Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Бүкіл жұрттың назарындағы жер мәселесі талқылаудан түскен емес. Екеудің басы қосылған жерде таразыға салынып, әңгімеге арқау болады. Жер реформасы туралы комиссия отырысында көтерілген мәселелер мен айтылған пікірлерді де жұрт жіліктеп-жіктеп, көзқарасын білдіріп жатады. Батыс өңіріндегі шерулерден басталып, мароторий мен мамырда құқық қорғау орындарының «қырағылығын» сынаған мәселеден жұрт назарын басқа жаққа аудару әрекеттері де жасалып жатты. Соның бірі он соттық жер берілетіні туралы ақпарат тарату екенін айтушылар жоқ емес. Қарапайым халық алдына бару түгілі маңына жолай алмайтын «телохранителі» көп кәсіпкер Т.Төлешовтің шеруге шығушыларды қаржыландыруына қатысты айтылып жатқан айыпқа күмәнмен қараушылар да бар. Халықтың жерге қатысты сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін шыңдай түскен мәселе арқылы жұрт көп жәйтке қанықты. Мысалы, Оңтүстік жұрты Отырар ауданында, Төлеби ауданының тау бөктерінде арабтықтардың жері бар екенінен хабардар-ды. Алайда, ресми орындар ашып айтпаған соң ол жерлер туралы қауесет-әңгімелер көп еді. Қаншама гектар жерлердің жалға беріліп, қоршауға алынғанын және ол жерлерге кірудің мүмкін емесін енді бүкіл облыс жұрты біліп отыр. Оның өзінде де мардымсыз. Яғни, жалға беруден мемлекет қазынасына түсіп жатқан қаржы туралы, жалға алынған жерлердің күтім-ахуалы туралы ақпарат жоқ. Күні кеше Шымкент қаласының маңайындағы атшаптырым аумақтың қоршалып, жүздеген қытайлықтардың арнайы салынған баспаналарда тұрып жатқаны жергілікті басылымда жарияланды. Сондай-ақ, Сергей Терещенконың латифундист екенін шамалап білетін жұрт Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің 80 мың егістік жері барынан хабардар болды. Яғни, ақпараттар ашық айтылмаған соң, қазақтың жеріне қатысты құпия мәмілелер әлі де көп болуы мүмкін деген ойдың туындауы заңды.
Жер мәселесіне қатысты тақырыпта шешендер мен көсемдер, қызметтегілер мен «өз күнін өзі көріп» жүргендер айтып та, жазып та жүр. Бұл мәселе алаңдатын, заң-зәкүнді жақсы білетін азаматтар пікір-ұсыныстарын білдіріп те жүр. Қарапайым халықтың құлағы қашанда түрулі және барлық мәселе елдік, мемлекеттік мүддеге сай шешімін табатынынан үмітті. Ел сеніп әр сөзін «аңдып» отырған Жер реформасы бойынша жасақталған комиссияның төртінші отырысы Көкшетауда өтті. Комиссия отырыстарында түрлі пікірлер айтылуда, соның бір қатарын «коментарийсіз» қысқаша еске салғанды жөн көрдік. Яғни, пікір-ұсыныстың дұрыс-бұрыстығын бағамдау оқырманның өз еншісінде.
Қуаныш Айтаханов, сенатор:
Жалпы ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, мемлекеттік бағдарламаны жасауымыз керек. Осыған байланысты инвестиция салуымыз керек. Өзге елдермен салыстырғанда елімізде ауыл шаруышылығына салынатын инвестиция 50 есе төмен. Өзімізде өндірілетін көкеніс өнімдері ысырап болып жатыр. Жерді жалға кімге беру керек деген мәселені талқылайтын болсақ, Моңғолиядағы заң секілді шекаралас елдерге беруге болмайды дегім келеді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция басқа салаларға қарағанда 23 есе төмен. Ауыл шаруашылығын тиісті деңгейде дамыту агроөнеркәсіпті дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама құру керек. Ал бағдарламада ауыл шаруашылығы техникасын шығарудан бастап, оның өнімдерін өңдеп, дамыту, экспорттау мәселесін қарастыру ләзім. Бұл салаға бағдарламамен қоса тиісті инвестиция қажет. Түсініксіз жайттар көп әрине. Мәселен, ауыл шаруашылығына басымдық беретін жеңіл көлікті дамыту саласына неге қаржы көп бөледі. Бізде керісінше, басты сала ауыл шаруашылығы деп бәріміз айтамыз, ал инвестиция салынып жатқан жоқ. Басқа елдермен салыстырғанда да қолдау өте төмен. Ауыл шаруашылығын өркендету үшін «Жайылым туралы», «Қосалқы шаруашылықты дамыту туралы» заңдарды қабылдамай жер реформасын толықтай шешу еш мүмкін емес.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
10 сотық деген мәселеге келейікші, бұл енді таза заңдағы популистік бап секілді. Себебі, ол жер кімге берілуі тиіс, қалай берілуі тиіс екені белгісіз. Әр адамға 10 сотық береміз дейтін болсақ, үкіметтің қорындағы жер жетпейді және онша көлемде инфрақұрылым тартылған жер жоқ. Шынын айту керек қой, Алматыда, Астанада, мына Көкшетауда жұртқа беретін жер жоқ. Яғни, бұл мәселенің анық-қанығына жетіп, дұрыстап қолға алу керек секілді, мораторий енгізіп, тоқтата тұру керек пе… Себебі азаматтар арасында жұрт 100 мыңдап алып жатқанда, неге 10 сотық ала алмаймын деген әңгіме болады. Қоғамтанушы, әлеуметтанушы ретінде айтарым, бұл енді таза дау-жанжалдың ошағы. Қазір әкімдіктердің халықпен тілдесуге, түсіндіруге мүмкіндігі бар. Ал ертең 5-10 мың адам жетіп келсе, оларға әкімдік басу айта ала ма, жоқ па, белгісіз. Сондықтан үкімет тарапынан осы мәселеге тоқтау болатын шешім қабылдану керек... Сонымен қатар, жер мәселесіндегі ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Қазақстандағы жер иеленіп отырған ірі тұлғалардың тізімі және тағы басқа қоғамды алаңдатып отырған мәселелерге жауап бермей, біздің комиссияның жұмысы алға баспайды. Ауыл шаруашылығына жаңа көзқарас қалыптастыруымыз қажет.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі :
Жерге қатысты үш мәселе бар: бірінші экономикалық тиімділік, екінші қазақ халқының менталитеті мен психологиясы, үшінші бұрынғы жер реформасының нәтижесі. Біз қазір Қапшағайдың жағасына барып суға түсе алмай, балық аулай алмай қалдық. Алакөлде, Балқашта да жағдай солай. Қабанбай, Бөгенбайлар тіріліп келсе де, өздері қорғаған жерде өзі еркін жүре алмайтын еді. Бұл 2003 жылы жерге меншік енгеннің нәтижесінде болып отыр. Жерді сату мен оны жалға беру арасында ешқандай та айырмашылық жоқ.
Ешкім жерді меншіктеп алып кете алмайды. Билік те тартып ала алмайды. 49 жылға жалға берілсе, сосын тағы 49 жылға алуға болады. Бұл да мәңгілік деуге болады. Менің ойымша, осының өзі бір ғана термин секілді «сату» және «жалға алу» деген. Асып бара жатқан айырмашылық та жоқ... Митингіге шығу – азаматтардың Конституциялық құқығы. Ол заңда нақты жазылған. 1991 жылы 24 митинг өтті. Соның бірде біріне рұқсат берілмеген. Атырау шықты, Семей шықты, Көкшетау – біз шыққан жоқпыз, біз жақсымыз деуге болмайды. Жер деген ол – Отан. Сонда біз Отанды қорғауда Кулагиннің, Терещенконың, Ермегияевтың жерін қорғаймыз ба?
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы, сенатор:
Жер өз иесiн табуы керек. Бiрақ, жердi жекешелендiру кезiнде халық, қоғамдық ұйымдар, әкiмдiктер бұны қатаң бақылауы қажет. Осы механизмдер халыққа толық жеткiзiлуi керек.
Жердi шетелдiктерге жалға беру мәселесiне қатысты әңгiме көп көтерiлiп жүр. Әрине, жердi өзiмiз ғана басын тұсап отыра беруiмiзге болады. Бiрақ, жердiң сапасын және құнарлылығын арттыруға, жерден тиiстi деңгейде өнiм алуға бүгiнгi таңда бiздiң жағдайымыз келе бермейдi. Оның үстiне бүгiн игерiлiп жатқан 100 млн гектардан астам жер ауыл шаруашылығында пайдаланылмайды. Сондай-ақ, Қазақстанда 100 млн гектардан астам бос жер бар, олар тiптi қараусыз жатыр.
Мұхтар Тайжан, саясаттанушы:
Менiң бiр ұсынысым бар. Бiз агробанк ұйымдастырсақ. Мысалы, банк жүйесiне бiрнеше миллиард құйып, ылғи көмек көрсетiп жүрмiз. Бiз неге ауылға осындай көмек көрсетпеймiз. Ұлттық қорда 10 млрд ақшамыз бар ғой. Неге 10 млрд теңгенi ауылға бермеске. Неге тек диқандарға ғана емес, инфрақұрылым, әлектр қуаты, жол, су, газдандыру, медицинаны дамытуға қолдау көрсетпеске. Менiңше, мұны ауыл шаруашылығы министрiне тапсырсақ жөн болар едi.
Бақытжан Сағынтаев, Жер реформасы жөнiндегi комиссияның төрағасы, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Жерге қатысты мәселе жерді шетелдіктерге жалға берумен бітпейді. Әлеуметтік, ауыл шаруашылығын дамыту, кредиттеу – толып жатқан мәселе бар. Жерді сату туралы әңгіме болған кезде сан түрлі ой тууы заңды. Бәріміз Қытайдан қорқып жатырмыз. Өзімізде де кемшіліктер бар. Мысалы, заңда шекарадан 3 шақырым жердегі аумаққа ғана тыйым салынған, қалғаны ашық. Үш секірсең, үш шақырым емес пе? Ал басқа мемлекеттерде 100 шақырымнан басталады екен. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі... Ауыл халқын жайылым жер алаңдатады. Әрине, кім болса да, ауылда тұрған соң, малын жайғысы келеді. Өріске шығару керек. Егер оның бәрі сатылып кетсе, халық малын қайда жаяды? Сондықтан бұл мәселені де мұқият қарайтын боламыз. Жалпы, жердің төңірегінде толып жатқан мәселе бар.
Мұрағаттан, 2016 ж