Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Қырғыз сарапшысы Еміл Үмітәлиев «Азаттыққа» берген сұхбатында осылай деді. Сарапшының пікірінше, ТМД елдері арасындағы қарым-қатынас күрделеніп келеді, экономикалық жағдай жақсы емес және оның бүгін-ертең түзеліп кететін түрі көрінбейді. «Бұл ұйымның мақсаты әуел бастан дұрыс анықталмаған. Алғашқы жылдары-ақ бірлік болмады. Сызат жыл өткен сайын тереңдеп барады, жаңа экономикалық кедергілер пайда болып жатыр. "Сауда соғыстары" басталды», - дейді Е.Үмітәлиев. Сондай-ақ, ол Бішкекте өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысы жоспарлы кездесу, деп есептейді. Одан бір нәтиже шығады дегенге сенбейтінін мәлімдеген сарапшы әуел бастан қожыраған ұйымда негізінен Ресейдің мүдделері ескеріліп, басқа елдердің талаптары орындалмай келе жатқанын айтады. «Сондықтан ТМД-ның жылдан-жылға қадірі кетіп барады. Саясаткерлер де ұйымдастыру мәселелеріне аса көп көңіл бөлмейді. Халықаралық қызығушылық та жоқ. Басқаша айтқанда, ТМД-ның келешегі бұлдыр. Саммиттерге дайындықтың әуресінен басқа ТМД-дан біз (Қырғызстанды айтады - ред.) ешқандай пайда көргеніміз жоқ. ТМД-ны баяғыда «ажырасушылардың ұйымы» деп атайтын болған. Қазір ТМД жұмысын зорлықпен жалғастырып келеді. Ресей сарапшыларының пікірінше, түбегейлі құрылымдық өзгерістер жасалмайынша, Ресей экономикасы құлдырай береді. Бұл жағдай басқа ТМД елдеріне де әсер етеді. Жақындасуға деген ниеттің жоқтығы да осыдан. Бұл - шындық. Ондай реформалардың төбесі де көрінбейді. "Реформа жасалады" деген сөздер құр уәде ғана. Ресейдегі сайлаудың алдында сондай мәлімдемелер айтылады да, кейін ұмыт қалады», - дейді Е.Үмітәлиев.
Айта кетелік, биылғы жылдың 16 қыркүйегінде Бішкекте ТМД Мемлекет басшылары кеңесі өтеді.
Мұрағаттан, 2016 ж