Жылуға қатысты ертең жанжал шығуы мүмкін. Ал бұл салаға Жақып Бөкенбаевтың қандай қатысы бар?

Oinet.kz 17-05-2019 947

Screenshot_4.jpg

Фотода Жақып Бөкенбаев

Қайбір күні  Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қарамағындағы шенеуніктерге алдағы қыстың қатты болатынын ескертті. Өңір басшысы  Тараздың қысқа дайындығына байланысты жиын өткізді. Іргеде тұрған тараздықтар қыс қатты болады деп осылайша алдағы күндерге қызу қамданып жатыр. Ал Елбасының өзі еліміздегі үлкендігі жағынан үшінші мегаполис деп үкілеген  миллионға жуық тұрғыны бар  Шымкент қыста жылусыз қалуы мүмкін деген ақпарат таратылды. Анау-мынау емес, биліктің «көзі мен құлағы» саналатын, жағдай тым ушықпаса оңайлықпен сынай қомайтын  «Хабар» арнасының өзі  осындай мағындағы ақпарат  таратып отырған соң алаңдап қалғанымыз рас. 

Шаһарды жылытып отырған «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы жаздан бері газсыз отыр. Себебі газ беруші компания алдындағы қарызы 1 миллиард теңгеге жақындаған. Қарыз төленбейінше көгілдір отын қосылмайды. Ал жылу орталығының абоненттерде жатқан алашағы 437 миллион теңгеге жеткен. Яғни бұл қарыз толық көлемде жиналғанның өзінде газ төлемақысының жартысын да жаппайды деген сөз.   Не істеу керек? Жылу орталығының жауапты қызметкерлері «облыс, қала басшылары осы мәселені жылу маусымы басталғанша шешіп берсе» деген сәлемдемесін де ақпарат құралдары арқылы жолдағанды жөн көріпті.  

Жылу маусымының басталуына енді жиырма күндей уақыт қалды. Жылдағы қалыптасқан үрдіс бойынша 1 қарашадан бастап мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік мекемелер жылуға қосылуы тиіс. Егер қарашаңыз жылы болса деңіз. Былтырғыдай қазанның жиырмасынан кейін қар түсіп, күн күрт суытып кетсе, әбігердің көкесі сонда болады. Ауа райын болжаушылар онсыз да Оңтүстікте қазанның соңына қарай күннің суыта бастайтынын ескертіп отыр. 

Жылуға қатысты мәселенің мән-жайына қанықпақ болған әрекетімізден алғашқыда түк шықпады. Осы салаға жауапты облыстық басқарманың  басшысы Нұрлан Алдамжаров өңірімізде  жаңа әкім атқа  қонған соң көп ұзамай  қызметінен босатылғаны белгілі. Бүгінде оның орынбасарларының бірі қызметінен босатылған, бірі жұмыста жоқ болып шықты. Жылу беру мауысымы таяп қалған кезде басқармада болып жатқан сапырылыстарға кәдімгідей қарнымыздың ашқаны рас. Басқарма басшысының міндетін атқарушы тағы бір орынбасар Лесбек Серікбаев десек, жылуды айтпағанда газы, ауыз суы, энергетикасы, жол жөндеуі, жолаушылар тасымалдауы, тұрғын үйді жаңартуы  сияқты бірнеше саланың басы  біріктірілген,(дұрысы былықтырылған болар) алып басқарманы жалғыз өзі қайдан игерсін, қай жағының қат-қабат шаруасын қайтіп реттеп үлгерсін? Ақыры ары-бері хабарласып жүріп, облыстағы жылу мәселесіне қатысты сауалдарға Жақып Бөкенбаев деген азаматтың жауап бере алатыны жайлы ақпарат алдық.  Оның облыс әкімдігіндегі 24-75-77 деген телефон нөмірін тауып, бір ауыз тілдесуге мүмкін алдық. 

- Ресми сұхбат беретіндей менде әлі қызмет жоқ қой,--деген Ж.Бөкенбаев бастапқыда аздап қысылғандай болғанымен артынша біршама ақтарылып алды.  Екіарадағы әңгімені қысқаша түйіндеп айтсақ, Шымкенттің жылу маусымына дайындығы облыс, қала әкімдігінің бақылауында тұр. Жылу 1 қарашадан бастап беріледі. Оған дейін дайындық жұмыстары аяқталуы тиіс екен. Демек  Шымкент қаласының тұрғындары жылусыз қалады деп шырыл қағуға еш негіз жоқ. Әйтеуір  Бөкенбаев ертең елдің елдің алдында екі сөйлейтін адам болып жүрмесін дейікші...

«Әзірге, жылу мен жарыққа жауаптылығы жағынан облыс әкімінің  кеңесшісі болып жүр, болашақта облыс әкімінің орынбасары, құрығында басқарма басшылығына тағайындалатыны туралы сыбыс бар. Ол басшылық қызметке  тағайындау алмай жатып басқаларға бұйрық беріп жүргені осыдан» деген рас-өтірігі белгісіз ақпарат алғандықтан оған  хабарласқан болатынбыз. Әрине, облыс әкімі жөнінде жайсыз пікір қалыптастыратын мұндай әңгіменің шындыққа айналмай бос сөз болып шыққанын біз де қалаймыз. Оның дәл  қазіргі қызметі консультант екенін өзі аузынан естідік. Алайда кімнің консултанты екенін ашып айтпады.  Сұрастырып көрсек кезінде Шымкентте атынан ат үркетін біраз алып мекемелерді басқарған  Жақып Бөкенбаевтың  соңғы уақытта Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты «Электр энергиясы мен энергия үнемдеуді  дамыту институты» АҚ басқармасының төрағасы қызметін атқарған. Ендеше оның қызметі Астанада, отыратын жері Шымкентте болғаны ма? Облыс әкімі аппараты кадрлық қызмет бөлімінің басшысы Әмірдин Әлішевпен хабарласқанымызда ол бізге облыс әкімі аппаратының штатында Жақып Бөкенбаев деген азаматтың жоқ екенін мәлім етті.  Сонда мүлде штатта жоқ қызметкерге облыстық әкімдіктен барлық жағдай жан-жақты жасалған жақсы кабинет беру  қандай заңдылық аясында жүзеге асып отыр? Ол қойған сауалдарымызға «менің қатысым қанша?» деп ат-тонын ала қашудың орнына облыстың коммуналдық шаруашылық мәселесіне байланысты ресми басшыдан өзін кем санамай әжептеуір әңгіме қозғауын немен түсіндіруге болады? Тереңірек үңілсек түсінбейтін түгі де жоқ екен. 

...Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бұған дейін Инвестициялар және даму министрлігінде жауапты хатшы болып істеген. Мәселенің мән-жайы енді түсінікті бола бастайтын сияқты. Осыдан біраз уақыт бұрын ресми газетте облыс әкімінің энергетика және коммуналдық шаруашылық жөніндегі кеңесшісіне және облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысына конкурс жарияланған. Ж.Бөкенбаевтың сонау Астанадан ат терлетіп келгендегі мақсаты осы екі креслоның біріне отыру десек қателеспеуіміз мүмкін. Тек қайсысы? Кеңесшілік пе, әлде басшылық па? Ел аузындағы «барлық мәселені осы кісі шешеді» деген әңгіме рас па?  

Естеріңізде болса, Асқар Мырзахметовтың тұсында дәл осы басқармаға басшы құтаймай, қайта-қайта ауыса бергені мәлім. Бейбіт Атамқұловтың кезінде «тұзы жеңілдеу» басқармада нендей өзгерістердің болатынын кім білсін? Әйтеуір, қылышын сүйретіп қыс келіп қалғанда ел жарық, жылусыз шулап жүрмесе деңіз.     

Мұрағаттан, 2015 ж

Мырзахметов оңтүстіктегі ықпалынан оңайлықпен айырылғысы жоқ
Облыс әкімі өткізген жиында журналистердің құқығы шектелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу