Ауыл шаруашылық басқармасы аумақтық испекцияны, ал олар ауа-райын кінәлап әлек

Oinet.kz 09-07-2019 1090

Screenshot_4.jpg

Ілгеріде зиянкес шегірткенің зияны Жәнібек Кәрібжановты министрлік тағынан тайдырғаны елдің есінде. Бүгінгінің шегірткесі одан осалдау ма, әлде жауапты шенеуніктердің терісі қалың ба, әйтеуір зиянкестердің зиянын диқандардан басқа ешкім шыбын шаққандай көрер емес. Зиянкеспен күрестің барысына қарап облыс әкімінің ауыл шаруашылық саласына жауапты орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков шетелдік шегірткелерге қазаққа тән қонақжайлылық танытып жатқаны несі деген ойға қаласыз. Шарасыздығын мойындаған министрді қайта-қайта еске алған шаруалар  амалы таусылған тұста  С.Тұяқбаев пен С.Тұрбековтың бетіне барлау жасағысы келіп әлек. Қарасы азаймаған морокколық зиянкестер беттің қызарған немесе ағарғанын аңғаруға мүмкіндік бермей шабуылдауға кіріскен  шамасы. Әзірге, шегірткеден орынтағын босатып «құтылған» министрден үлгі алатын шенеунік оңтүстікте көрінбей тұр.

Шаруалар еккен дақылы айдың-күннің аманында қаптаған шегірткеге  жем болғанына  шырылдап-ақ жатыр. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шаруаларға өтемақы төленбеуі де мүмкін екенін жариялауы жығылған үстіне жұдырық болды. Өйткені министрлік күні кешеге дейін оңтүстікқазақстандықтардың жанайқайынан хабарсыз болып келген. Қостанай, Ақмола облыстарындағы шегірткелерге қарсы шаралар барысын баяндаған Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марстың мәлімдемесін ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов та жоққа шығармайды. «Шығынға батқан шаруалар өтемақы алу үшін егін еккенге дейін жарналарын төлеп, сақтандыру компаниялармен келісім-шарттарға отыруы керек еді. Сақтандырылмаса, төтенше жағдай жарияланғанда ғана мемлекет тарапынан шығындар өтеледі. Әзірге ондай қауіп жоқ. Оның үстіне Шардара, Сарыағаш аудандарында диқандар жайылымдықтарды бұзып, шегірткелердің ошағы саналатын біреулердің жерлеріне бақша еккен. Сонда да бір емес, 4-5 мәрте дәрілеп бердік»,- дейді ол. 

Оспановтың айтуынша, бұған жауапты – аумақтық жер инспекциясы. Ал С.Тұрбеков басқаратын басқарма тек жергілікті шегірткелерге ғана жауап береді. Саяқ ұшатын жергілікті шегірткенің зияны болмаса да оған қарсы шараларды жүргізуге облыста 48 миллион теңге бөлініпті. Ал, үйірімен үрей туғызатын марокколық, италияндық кеміргіштермен күресуге облыстық бюджеттен қаржы қаралмаған. Шетелдік зиянкестерге қарсы күрес республикалық деңгейде жүргізіледі. 

Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 90 миллион теңге қаралған. Бұл туралы 26 мамырда облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында жария етілген еді. Тіпті сонда «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ ОҚО филиалы мамандары анықтаған, жоспарланған 91,44 мың гектар жердің 81,71 пайызы дәріленгендігі де айтылған болатын. Шегіртке ошағының пайда болуы және оны шұғыл жою жолдары талқыланған жиында жауапты сала басшыларының есебін тыңдаған Атамқұлов ашуға мініп, дер кезінде жұмысты жүйелеп, тиісті шаралар қабылдамаған Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары мен бөлім басшысын жұмыстан босатқан. Сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне өз деңгейінде шұғыл шараларды қабылдап, алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға, орын алған жағдайды түзетуге бір апта уақыт беретінін айтып, орындалмаса жауапқа тартатынын да ескерткен еді. Оңтүстіктің әкімі сол кезде-ақ облыстық деңгейде шегірткеге қарсы күресу жүйесі толық қалыптаспағанын, соның салдарынан егістік алқаптарына қауіп төніп тұрғанын жеткізген болатын. Атқарылған жұмыстар жөнінде күнделікті баяндап, апта сайын мониторинг жүргізуді де тапсырған сияқты еді. Десек те, арада 20 күн өткенде бұл шаруаның жай-жапсарын білмек болып облыстық әкімдікке қоңырау шалғанымызбен, шегірткенің шабуылы туралы ешкім айта алмайтын болып шықты... 

«Біз айналысатын саяқ шегірткеден келіп-кетер қауіп жоқ. Қырып бара жатқан Марокко шегірткелері. Оған қолымызға толық дәлелдер бар. Олардың көбейіп кетуінің басты себебі – қыста қар болмады. Күн жылып кетті. Екіншіден, биыл көктем жаңбырлы болды. Дәрілеу жұмыстарын жүргізгенде өсіп-өне қоймаған зиянкестер қалың шөптің астында қалып қойды. Кейіннен жетіле бастаған шегірткелер желдің күшімен басқа жерлерге де қоныс аудара бастады. Он  күнде Сарыағаш, Шардара аудандары мен Арыс қаласында 26700 гектарды толық дәрілеп шықтық. Бізге жүктелмесе де саяқ шеріткеге бөлінген ақшаны мароккалықтарға жұмсап, аумақтық жер инспекциясына көмектестік. 25 мамырдан бастап, қолымыздан келгенше, дельтапланмен де, ұшақпен де септік. 10 маусымға дейін көмек бердік. Бүгінде басқа да қосылған шегірткелер қауіп тудырған жерлерді тазалау жұмыстары жүргізілуде. Енді олар табиғи құбылыс бойынша 4-5 күнде өледі», - деді басқарма басшысының орынбасары. 

Т.Оспановтың мәлімдеуінше, аталған жұмыстарға бағытталып, дәріге бөлінген қаражат таусылып, министрліктен қосымша 10 тонна дәрі алынған. Оның басты себебі – о баста зиянкестердің таралу аумағы деп болжанған 91 мың гектардың көлемі 300 мыңға жуықтаған. 

«Зиянкестердің жаппай таралуына республикалық тендердің кешігуі қатты әсер етті. Биыл көктем де ерте шықты. Дәрі бүркудің осылай кешігуі салдарынан шегірткелер көбейіп кетті. Аумақтық жер инспекциясы мамандары зиянкестердің ошақтарын жоюы тиіс еді. Ауа райы да көп қолайсыздық тудырған шығар. Кеш қимылдау былай тұрсын, аумақтық инспекция дәріні бүркіп болған соң артынан тиімділігін бақыламаған. Өзіміз куә болғандай, дәріленген жерлерде 5-6 сағаттан кейін қайта тұрып, ұшып кеткен шегірткелер де болды. Онша әсер етпеген себебі олар жетіліп кеткен. Бастығымыз Тұрбеков шегірткенің маманы ғой. Басы-қасында бірге жүріп бақылап, үш түрлі дәріні ең жоғарғы дозамен шашуға шешім қабылдадық. Соңынан өзім қайта бақыладым. Дәріленген жерлерде зиянкестер өліп қалып жатыр»,- дейді Оспанов. 

Ал өздерінің кеш қимылдағанын мойындамайтын аумақтық жер инспекциясы өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Темірхан Елғоновтың айтуынша, республикалық қазынадан бөлінген қаржыға сатып алынған химикаттарды бүрку 15 сәуірде басталған. 91 мыңнан астам гектардың 99 пайызы толығымен өңделіп шығыпты. Алайда нәтиже жоқ. «Шегірткеге қарсы қолданылған препараттардың биологиялық тиімділігі 91-92 пайызды құрады» деген бөлім басшысы проблеманың туындау себебін ауа райына жауып құтылды.

«Үйірлі шегірткелердің пайда болу ошағы саналатын Сарыағаш, Шардара аудандары мен Арыс қаласында кең көлемде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ ағымдағы жылдың бір ерекшелігі, жарытып қыс болған жоқ. 50 күн бойына қар да, жаңбыр да жаумай, құрғақшылық етек алды. Күн жылып кетті. 28-29 наурыз күндері жауған жылы жаңбыр марокко шегірткесінің дернәсілдерінің ерте оянуына себеп болды. Ал, 1-12 сәуір аралығындағы ауа температурасының күрт төмендеп, жауын-шашынның мол мөлшерде түсуі марокко шегірткесінің дернәсілдерінің шығуын екі толқынға бөліп жіберді. Сондықтан екінші толқындағы дернәсілдер кейінірек шыққандықтан, жайылымдық алқаптардағы шөбі қалың жерлердегі анықтау-зерттеу жұмыстарында кейбір кемшіліктер орын алды»,-дейді ол. 

«Шегірткенің жер бетіне шығуы созылмалы болды. 20-21 күнге созылды. Бұл шыққан жерден, 2-ші 3-ші мәрте өңдеуге тура келетін көлемдері бар. Соның салдарынан көлемі ұлғайып кетті». Бұл – Фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы РММ ОҚО филиалының басшысы Талғат Жанбаевтың пікірі. 

Осылай облыстық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер сүттен ақ, судан таза болып, барлығын табиғатқа жауып жатқанда Сарыағаш, Шардара аудандарының диқандары жүздеген гектар жерлерін тастап кетті. Олар бастапқыда өздері дәрілеп көрген. Болмаған соң, алқаптарды емес, зиянкестердің ошақтарын тазартып шаршағандардан көмек күтіп көрген. Нәтиже жоқ, басқа амал да жоқ... Үйін кепілге қойып, 3 гектарға қарбыз еккен Ғалымжан Әлиевтің он күнде піскен өнім беруге дайын тұрған бақшасын шегірткелер көктей солдырған. Әлиев секілді пайыздық мөлшерлемемен қарыз алып, қауын-қарбыз еккендер Сарыағаш пен Шардарада да аз емес. Арыс пен Ордабасы жұртының есебінше шегірткеден күйген шаруалардың саны жүзден, ал шегіртке жаулап алған егін көлемі мың гектардан асып кеткен. Дегенмен, облыста шегірткемен күрес әлі жалғасып жатыр... 

Басшылар 4-5 күндік өмірі қалды деп сендірген шегірткелер жусанды да жайпап барады... 

Мұрағаттан, 2016 ж

Шаруалар шырылдап жатса да Серік Тұрбеков үшін «екі қойың бір сом»
Тұяқбаев не дейді, Тұрбеков пен Т. Елғонов не дейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу