Жанат Тәжиева. Ел болам десең бесігіңді түзе...

Oinet.kz 11-03-2019 1301

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады. Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет», - деген болатын.

image.png

Өткен жылғы Жолдауда да осы мәселеге арнайы тоқталып, 2020 жылы мектеп бітірушілер толығымен мемлекеттік тілді меңгеріп шығатынын айтқан-ды. Мұны еліміздегі балабақшалар мен мектептер тарапынан ендігі жерде тәрбиеленушілер мен оқушыларға мемлекеттік тілде берілетін тәрбие мен дәрісті күшейту керек деп түсінген дұрыс. Жер-жерлерде осы үрдіс белең алып келеді. 

Құдайға тәубә, өзге өңірлердегі секілді Шымкент қаласында да жыл санап мектепке дейінгі мекемелер саны, онда қаматамасыз етіліп отырған бүлдіршіндер қатары қосылумен келеді. Қазіргі таңда облыс орталығында мектепке дейінгі мекемелер саны 164-ке жетті. Оның 32-сі мектеп жанындағы шағын орталықтар болса, балабақшалардың 73-і мемлекеттік те, қалған 59-ы жекеменшік. 

Оңтүстік Қазақстан облысында қазақ тіліне деген құрмет те, қызығушылық та күннен-күнге күшею үстінде. Бұл қуанышты жағдай. Болашағымыз – балалар десек, мемлекетіміздің келешек тұтқасының иелері саналатын бүлдіршіндер үшін мемлекеттік тілді меңгеру өте маңызды. «Ел болам десең бесігіңді» деген даналық сөз бекер айтылмаған ғой. 

Қазақстанның болашағы қазақ тілімен баянды болмақ. Мұны Қазақстанды отаным деп есептейтін көптеген өзге ұлттың өкілдері де жақсы түсініп қалды. Соның арқасында ұл-қыздарын балабақшаның қазақ тобына беруші ата-аналар арта бастады. Мәселен, Шымкент қаласындағы мектепке дейінгі мекемелерде қазақ топтарының саны 525-ке жетсе, оларда тәрбиеленетін 15204 бүлдіршіннің 791-і орыс ұлтының балалары, тағы 1692-сі өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары. Демек, Шымкент қаласының өзінде осынша бүлдіршін болашақта қазақ тілін таза меңгеріп шығады деген сөз. 

Жанат Тәжиева, 

Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы

Оқушының сөмкесі мен киімі қандай болуы керек?
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу