Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«RESPUBLICA» партиясының Мәжілістегі депутаттарының айтуынша, 4 пайыздық автонесиені шенеуніктер күлкіге айналдырды.
- Қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – қазақстандықтардың несиеге белшеден батуы болып отыр. Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, 1 жылдың ішінде тұтыну кредиттерінің көлемі 28%-ға өсті. Елдің экономикалық белсенді халқының 80%-дан астамының белсенді несиелері бар. Салыстыру үшін АҚШ-та бұл көрсеткіш 20% құрайды. Бір жарым миллион адамның ағымдағы несиелері бойынша мерзімі 90 немесе одан да көп күн өткен. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қатаң шарттары халықты қарызға батыруда. Микроқаржы ұйымдарының қызметі мемлекет тарапынан реттелмейді, ал пайыздық мөлшерлемелер тым жоғары. Соның салдарынан азаматтарымыз өндіріп алушылардың, сот орындаушыларының жұмысына тап болып, банкроттық рәсімінен өтуге мәжбүр. Еліміздегі банктер банк секторының басты миссиясы - қаржылық құзыретті пайдаланып, бизнесті талдау және қаржыландыру екенін ұмыта бастаған сияқты. Осылайша, қаржы секторы елдегі экономикалық өсудің драйвері ретінде әрекет етуі керек. Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглиц атап өткендей, «банк секторы іс жүзінде халықты қажет емес тауарларды сатып алуға ынталандыру арқылы қарапайым халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланады. Соның салдарынан халықтың шектен тыс қарыздық ауыртпалығынан банк пайдасының артуы байқалады». Осы мәселелерді шешуге бағытталған Үкіметтің бастамалары тек қысқа мерзімді нәтиже береді немесе аяқсыз қалып жатыр. Мәселен, былтырғы 4%-дық жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы құмға сіңген судай әсер берді. Бағдарламаға өтініш бергендердің саны 125 мың адамнан асып түсті. Алайда платформа іске қосылған сәттен бастап тек 791 адам ғана 18 секундтың ішінде тіркеліп үлгеріп, бағдарлама ел арасында күлкі мен келемежге айналды. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу үшін халықтың қарыз ауыртпалығы мәселесін түбегейлі шешетін ұзақ мерзімді қаржы құралын енгізу қажет,-деп жазылған партия депутаттарының Үкімет жетекшісіне жолдаған сауалында. Осыған байланысты Respublica партиясының фракциясы жеке тұлғаларға арналған лизингті Қазақстан Республикасының азаматтары үшін заманауи қаржылық өнім ретінде енгізуді ұсынып отыр.