Шаруалар шырылдап жатса да Серік Тұрбеков үшін «екі қойың бір сом»

Oinet.kz 09-07-2019 1575

Screenshot_3.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов пен оның ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың  шегірткелер шабуылынан зиян шеккен шаруалардың шырылынан қаншалықты хабардар екені және облыс басшылығы  тарапынан қандай шараларды қолға алынғандығы  туралы білгісі келген журналистің сауалына  Аймақтық коммуникациялар қызметінде күні кешегі сәрсенбіде, 15 маусымда өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков осындай жауап қайтарғанда сөзінің қайсысын ойынға, қайсысын  шынға жоруды білмей  кімге қырсығып сөйлегенін әуелгіде түсінбей қалдық. Сонда Серік Ордабекұлы брифингте кімге қырсығып сөйледі? Көпшілікті алаңдатқан сұрақты алға тартқан журналистке ме, әлде несиеге белшесінен кіріп  еккен дақылын зиянкестер құртып, шаш-етектен шығынға батқанына шағымданған  шаруаларға ма? Басқасы басқа өзіне қызмет ұсынған, сенім артқан  облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлының шегірткелер шабуылына қарсы нендей шаруалардың атқарылуын тікелей әрі қатаң қадағалауында ұстап отырғанына қатысты мән-жайды баяндап беруге ерінгені менсінбеушілік пе, әлде менменсудің шектен шыққандығының белгісі ме?  

--Кім кінәлі? Орыс патшасы екінші Николай кінәлі. 1911 жылы шегірткелер қаптағанда арнайы әскери горнизон  құрса да жеңе алмаған сол кінәлі. 

Мұнысына енді күлесіз бе, жылайсыз ба? Келесі журналист сауал тастағанда осылай деп тағы бір қойып қалды. Сол кезде орыс патшасы жеңбегенде шегірткелерден келетін кеселді біз қайдан жеңеміз деген мағынадағы сөзі қай сасқандық десеңізші. Қырсығып сөйлеген  түрін... Кімге? Не үшін?.. Журналистер сонда да жабылып жүріп жанды қойсын ба, жан-жақтан сауал жолдап жүріп қырсыққанына қарамастан шегірткелердің  шабуылы төңірегінде там-тұмдап ақпарат алдық. Сөйтсек...

Елді шулатқан Марокко шегірткесі 31 наурызда шыққан. Ал оны  дер кезінде дәрімен улап тастамаудың себебі  Ауыл шаруашылығы министрлігі тендерді кеш өткізген, яғни 14 сәуірде. Демек басты кінәлі — студент шақта Мәскеуде бірге оқыған досы, облыс әкімі болғанда өзін ең үлкен аудан Мақтаралға әкімдікке, одан басқарма басшылығына  тағайындаған, бүгінде Астанадағы Асқар Мырзахметов тізгінін ұстаған министрліктің тірлігі оңбай тұр. Тендер ұтқан мердігер мекеменің де кемшілігін тілге тиек ете кетті.  Аумақтық инспекцияның жұмыс жүргізуі тіпті нашар екен. Дәрі себуге Қарағандыдан ЯК-12 ұшағын, Тараздан АН-2 ұшағын алдыруға мәжбүр болғанымызға қарағанда «біздің облыста мынадай бар, мынадай бар...» деп мақтанып жүргеніміз бекер сияқты. «Сіздер Марокко шегірткесінің ошағына барып, жайылымдық жерді жыртып, бақшасынан айырылып қалған шаруаларды айтып отырсыздар. Керек десеңіздер, олардың сол жерді  игеруге рұқсат қағазы да жоқ» деп дихан қауымды да оңдырған жоқ. «Дәрі бөлінді, оны 11 мың гектарға бүрку керек. Соның 5 мыңы Шардара ауданында, қалғандары майда-шүйде...» деген тұста тіпті қайран қалдық. Мәссаған безгелдек! Бақандай 6 мың гектар жерге  зиянкестердің зардап әкелуі майда-шүйде болса, сол 6 мың гектардың ар жағында қаншама диханның, қаншама отбасының тағдыры тұрғанын ескерсек  Тұрбековтің әпитетін, ой-өрісін бағалаудың өзіне батылың бармайды екен. 

Ешкімді аямай сынап сөйлеген, ал өзі судан таза, сүттен ақ Серік Ордабекұлының сөзіне сенсек шегірткелердің елді шулатқанына адамды айтасыз, ауа-райына дейін кінәлі. Өйткені жауын-шашынның салдарынан шашқан дәрінің әсері төмендеген. Қысқасы «Қанша шығын келді? Онымен жергілікті атқарушы органдар, әкімдер, ауыл шаруашылығы бөлімдері, төтенше жағдай мамандары, депутаттар, солар айналысуы керек. Сосын шаруаларға өтемақы берілетіні, не берілмейтіні қаралады. Мұның бізге қатысы жоқ» деп бір-ақ қайырды. Келесі жылы бұдан бетер шегіртке көбейетінін айтып қорқытып та қойды. 

Апырай,ә, ауылшаруашылығы саласы бойынша елді шулатқан мәселеге «Мұның бізге қатысы жоқ?» деп сенімді сөйлегеніне қарағанда Тұрбеков қандай басқарманы басқарып отырғанын ұмытып қалып әлгі телесериалдардағыдай «амнезияға» ұшырағаннан сау ма өзі? Өңір басшысы Атамқұлов пен осы салаға жауапты «замаким» Тұяқбаевтың  аты аталса да «Мен олар үшін жауап бермеймін» деп отырғаны-- мынау. Айдаладағы әлдеқашан сүйегі қурап қалған екінші Николай патшаны жазғырып отырғаны-- анау. Ертең ауылшаруашылығы саласында жетістіктер баяндалар шақ туғанда елдің еңбегін еншілеп кете жөнелмей сол кезде де «Мұның бізге қатысы жоқ» деп айтатын ерлікке Тұрбеков бара ала ма? Әй, қайдам, біздіңше қай қызметке  барса да жұртты шулатудан, арыз-шағымды көбейтуден жалықпайтын Серік Ордабекұлы әбден осыған әуестеніп, әдеттеніп кеткен секілді. «Асқанға тосқан» дейді атам қазақ мұндайда!   

А.Құнанбай, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Ғабидолла Әбдірахымов: «Шымкент – Орта Азиядағы ең ірі шаһарлардың біріне айналады»
Ауыл шаруашылық басқармасы аумақтық испекцияны, ал олар ауа-райын кінәлап әлек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу