Арыстан баб – пантеон емес: Аида Балаева Шахановтың аманатына қатысты мәлімдеме жасады

Oinet.kz 20-04-2026

84 жасында өмірден өткен Мұхтар Шахановтың қайда жерленетініне қатысты мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желілерде ақынның жұбайы Ханшайым Шаханованың хаты таралып, онда марқұмның соңғы тілегі Арыстан баб кесенесі аумағына жерлену болғаны айтылған еді.

image.png

Алайда кейін белгілі болғандай, халық жазушысы 21 сәуірде Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленеді. Бұл шешім қоғам арасында түрлі пікірталас туғызды.

Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  Azattyq Rýhy басылымына түсініктеме берді. Оның айтуынша, Арыстан баб кесенесі бүгінде тек зиярат орны ғана емес, мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени нысан әрі туристік бағытқа енген ерекше орын саналады.

Министр жаңа зират қазу бұл аумақта діни тұрғыдан да, адамгершілік тұрғысынан да дұрыс емес екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Алматы қаласының Мұхтар Шаханов өмірінде ерекше орны барын айтып, ақынның рухани ортасы осы қалада қалыптасқанын жеткізді.

Министрдің сөзінше, қаламгерді зиялы қауым мен халық жиі келіп зиярат ете алатын орын ретінде Кеңсай зираты таңдалған. Ақынның туыстары да бұл шешімге түсіністікпен қарайды деген сенім білдірілді. Сондай-ақ ол өз сөзінде ақынның туыстарына көңіл айтты. 

 "Елімізде Мұхтар Шахановтай тау тұлғаға мәңгілік мекен болуға лайықты жер көп. Десе де, бүгінгі еліміздің мұраты – әділетті қоғам құру болса, берекесі – сол қоғамда заң мен тәртіпті сақтауда. Бүгінде Арыстан баб кесенесі де, оны қоршаған ескі қорым да мемлекеттің қорғауындағы нысандар. Иә, бұрын зиярат ететін жер болса, қазір бұл – тарихи мұрамыз. Арыстан баб пантеон-зираты емес, ол ең алдымен үлкен мәдени-рухани орталық, туристік бағытқа енген тарихи-мәдени нысан. Сондықтан ол жерге жаңа зираттар қазу адами тұрғыдан да, діни тұрғыдан да дұрыс болмайды деп санаймыз. Ал Мұхтар ағамызды тұлға қылған, ортасын кеңейтіп, рухын шыңдаған қала, зиялылардың ортасы – Алматы қаласы. Сондықтан артынан іздеп, дұға жасайтын жамағат ұлыларын Кеңсайдан табады. Ақынның туыстары осы мәселеге түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз", - деді Аида Балаева.

Мысығының өлгені туралы контент түсірген Семей тұрғыны айыппұл арқалады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу