Шенеуніктердің жалақысын 85 мыңға түсіру туралы қазақстандықтардың талабына депутаттар жауап берді
Қазақстандықтар шенеуніктердің жалақысын 85 мың теңгеге дейін түсіру туралы петицияға қол қоя бастаған еді. Бүгін оған 70 мыңға жуық тұрғын қол қойып үлгерген. Осы тұста Stan.kz тілшісі бұл бастамаға қатысты депутаттардың ойын білді.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев елімізде тұрғындардың 85 мың теңге жалақыға өмір сүре алатынын айтқан болатын. Оның бұл сөзі қоғамда дау тудырып, соңы петиция жариялауға әкелді. Петиция авторы Дәулет Жаябаев.
"Біз Қазақстан халқы барлық шенеуніктердің (әкімдер, министрлер, депутаттар және т.б.) жалақысын 85 000 теңгеге дейін төмендетуді талап етеміз. Олар "адам айына 85 мың теңгеге өмір сүре алады" деп отыр. 85 мыңға өмір сүре алатындықтан, оларға мұндай жоғары жалақы төлеу дұрыс емес", - делінген петицияда.
Парламент мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевтың ойынша, шешім петиция нәтижесіне қарай қабылданады.
“Петиция жарияланғанымен оның өзіндік тәртібі бар. Сондықтан оның нәтижесін күту керек. Дегенмен, халықтың көбісі қол қойып, шешім қабылданатын болса, оны ешкім аттап кете алмайды. Петиция жарияланды ма, нәтижесін күту керек. Сіз бен біздің пікіріміз ол жерде ешнәрсені білдірмейді. Петицияның өзінде қолдайтындар да, қолдамайтындар да болады. Әр адам өзінің пікірін петицияда білдіру керек. Ол заңға сәйкес болатын болса, әрине заңнама негізінде бір шешім қабылданады. Мен 98 депутаттың немесе мемлекеттік қызметкердің атынан жауап бере алмаймын. Егер халық солай дұрыс деп тапса, мен халықпен біргемін. Егер ол петиция заңдық тұрғыда мойындалса, кім қаласын, қаламасын қабылдайтын мәселе. Шенеунік болсын, қарапайым адам болсын барлығымыз заңның алдында бірдейміз. Халықтың үніне құлақ асуымыз керек”,- деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Мәжілісмен Геннадий Шиповских те қымбатшылық тоқтамай тұрған уақытта 85 мың айлыққа өмір сүру мүмкін емес екендігін жасырмайды. Сол себепті шенеуніктердің жалақысын төмендету туралы талапты қолдамайтынын айтты.
“85 мыңға өмір сүруге болады ма, жоқ па деген сұрақтың басты мәніне тоқталсақ, әрине қазіргі заманда өмір сүру өте қиын. Өйткені азық-түліктің бағасы аспанға ұшып кеткен. Одан бөлек коммуналдық төлемдеріміз тағы бар. Әрине бұл сомаға өмір сүру мүмкін емес деп ойлаймын”,- деп жауап берді Шиповских.
Депутат өзінің жалақысына қатысты да пікірін білдірді.
“Біздің әрбір депутаттың өзінің айлық тұрғысынан шкаласы бар. Біреуінікі жоғары, енді бірінікі басқаша болуы мүмкін. Бұл жерде еңбек өтіліне байланысты. Қанша жалақы алатынымды айту дұрыс емес, ол әрбір адамның өзінің құпиясы. Конституциямызда да жазылған әрбір адамның өзінің өмірі құпия болып табылады. Дегенмен өзімнің алатын жалақым әділетті деп санаймын” ,- деді ол.
Ал саясаттанушы Қазыбек Бейсебав петиция жариялаған азаматтардың бұл әрекетін құптамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, петициядағы талапқа бір жақты қарауға болмайды. Бейсебаев петиция авторларының бұл қадамына популисттік әрекет деп баға берді.
“Иә, әрине халықтың петиция жариялауға құқығы бар. Дегенмен вице-министр де мұны бекер айтқан жоқ. Ол дәлелге сүйеніп айтты. 85 мың біреуге ақша, енді біріне ол ақша да емес. Мысалы 85 мың теңгеге ауылдық жерде тұруға болады. Күзетші, еден жуушы сияқты қызметкерлер расымен де 85 мың алатыны да жасырын емес. Сондықтан вице-министр өтірік ақпарат берді деп айта алмаймыз ғой. Ал шенеунік халықтың ішінен таңдалған тұлғалар. Әрине олардың жалақысы жақсы болуы керек, жалақсысы жаман болса жұмысты кім істейді?! Олардың барлығына бірдей күйе жаға алмаймыз ғой. Барлығы жемқор, дұрыс жұмыс жасайды деп айтудың өзі дұрыс емес. Бұл мәселеде петиция жариялаудың өзі дұрыс деп санамаймын. Бұл популисттік әрекет сияқты. Петиция авторы қоғам назарын өздеріне аударту үшін осындай қадамға барған сияқты. Мәселе жалақыда емес, мәселе олардың жұмысы мен жауапкершілігінде”,- деп пікірін жеткізді Қазыбек Бейсебаев.