Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Мемлекеттік билік әлжуаздығының рейтингімен айналысатын америкалық зерттеу орталығының 2015 жылға арналған баяндамасы жарияланды. Бұл рейтинг ағылшынша «Fragile States Index» деп аталады. Мақтанарлық жаңалық – Қазақстан осы мемлекеттік билік әлжуаздығы индексі бойынша Еуропалық Одаққа еніп кеткен Латвия, Литва және Эстонияны – Балтық бойы елдерін қоспағанда, посткеңестік елдер ішінде алдынғы қатарға шықты.
178 ел ішінде біз 110-шы орынды иелеп отырмыз. Орын төмен болған сайын мемлекеттің индекстік дәрежесі жоғары болатынын айта кетейік. Ресей 65 орынды, ал Өзбекстан тіпті – 51 орынға түсіп қалды.
Бұл рейтинг Американың екі ұйымы – Бейбітшілік қоры (The Fund for Peace) мен «Сыртқы саясат» (Foreign Policy) журналының зерттеулері негізінде жасалады. Бұл 2005 жылдан бері жарияланып келе жатқан рейтингте мемлекеттік биліктің өз ауқымын, елдегі демографиялық, саяси және экономикалық жағдайды бақылау қабілеті сияқты өлшемдер ескеріледі. Сондай-ақ, бұл рейтингте мемлекеттік институттар – саяси басшылық, армия, полиция, сот жүйесі мен азаматтық қызметтердің мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабілеті де бағаланады.
Әлемнің ең әлжуаз мемлекеттері – (бірінші бестік) африкалық мемлекеттер: Оңтүстік Судан, Сомали, Орталық Африка Республикасы, Конго мен Судан. Ал ең тұрақты, ауқатты, мемлекеттік институттары өз өкілеттіктерін үздік атқаратын елдер – Еуропа елдері. Ішіндегі маңдайалдысы – Финляндия.
Американдық зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанда қоғамдық қызметтер – денсаулық сақтау, білім саласы, санитарлық қызметтер, білім мен қылмыстық деңгейі, инфрақұрылымдардың қол жетімділігі, интернет пен электр энергиясының сенімділігі мен үзіліссіз берілуі жағынан біздің еліміз көптеген елдерден оқ бойы озып келеді.
Қазақстанның сыртқы әскери-саяси күштерге тәуелділігі әзірге қауіп төндіретін дәрежеде емес екен. Бұл саладағы елдің көрсеткіші Шығыс Еуропа елдері деңгейінде.
Енді басты көрсеткіштердің бірі болып табылатын бағыт – ауыл тұрғындары мен қала тұрғындарының ауқаттылық деңгейі – 4,7 баллды құрап отыр. Аса жоғары балл емес, бұл мемлекеттің ауыл тұрғындарына қарай бет бұрып, ауылдың инфрақұрылымын – жол, газ, ауыз су, интернет тағы басқа игілікткердің қол жетімділгінің арттырып келе жатқанының айғағы. Әрине, мұнда да жемқорлық деңгейі жоғары, бірақ ауылдың инфрақұрылымы бірте-бірте жөнделіп келеді. Бұл өзгерісті мұхиттың аржағындағы әріптестер де байқап отыр екен.
Қазақстанның біраз ақсап тұрған жері – биліктің легитимдігі, яғни биліктің заңдылығы мен сол биліктің қайнар көзі болып табылатын халықтың атынан өкілеттік алу жағдайы. Әдетте биліктің легитимдік мәселесі сайлауларға келіп тіреледі. Ал сайлаулардың өтуі – әзірге демократиялық қауымдастықты қанағаттандырмай келеді.
Зерттеулер мемлекеттік билік әлжуаздығы индексінің экономикалық дамуға, елдің ауқаттылығына тікелей байланысты екенін көрсетіп отыр. Бұл индекс қаншалықты жоғары болған сайын ел тұрғындарының ауқаттылығы мен экономиканың басты көрсеткіші – Жалпы ішкі өнімнің көлемі арта береді екен. Сондықтан бірінші кезекте дамушы елдер мемлекеттік билік әлжуаздығы индексінің жоғары болуына мүдделі. Қазақстанның бұл рейтингтегі ілгерілеуі – ел дамуының белгілі, жағымды көрсеткіші деуге болады.
Мұрағаттан, 2015 ж