай, біздің міндетіміз – замана ағымы, қоғамдық даму үрдісі әр кезде тілге, ұлт тілдерінің даму бағыт-бағдарына өз ықпалын жасамай тұрмайтыны белгілі. Енді елімізге қоғамдық өмірдің өзі тағы бір тарихи талапты тартып отыр. Ол – өз тіліңе қосымша шет тілдерін меңгеру. Бұл экономикалық, нарықтық қарым-қатынастың қатал талабына сай ұлт болмысын, әсіресе, өркениетке ұмтылар, бойында қуаты, жүрегінде оты бар жас ұрпақтың жан дүниесін түгел билеп ала бастаған жаңа құбылыс. Әрине, тіл білгенге, өз тіліңді біліп барып, басқа тілді меңгергенге не жетсін! Жаңа ғасырда жасайтын жас ұрпақтың тілге қатысты атқаруға тиісті үш абзал міндеті бар. Ол – ана тілін жетік меңгеру. Бұл оның елдігін, ұлттық қасиетін сақтап қалуының кепілі. Орыс тілін білу - көршімен қалыптасқан жақсы дәстүрлерімізді жалғастыра беруіміздің бір шарты. Ал шет тілін үйрену - әлемдік өркениеттен өз жолын таба білуіне мүмкіндік береді. Бірақ, қандай жағдай болмасын, қазақ баласы үшін ең басты міндет – ана тілі алдындағы перзенттік парызды орындау. Ана тілімізді құрметтеу халқымызды құрметтеу, халқымызды құрметтеу мемлекетіміздің нығаюына өз үлесін қосу болмақ. Ең маңыздысы ана тіліміздің байлығын өз кәдемізге жарата білуіміз.
Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі мемлекетіміздің нығаюына негіз.
Қазіргі кезде сот саласының қызметкерлері де іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге бетбұрыс жасауда. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады. Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет. Үкіметке барлық білім беру мекемелерінде жастардың осы құндылықтарды білуін қамтамасыз ету жөнінен типтік кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын», – деп айтылған.
Бұл тек қана мемлекеттік органдарға ғана емес, барлығымызға қатысты маңызды мәселе. Сондықтан, әрбір адам қазақ тілін қолданар кезде оған жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Атақты Мұхтар Әуезовке бір қандасымыз «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» – десе, ұлы жазушы «Тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық» – деген екен.
Ата-бабамыздан қалған асыл қазына - тілімізді сақтаудың тиімді жолы отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш, ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз.
Сапар Бәйтенов,
Бәйдібек аудандық сотының судьясы