Ғабидолла Әбдірахымов: «Шымкент – Орта Азиядағы ең ірі шаһарлардың біріне айналады»

Oinet.kz 07-07-2019 1772

Screenshot_2.jpg

Фотода Шымкент Плаза

     Гүлденген, түрленген Шымкенттің соңғы жылдардағы дамуы елді сүйсінтіп келеді. Екі мың жылдық тарихы бар шаһар енді солтүстік бөлікке қарай кеңейіп, замануи кешендер жүзеге асуда. Соның бірі жаңа әкімшілік іскерлік орталық болатын. Қазіргі таңда мұндағы көздің жауын алатын көп қабатты тұрғын үйлер, облыс әкімдігінің ғимараты, ірі кітапхана, сәні мен салтанаты жарасқан Түркістан сарайы, көрме орталығы, театр, емхана, Назарбаев зияткерлік мектебінің игілігін ел көруде. Қаланың даму тұжырымдамасына сәйкес дәл осы орталықтан кейінгі ірі жоба ол -  «Shymkent City» болмақ.

      Аталған жобаны қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов  өткен жылдың соңында арнайы жиында облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың назарына ұсынған болатын. Жоба таныстырылымында шаһар басшысы «Қала экономикасына инвестициялар тарту үшін бізге жаңа жобалар қажет. Осы ретте, Тұран шағын ауданының солтүстік-батыс бөлігінен «SHYMKENT CITY» заманауи тұрғын және іскерлік орталығын салуды ұсынамын. Ол үшін алаңы 412,0 гектар  жерді «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізіп, инвесторларды ынталандыру қажет. Осы мақсатта арнайы заңға өзгерістер енізу жөнінде Үкіметке ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар «Тұран» шағын аудананың егжей-тегжей жоспарлау жабасына өзгерістер енгізіп, инженерлік коммуникациялық жүйелердің құрылысын салу қажет»,- деп атап өткен еді. 

        Енді, міне, қағаз жүзіндегі жоба нақты іске аса бастады. Яғни Шымқаланың жаңа келбетіне айналғалы тұрған «Shymkent City»-дің құрылысы басталып, алғашқы қазығы қағылды. «Бүгін баршамыз үшін болашақтың іргесін бастайтын тарихи сәт, біз Орталық Азияның ең ірі шаһарларының біріне айналатын Шымкент қаласының дамуындағы жаңа кезеңді ашып отырмыз. «Shymkent City» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен  қала тұрғындарының өмір сүруі үшін барша жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, табиғатқа деген құрмет, қауіпсіздік пен қолайлылықтың жоғары үйлесімін тапқан жаңа кешен болмақ», - деді шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы жобаның құрылысы бойынша өткен алғашқы отырысында.

       Бүгінгі таңда жол және басқа да коммуникациялар орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылы бұйыртса кешеннің орталығында орналасатын саябақтың құрылысы басталады. Оған жеке инвесторлардың қаржылай қолдауы оң серпін бермек. «Shymkent City» қалананың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында орналасатын болады.  Хайтек стилінде тұрғызылатын жаңа қалашық  "Тұран" шағын ауданынан бөлінген 407 гектар жер 70 мың халыққа есептелген. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар және көпшілік демалатын орындардың сәулеті заман талабына сәйкестендіріледі. "Shymkent City" деген атау алған қалашықтың төрт бұрышынан 25 қабатты төрт үй салынады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 қабатты бір үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жақында тағы төртеуінің қазығы қағылады деп күтілуде. Қалашыққа жалпы 274 миллиард теңге инвестиция тартылған.  Қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйелер мемлекет есебінен жүргізілген. Солтүстік бағытқа қарай дамып келе жатқан қала аумағында жалпы 12 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Тамызда тағы 15 үйдің іргесі қаланады.   «Тұран» шағын ауданы қаламыздың ең биік нүктесі болып саналады. Сол аймақтан заман талабына сай көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар,  саябақтар салу жоспарланған.Әкімшілік іскерлік орталығы бар,  бәрі тұтас үйлесім табу үшін осы жер таңдалып отыр. Жоғары деңгейдегі Хайтек стиліне көбірек мән беріп отырмыз»,- дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Кенжеғұлов. Жоба бойынша биыл аталмыш ауданда 54 пәтерлі 1 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қалалық құрылыс бөлімінің  басшысы Еркін Бұхарбаевтың мәлімдеуінше мамандар сондай-ақ осы жылы жас отбасыларға арналған Әкімшілік іскерлік орталығындағы 216 пәтерлі, жалпы аумағы 10400 шаршы метрлік тұрғын үйді, оған қоса екі қызметтік 90 пәтерлік  5 қабатты тұрғын үйді тапсыруы тиіс. 

        Естеріңізге салар болсақ, шаһардың бес жылдық даму жоспарындағы басты тапсырмалар мен мегаполистің тыныс-тіршілігіндегі барлық мәселелерді қамтитын құжатта тұрғын үй-коммуналдық мәселелері, білім мен мәдениет, денсаулық сақтау және қауіпсіздік, қала құрылысы мен сәулеті, кәсіпкерлік сынды бірқатар салалар да қарастырылған. «Shymkent City» міне осы жобалардың жиынтық үлгісі деп айтуға болады. Себебі бұл шаһарлықтар үшін барлық жағдай жасалынған  әмбебап іскерлік және тұрғын үй кешені болмақ. Осылайша алдағы 5 жылда Шымшаһар республикаға жаңаша қарқынды дамуымен танылатын болады.  

Мұрағаттан, 2016 ж

«Сонда біз Отанды қорғауда Кулагиннің, Терещенконың, Ермегияевтың жерін қорғаймыз ба?»
Шаруалар шырылдап жатса да Серік Тұрбеков үшін «екі қойың бір сом»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу