Мырзахметов оңтүстіктегі ықпалынан оңайлықпен айырылғысы жоқ
Фотода Берік Оспанов
«Нұр Отан» бақыласын», «Нұр Отан» мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қатаң қадағаласын» деген сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиындарда үнемі айтып келеді. Алайда «Нұр Отанның» әкімдіктер мен министрліктердің атқарған жұмыстарын ұсақ-түйегіне дейін таразылап, ішек-қарнын ақтарып тұрып бағалап жатқанын әзірге байқай алмай жүргеніміз рас. Осы олқылықтың орнын Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған жылдары «талдау, талдау» деген сөзді жиі қайталайтын, екі ай бұрын еліміздегі жетекші партияның бірінші орынбасарлығына тағайындалып Астанаға ауысқан Асқар Мырзахметов толтыра ала ма? Бұл алдағы уақыттың еншісінде.
Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда қызметіне тағайындалғанына екі айға жуықтаған Асқар Исабекұлында тыным жоқ. Өңірлерді аралап, партияның облыстық филиалдарының жұмысымен танысып шығыпты. Бір сөзбен айтқанда, өткен-кеткенді сараптап, алдағы атқарылар жүмыстарды жоспарлап алған сияқты. Осы екі ай ішінде А.Мырзахметов делегацияны бастап Қытай жеріне де барып қайтты. Қытай Коммунисттік партиясы мен «Нұр Отан» партиясы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Тәжірибе алмасу, кадрларды даярлау жөнінде уағдаластық жасады. («Нұр Отан» енді Қытайдың Коммунисттік партиясымен тәжірибе алмасып қана қоймай, соның қазақстандық үлгісіне айналуы әбден мүмкін).
А.Мырзахметов әдеттегіше жұмысты ақпарат жинаудан, талдаудан бастап жатыр. «Аудан-облыс-орталық» деп аталатын жаңа жүйе енгізілді. Яғни осы жүйе бойынша барлық ақпараттар ауданнан Астанаға үздіксіз жетіп тұрады. Жергілікті филиалдарға баса мән беріледі. Филиалдардағы қызметкерлер саны 43 пайызға, дәлірегі 353 штатқа көбейтілді. Алдағы айда партияның 27 регламенттеу құжаты қабылданбақ. Соның ішінде Парламентке, мәслихаттар депутаттығына партиядан үміткерлерді іріктеу критерийлерін қабылдау, қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жасау, кадрлық резерв және құжат айналымын қысқарту жөніндегі құжаттар әзірленбек. Орталық аппараттың инспекторлары ай сайын өңірлерге шығып, талдау жүргізеді. Оның қорытындысы жөнінде есеп беріліп, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы мен өңірлердің өзекті мәселелері жіті назарда ұсталмақ. Партия басшыларының осы аптада өткізген жиынында А.Мырзахметов өңірлерді бақылаудың күшейтілетінін тағы да қайталап айтты...
Өңір демекші, партияның облыстық филиалдарында кадрлық ауыс-түйіс те жасалды. Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Берік Оспанов келді. Бұл қызметті бұған дейін атқарған Алмасбек Мамытбеков жуырда облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы болып тағайындалған болатын. Жаңа бірінші орынбасар көп күттірген жоқ.
Берік Оспановты жаңа бірінші орынбасар, бұрынғы бірінші орынбасар десе те жарасады. Ол күні кешеге дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған Асқар Мырзахметовтың бірінші орынбасары болған. Экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институттарында бастаған. 2002 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінде бөлім басшысы, кейінірек департамент директоры болған. Асқар Мырзахметов бұл кезде ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін атқарғаны белгілі. Мырзахметов пен Оспановтың жолдарының түйіскен тұсы осы кез десек қателеспейтін шығармыз. Қанша дегенмен өмірде кездейсоқтық деген болмайды ғой. Асқар Мырзахметов 2009 жылдың наурызында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне кірісті. Берік Оспанов бірінші орынбасардың креслосына арада бір ай өткен соң келіп отырды. Мырзахметовтың алты жылдан астам уақытқа созылған әкімдік қызметінде оның ауыспаған жалғыз орынбасары осы Б.Оспанов. Бірінші орынбасарлық қызметін ол «қоңыраудан қоңырауға» дейін атқарды десек болады. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық сияқты ең жілікті, мемлекеттік бағдарламалар бойынша миллиардттаған қаржыларды игеріп, тендер ойнатып жатқан салаларға жетекшілік етті. Мырзахметов толығымен үміт арта алатын екі кадр болса соның бірі Берік Оспанов екендігіне бұдан артық дәлел келтіру қажет емес шығар.
Облыстың тізгінін Бейбіт Атамқұлов алған бойда Б.Оспанов жылы орнын суытты. Алғашқыда оның еңбек демалысына кеткені айтылды. Бірінші орынбасарлықтың орынтағы Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға бұйырған кезде барып Б.Оспановтың қызметімен хош айтысқаны белгілі болды. Енді міне, араға екі ай салып Б.Оспанов тағы да бірінші орынбасарлыққа келді.
Жалпы, облыста Асқар Мырзахметовтың соңынан біраз кадрдың еріп кеткені белгілі. Бүгінде олар «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратынан бір-бір лауазымды иеленді. Асқар Мырзахметовтың ең сенімді кадрының бірі--Берік Оспановтың Астанадағы биік креслолардың бірін иеленбей, Шымкентте қалып кетуінің астарында не жатыр?
Жоғарыда «Нұр Отанның» алдағы уақытта атқарушы билікке бақылауды күшейтіп, әрбір мәселені жіті назарда ұстауға көшетінін айттық. Партия күні ертең өтетін мәслихат сайлауында бақ сынайтын үміткерлерді іріктеудің де жаңа жүйесін жасап жатыр. Бұл алдағы уақытта партияның мәслихатты жасақтаудағы маңызы арта түседі деген сөз. Қазына қаржысының жұмсалуын, берілген тапсырмалардың сапалы орындалуын да «Нұр Отан» қатаң қадағалайтын болады. Тіпті, «Нұр Отан» жұмысынан ши шыққан облыс әкімін орнынан алып тастауы да әбден мүмкін. Партияның барлық жерде құзыры жүреді, барлық жерде «көзі мен құлағы» болады. Осындай қызу тірлікті қолға алған Мырзахметов халқы тығыз қоныстанған, саяси аурасы ауырлау облысты Берік Оспанов сияқты сенімді кадры арқылы бақылап, аймақтағы күні кешеге дейін дәурені дүркіреген өзінің ықпалы мен саяси салмағын сақтап қалуды да ойластырған сияқты. Ол тікелей өзі тағайындаған талай кадр әлі ат үстінде жүргенін ескерсек, өңірдің өзінен кейін қалай тыныс алып жатқанын үнемі назарында, ықпалында ұстағысы келетінге ұқсайды. Яғни алдағы уақытта жұрт Берік Оспановтың не Бейбіт Атамқұловтың орынбасары екенін, не Асқар Мырзахметовтың орынбасары екенін айыра алмай қалуы әбден мүмкін. Бұл Оспановқа да оңай соқпас. Ең күрделісі, нағыз ушығатын тұсы сол, көп ұзамай өтетіні белгілі болып қалған алдағы сайлауда депутаттықтан үміткерлердің қайсысы праймеризде жеңіп шығуы керектігі туралы нақты тапсырма берілгенде, арнайы тізім түзілгенде екі оттың ортасында қалатын ол кімді көбірек тыңдайды, Атамқұловты ма, әлде Мырзахметовті ме? Ал депутаттық корпустың кем дегенде 80-90 пайызы «нұротандықтардан» құралатыны, партияішілік праймеризде қайсыларының бағы жанса ілуде біреулері болмаса сол праймеризден сүрінбей өткендерді сайлауда да жеңімпаз атандыратыны елге таңсық дүние емес. Алдын ала қорытындысы шешіліп қоятын бұл жаттанды сценарий осы жолы да қолданылатыны даусыз. Өз кезегінде мандаттан дәмелілер кімнің ықпалымен депутаттық корпустың құрамына кірсе, соның ықпалымен жүретіні жазылмаған заңдылық. Жаңадан басшысы ауысқан жергілікті атқарушы биліктегілер болса алдағы күндері жаңадан жасақталатын сол депутаттық корпуспен келісімге келмей, кеңесіп алмай өздіктерінен маңызды шешімдер қабылдауға қауқарсыз. Міне, жаңа депутаттық корпустың жасақталуына кімнің ықпалы көбірек тиді деген сауалдың қабырғасынан қойылатыны да осы тұс. Арғы жағы айтпаса да түсінікті.
Тағы бір жорамал. Облыстың бірінші орынбасары қызметінен саяси партияның облыстағы филиалына бірінші орынбасар болып бару Берік Оспановтың тақиясына тар келмей ме деуіңіз заңдылық. Кім біледі? Мәжіліс сайлауының алдағы бір жылда өтетіні айдан анық. Төменгі палатаның жаңа құрамы бұл жолы мейілінше жастардан жасақталуы мүмкін. Партия төрағасы Елбасының кейінгі кездері жастарға көбірек үміт артып жүргені мәлім. Берік Оспанов ауыл шаруашылығының кәнігі маманы, экономика ғылымдарының докторы екенін жоғарыда айттық. Қырықтың қырқасына енді шығатын, келешегінен үміті мол жас кадр. Күні ертеңгі сайлауда Б.Оспанов партиялық тізімнің бел ортасынан табылып жатса таңқалмаңыз.
Жәнібек ТАРХАН,
«Рейтинг» газеті, №38 8 қазан 2015 жыл