Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Бірі Назарбаевтың күйеу баласы, бірі бұрынғы кеңесші болған қазақстандық миллиардерлер Тимур Құлыбаев пен Болат Өтемұратов енді көшбасшы емес. Олар Forbes Kazakhstan басылымының шығарған «Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесмені» рейтингісінде алғаш рет төменгі орынға сырғыды. Бұған дейін бірінші орынды үнемі алма-кезек иеленіп келген қос миллиардер алғаш рет көшбасшылықты Каспий банктің ірі акционері Вячеслав Кимге босатып берді. Бұл нені білдіреді?
Бұл биылдан бастап олигархтардың эшалонында бір өзгерістердің болып жатқанын білдіретін сияқты. Биліктегі өзгеріс бизнесмендердің өміріне тікелей әсер етеді. Бұл бизнес пен биліктің бір-бірімен тығыз байланысты екендігін көрсетеді.
Осы жерде айта кетері, Fordes Kazakhstan басылымының жасаған рейтингісі ресми мәлімет болып есептелмейді. Бұл сарапшылардың пікіріне негізделген журналистік зерттеу ғана. Дегенмен ол шындықтан алыс емес сияқты. Себебі тізімде ықпалы кеміген бизнесмендердің біразы Назарбаевтың айналысында пісіп жетілген. «Ескі Қазақстан» есіркеген бай-бағландар. Мәселен...
Соныменен көшбасшылықтан айырылған Болат Өтемұратов рейтингте бұл жолы екінші орыннан көрінді. Тимур Құлыбаев үшінші орынды місе тұтты. Атышулы Александр Машкевич былтыр бесінші орында болса, биыл алтыншы орынға сырғыған. Тасмағамбетовтың күйеу баласы Кеңес Рақышев 10 орыннан мұрттай ұшып, 20-шы орынға төмендеді. Оңтүстіктің белгілі бизнесмені Серікжан Сейітжанов былтыр 12 орыннан көрінсе, биыл 23 орынға түскен.
Ал, керісінше, былтыр 24-шы орында жүрген Дінмұхамед Ыдырысов биыл бірден 16 орынға көтерілген. «Жаңа Қазақстан» «Делеуді» жарылқаған сыңайлы.
Сондай-ақ, биылғы рейтингте бұрын-соңды бұл тізімге кірмеген 5 адам бар. Мәселен Еркін Тәтішевтің Kusto Group бойынша серіктесі, YPO Kazakhstan жаңа төрағасы және "Бәйге" ұлттық федерациясын басқарған 47 жастағы Қанат Көпбаев бар. Сондай-ақ, тізімге белгілі кәсіпкер Рашит Сәрсеновтың 38 жастағы ұлы Эльдар Сәрсенов кірді, оның меншігіне бұрын әкесіне тиесілі болған Нұрбанк пен "Виктория" сақтандыру компаниясындағы мажоритарлық үлестер өтті.
Respublica партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров та алғаш рет осы рейтингке еніп отыр. Қанша дегенмен мәжілісмен болу да «авторитет» қой.
Тізімде Құлыбаевтардың іскер серіктесі және олардың бизнес-империясындағы көптеген ірі құрылымдардың басшысы 61 жастағы Раушан Сағдиева да бар.
Айтпақшы, ықпалдылардың тізімінде бірінші орын алған, Каспий банктің ірі акционері Вячеслав Ким байлығы жағынан әлемдік рейтингте 1513-тен 787-орынға көтерілген. Оның табысы бір жыл ішінде 400 миллион долларға көбейіп, 3,6 миллиард долларға жеткен.
Бәлкім, ықпалдылықтың өскені табыстың жүз миллиондап көбейгенімен байланысты ма? Әлде керісінше, табыстың кілті ықпалдылықта ма? Сіз қалай ойлайсыз?