Әбдірахымов құрылыста «арзанның сорпасы татымайтынын» мықтап тұрып ескертті

Oinet.kz 17-05-2019 1146

Screenshot_18.jpg

Жасыратыны жоқ, бізге әкім болып келген азаматтарды жұртшылық екіге бөліп қарайды. Біріншісі—«іштен шыққан» жергілікті кадрлар, екіншісі--Астанадан келген кадрлар. Байқайсыздар ма, Астанадан келген кадрлардың алғашқыда айқайлай беретіні бар.  Астаналықтардың арманшыл,  «тың идеяға» құмар екендігі де, сонымен бірге шікәмшіл, кінәмшіл келетіні де  рас. 

«Бұған дейін бұл жерде билік болған ба өзі?», «Бәрі бетімен кеткен, ешқандай тәртіп жоқ»,   «Маған дейін осы жерде әкім болып па еді?». Жоғары жақтан, Астанадан ат ауыстырып  келген кадрлардың  сөз сықпыты да көбіне осылай басталатынын бұған дейінгі  облысымызды басқарған  қай әкімдер көбірек  айтқанына терең үңілмей кеткен кадрдың аттарын атап түстерін түстемей-ақ қоялық.  Түйеден түскендей сөздерді көпшіліктің алдында көп айту әлі жалғасып келеді. Ештеңеден тайсалмайды. Тіпті прокурорлардың, мәслихат депутаттарының өздеріне де шүйлігіп қояды ( Бәлкім әзірге ештеңені бүлдірмеген, ештеңені әлі ішіп-жемеген адам осындай батыл болатын шығар). Бірақ өзіне дейінгінің атына  бірдеңе айтқысы келген әкімнің «өзімнен кейінгі мен туралы не айтар екен?» деген мәселені де ойланып қойған жөн-ау дейміз. Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыздар?  

Естеріңізде болса, Қазақстандағы үшінші мегаполис мәртебесіне ие болып, Елбасының өзі ерекше бақылауға алған Шымкенттің дамуына облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов біршама еңбек сіңірді. Алты жылдан астам уақытта Шымкент адам танымастай өзгерді десе артық айтпағанымыз. Қаланың жаңа іскерлік-әкімшілік орталығы салынып, қаншама спорттық, мәдени ғимараттар бой көтерді. Саябақтар жаңарды. Шымкентте демалатын нысандар көбейді, көшелер кеңейді. Саябақ демекші, былтыр Тәуелсіздік күнінде Мырзахметов бастаған шығармашылық топтың «Тәуелсіздік саябағы» жобасы үшін мемлекеттік сыйлық алғаны да есте… Сөйткен Мырзахметовтың мінін айтатындар қазірдің өзінде табылып үлгерді. Рас, облыстың бұрынғы әкімінің атқарған жұмыстарында кеткен кемшіліктері бұған дейін де айтылған. Бір-екі жолы Елбасының аузымен, ал көбіне тәуелсіз ақпарат құралдарында айтылды, жазылды.  Облыста, Шымкент қаласында  басшылық құрам жаңарғанына көп те бола қойған жоқ,  экс-әкімнің кезінде кеткен кемшіліктерді  енді шенеуніктердің өздері де ашық айта бастаған сияқты. 

Былтыр күзде ақпарат құралдары қаладағы Рысқұлов көшесінің бойынан салынып жатқан жолүсті көпірін жарыса жарнамалағаны бар. Несін айтасың, мұндай көпір бұрын-соңды болмаған. Болмақ түгілі, түсіңізге де кірмеген. Көпірдің үстінде түнгі уақытта жарық жанып тұрады. Пандус орнатылады. Ең бастысы, бұл көпірге жаңбыр суы тұрмайды екен. Ал қыста қар жатпайды. Себебі көпірдің едені  жылытылады. Яғни, қыста тұрғындар тайғанақтамайды, аяғын нық басып кете береді. Әрине,  мұндай нысанның құны да аз емес. Бюджеттен бақандай 129 миллион теңге жұмсалған. Былтыр күзде Рысқұлов көшесін жауып тастап, мамандар құрылыс жұмыстарын қызу жүргізді.  Жұрттың аузынан су ағызып, ындынын құртқан нысан ақыры пайдалануға берілді. Алайда жарыса жарнамалаған көпірдің тиімділігінен гөрі, тиімсіздігі көбірек екен. Оны айтасыз мұндай көпір адам өмірі үшін қауіпті болып шықты. Дәлірегі, Шымкенттің жаңа әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай дейді. Жуырда осы көпірді қарамағындағы қызметкерлерімен барып көрген әкім өзінің ой-пікірін іркілместен ашық айтып салды. 

Жолүсті көпірінен жоласты көпірі тиімдірек екен. Жолүсті көпірі қауіпті. Біреу өзін-өзі тастап жіберуі мүмкін, біреу біреуді итеріп жіберсе төменде ағылып жатқан көліктің астына барып түседі. «Арзанның сорпасы татымайды» деген рас. Мынау соның өзі. Басқа жерден үнемдесек те халыққа қажетті осындай нысанға ештеңені аямау керек еді» дегенді айтты қала әкімі. Әкімнің бұл сөзін жоққа шығаруға болмайды. Расында да жолүсті көпірлері күткендей нәтиже бермейді. Байтұрсынов көшесінің бойындағы, №47 мектеп жанына орнатылған көпірді алып қараңызшы. Жүргіншілер аяққа салмақ салып, жоғарыға көтерілгенше көшені кесіп өте салғанды дұрыс көреді. Т.Рысқұлов көшесінің бойындағы көпір де соның кебін киген... Рәсуа болған 129 миллион теңге-ай десеңізші. 

Енді не істеу керек?  Ғ.Әбдірахымов жаңа иядеяға келгенде қамшы салдырмайтын шенеунік сияқты. Ол көпірге жүргіншіні қиындықсыз шығару үшін эскалатор орнату керек дейді. Мұндай жоба бұрын да болған екен. Бірақ жобалаушылар ұсынған дүниені жоғарыдағы әкімдер қолдамапты. «Не, көпірге экскалатор орнататындай Шымкент Лас Вегас па?» депті. Ғ.Әбдірахымовтың осы әңгімені естігеннен кейін ғой «Шымкент Лас Вегастан да әдемі болуы тиіс» деп жүргені. Әрине Лас-Вегас қайда, Шымкент қайда? Шымкент мұхиттің арғы жағында аспанмен таласқан зәулім үйлері бар Лас Вегасты былай қоя тұрып, Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполис мәртебесін сақтап қалса да жаман емес қой.  

Қысқасы, көпірге енді эскалатор орнатылады. Мамандар «бұған көп электр қуаты кетеді, шығын өзін-өзі ақтай ма?» дегенді алға тартып еді, әкім «көпірдің үстіне күннен қуат алатын қондырғылар орнатамыз» деді. Бұл жобаның қандай болары, қаншалықты жүзеге асатыны әзірге белгісіз.  Дегенмен Шымкенттің тіпті, облыстың бас архитекторы атанып, ғаламат жобалары үшін уақтысында Сәулетшілер одағының құрметті мүшелігіне қабылданған, былтыр бір топ сәулетшілермен бірге Мемлекеттік сыйлық алған Асқар Мырзахметовтың ойына бұл неге келмеді екен дейсің? Бюджеттің бүйірі тоқ кезде неден тартынды? Халықтан неге аянды?

Қысқасы, дәл қазір шенеуніктер бұрынғы басшылардың кезінде жіберілген қателіктерді қызармай, қашқақтамай айтуға көшті. Қашаннан бері жалғасып келе жатқан жазылмаған заңдылық қой. Әлі алда  не айтылатынын кім білсін?

Мұрағаттан, 2015 ж

Бапаевтың басынан бақ тайды ма?
Сайлау - Қазақстанның осал жері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу