345 миллион адам аштық зардабын тартып жүр

Oinet.kz 01-02-2024 572

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазір әлемде 345 миллион адам аштық зардабын тартып жүр. Cарапшылар азық-түлікке мұқтаждықтың өсуіне климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің бүлінуі және түрлі табиғи апаттар себеп болып отырғанын айтады. Сондай-ақ қарулы қақтығыстар кері әсерін тигізуде. 

Screenshot_4.jpg

Мысалы, 13 жылға созылған соғыстан азап шеккен Сирияда биыл аштық күшейеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылы бір тілім нанға мұқтаж тұрғындардың саны 13 миллионға жуықтауы мүмкін. Яғни, халықтың жартысынан астамы аш болады деген сөз. БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик ақпарат құралдарына берген сұхбатында Сирия халқына беріліп жатқан гуманитарлық көмек көлемі өте мардымсыз екенін айтты. 

– Уәде етілген 160 миллион доллардың 30-ақ пайызын алдық. Қыс мезгілінде тым құрығанда 2 миллион сириялыққа қол ұшын созсақ деп едік. Суданда 18 млн адамға аштық қаупі төнді. Суданда 10 айдан бері қақтығыс болып жатыр. Билікке таласқан 2 генералдың арасындағы жанжалдың кесірінен 12 мың адам ажал құшты. 8 миллионға жуығы босып кеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымы 18 миллион тұрғынға аштық қаупі төніп тұрғанын айтады. Астық 200 пайызға қымбаттаған. Бұдан бөлек, жүгері өндіру көлемі 25, ал тары өндірісі 50 пайызға қысқарды, – деді Стефан Дюжаррик. 

Ал, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі Осман Мұхтар Суданда гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдар саны 25 миллионнан асатынын, бұл әлемдегі ең ірі дағдарыс екенін мәлім етті. Оған басты себеп – қарулы қақтығыс. 

– Халықаралық қауымдастық тарапынан гуманитарлық көмек жеткізуге еш мүмкіндік жоқ. Қарулы топтар шабуыл жасап, қызметкерлерді өлтіруі ықтимал. Қақтығыс салдарынан қазір әлемдік геосаясаттағы ең үлкен қақтығыс ошағы Қызыл теңіз болып тұр. Йеменнің көп бөлігін басып алған хуситтер жүк кемелерін өткен жылдың қарашасынан бері атқылап келеді. Олардың мақсаты – Газа секторын талқандап жатқан Израильдің одақтастарына қысым жасау. Бірақ, бұдан ғаламдық экономика, оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласы зиян шегуде, – деді Осман Мұхтар. 

Қызыл теңіз арқылы жаһандық сауданың 12 пайызы өтеді. Бұл шамамен жылына 1 триллион доллар кіріс. Еуропа Азия мен Парсы шығанағы елдерінен шикізат пен түрлі тауарлардың 15 пайызын осы Қызыл теңіз арқылы тасымалдайды. Халықаралық «Кеплер» зерттеу ұйымы 1 миллион 600 мың тонна астық тоқтап қалғанын айтады. Діттеген жеріне жете алмай, орта жолда кедергіге тап болған өнімдердің арасында Үндістанның күріші, АҚШ-тың бидайы, Еуропаның ұны, Нидерландтың сүті мен Австралияның рапс тұқымы бар. Сарапшылар амалы құрыған компаниялар Африканы айналып өтуге мәжбүр екенін айтуда. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының өсуіне себеп болып отыр. Өйткені тасымал құны 70 пайызға дейін қымбаттаған. Жақында өткен Давос форумында Дүниежүзілік банк 2022 жылдың мамырынан бері жаһанда азық-түлік дағдарысымен күреске 45 миллиард доллар бөлгенін мәлімдеді. Бұл ақша 335 миллион адамның мұқтаждығын өтеу үшін 90 елге берілген. Оның 2 миллиард 750 миллион доллары Африкаға бағытталған. Бірақ, сарапшылардың мәлімдеуінше, қыруар қаражат азық-түлікке мұқтаж жандарға тиісті деңгейде жеткізілмей жатыр.

«Ордабасыға» бюджеттен 4, 3 млрд теңге бөлінді
ВВС: Ресей Өзбекстанның мақтасынан оқдәрі өндіруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу