Облыс әкімі өткізген жиында журналистердің құқығы шектелді
Жалпы, мүгедектердің мұңы «Рейтинг» газетінің бұған дейін де жиі қозғап келе жатқан тақырыбы. Жалпылама емес, нақты азаматтардың мұң-мұқтажы талай мәрте мәселе ретінде көтерілді және алдағы уақытта да айта түсеміз. Елбасының тікелей тапсырмасы негізінде қабылданған мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бағдарламасының өңірімізде орындалмай келе жатқаны қазір ашық айтыла бастады. Сондай-ақ, Заңда көрсетілгендей жұмыс орындарының жалпы санының үш пайыз мөлшерінде мүгедектерді жұмыспен қамту талабы да тасада қалды. Айталық, биыл осы мақсатта 1193 жұмыс орнына квота белгіленсе, шын мәнінде жұмыспен қамтылған мүгедектер саны 517-ден аспаған. Бұл жерде «мүгедектер жалқаулық танытып отыр» деп онсыз да тағдырдан теперіш көрген жандарды кінәлаудан аулақпыз, керісінше, көптеген мемлекеттік және жеке меншік мекемелер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдағысы келмейді. Бармаған жері, ашпаған есігі, тоздырмаған табалдырығы қалмаған сондай жандардың бірі ІІ-топ мүгедегі Нәбира Мұхамадаминова ақпарат құралдары арқылы әділдік іздеп жүргеніне біршама уақыт болды. Әзірге нақты нәтиже жоқ. Сондағы бар жазығы мүгедек болғандығы. Бұл бір ғана мысал. Шындығында Елбасының тікелей тапсырмасы арқылы қабылданған арнайы бағдарламаның орындалуы оңтүстікте олқы соғып тұрғанын осы салаға жауапты мамандардың мойындамасқа амалы жоқ.
Оңтүстік Қазақстан облысында есепке алынған мүгедектердің саны 108 923. Мүмкіндігі шектеулі мұндай жандар үшін бірінші кезекте мемлекет тарапынан оңалту құралдармен және әлеуметтік қызметпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Осы мақсатта 2012 жылы 1,5 миллиард теңге бөлінсе, биыл 3,1 миллиард теңге бөлінген, яғни соңғы үш жылдың ішінде қаралған қаражат көлемі екі есеге артты деген сөз. Алайда, мұнымен мүгедектердің мұң-мұқтажы толық шешіліп отыр деп біржақты айтуға болмайды. Аталған қаражаттың арқасында биыл 11 254 адамға оңалту құралдары сатып алынып, мүгедектерге толығымен жеткізілген. Ал, әлеуметтік қызметпен жыл соңына дейін 19 мыңнан астам мүгедек қамтылады деген жоспар бар. Бұл туралы кешегі аптада әкімшілік іскерлік орталығында өткен «жартылай жабық» (журналистерді басында ғана қатыстырып, кейін шығарып жіберген жиынды өзгеше қалай атарымызды білмедік. Ш. М.) мәжілісте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өз баяндамасында мәлім етті.
Әсия Құралқызының айтуынша, осыншама қаражаттың қаралып жатқанына қарамастан олқылықтар әлі де аз емес екен. Мәселен, бүгінге дейін жоспарланған сурдотехникалық құралдардың 80,6, қоларбалардың 82 пайызы ғана мұқтаж мүгедектерге жеткізіліп берілген. Мүгедектердің мұңына салғырт қарайтын аудандар ретінде Бәйдібек, Шардара, Сарыағаш, Мақтарал, Түлкібасты тілге тиек етсе, санаторлық-емдеу мәселесіне Шардара, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мардымсыз қаржы бөліп келген. Ал, Кентау қаласы бұл мақсатта көк тиын да қаражат шығындағысы келмепті. Инватакси мәселесі Шымкент, Түркістан қалаларында жақсы жолға қойылса, одан бөлек Шымкент қаласы, Сайрам, Созақ, Түлкібас аудандарында әлеуметтік такси қызметі жұмыс істейді. Қалған аудан-қалаларда қажетті қаржы тиісті деңгейде көңіл бөлінбеу салдарынан бұл жұмыстар ақсап отыр.
Мүгедектер мұңы көтерілген жерде олардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірден-бір қажеттілік – пантус мәселесі екені түсінікті. Өйткені, біздің қоғамда мүгедектердің төрт мүшесі түгел азаматтармен бірдей деңгейде қажетті жеріне барып, керек мекемесінің табалдырығын аттауға, яғни қолжетімді орта қалыптастыруға жағдай толыққанды жасалмаған. Соңғы жылдары кез-келген қоғамдық немесе өзге де ғимараттарға пантус орнату қолға алынғанымен, сапа тұрғысынан дұрыс жолға қойылмай келеді. Әсия Құралқызының келтірген дерегіне жүгінер болсақ, облыс бойынша 4083 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 81,2 пайызына, яғни 3316-сының пантусын бейімдеуден өткізу қажеттігі белгілі болған. 2015 жылы 621 нысанның пантусын бейімдеуден өткізу жоспарланса, соның 47 пайызы ғана орындалып отыр. Салғырт қараған аудандар тізіміне көз жүгіртсеңіз «қара тізімнің» қатарынан тағы да Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтарал, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас аудандарының аттарын кездестіресіз. Сонда аты аталған бұл ауданның басшылары не себепті мүгедектердің мұңына құлақ асқысы келмейді екен? Әлде «басқа түспей баспақшыл» мінез танытып жүр ме?
«Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 198 нысанның пантусының мүгедектер үшін қаншалық қолайлы екенін тексеріп шығыпты. Тексерілген нысандардың 70 пайызындағы жағдай нормаға сәйкес келмейді екен. Бұл 140 нысанда кемшіліктер анықталды деген сөз. Мәссаған безгелдек, көзбояушылықтың көкесі осы емес пе? Пантус бар ма, бар, ал оның қолайлылығында, сапасында шаруам жоқ деген немқұрайдылықтың шынайы көрінісі емес пе бұл?! Пантустың көпшілігінің биіктік деңгейі, яғни «уклоны» нормативке сәйкес келмейді, ал тең жартысының үстінен шатыр орнатылмаған. Қар мен көк тайғақта мүгедектер үшін мұның қандай қиындық тудыратынын айтудың өзі артық. Сол секілді пантустардың беттерінде төсеніші жоқ, есіктердің ендері тар, әрі кедергі келтіретін табалдырықтары алынбаған. Ауладағы тротуарлар қоларбаға таңылғандар үшін мүлдем қолайсыз. Мұның барлығы әрине, жаныңды жабырқататын келеңсіз жайттар, ал одан да сорақысы - былтыр анықталған бұл кемшіліктер әлі күнге дейін ретке келтірілмеген. «Басы ауырмағанның қасында жаның ауырмасын» деген осы шағыр.
Жоғарыда аталған 108 923 мүгедектің 27740-ы еңбек жасындағы, жұмыс істеуге қабілетті есептеледі. Бірақ, бұлардың 64 пайызының бүгінгі таңда мүлдем мамандығы жоқ. Бұл олардың жылдам және тұрақты жұмысқа орналасуына кедергісін келтіреді. «Мүгедек жандардың көпшілігінің мамандығы жоқтығын, орта білімді екенін ескерсек, қысқа мерзімде біліктілігін арттыру жұмысын жандандыруымыз керек. Өз тарапымыздан қашықтықтан оқыту жобасын дайындап отырмыз» дейді баяндамашы Ә. Темірбаева.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында табысы жеткілікті, бала күтімінде отырған немесе жұмыстан бас тартқан азаматтарды қоспағанда жұмыс істеуге ынталы 5269 азаматты 3 жылдың ішінде жұмыспен қамту қажеттігі анықталып, үш кезеңге бөлінген меже жасалған. Осы меже аясында 2014 жылы 2221 азамат жұмыспен қамтылды. Ал, 2015 жылы 2267 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 8 айда жұмысқа нақты орналасқаны - 1424. Бұл 63 пайызды құрайды. Облыстық деңгейде меже орындалып келе жатқанымен, кейбір аудан-қалалар – Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Шардара, Кентау, Түркістанда бұл мәселе қатаң бақылауды қажет етеді. Айта кеткен жөн, мүгедектерді жұмыспен қамтуда жыл сайын ұйымдастырылатын бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкенің көп жәрдемі тиіп отыр екен. Айталық, 2014 жылы облыс бойынша 35 жәрмеңке ұйымдастырылып, 542 мүгедек жұмыспен қамтылса, биыл өткізілген 16 жәрмеңкеге қатысқан 557 мүмкіндігі шектеулі жанның 40 пайызы екі қолға бір күрек тапты.
Регламент бойынша негізгі баяндамашыға берілген 15-20 минуттың ішінде мүгедектердің мұңы осылайша баяндалды. Мұны облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бірден «шикарный баяндама» деп бас бармағымен бағалады. «Әп-сәтте әр адамның басына түсуі немесе әр отбасының бір мүшесі жолығуы мүмкін мүгедектік мәселесіне, оларға жағдай жасауда жүрекпен жұмыс істеу керек, бүгінгі айтылып отырған мәселеде формализм жүрмейді. Сол себепті, мүгедектердің мұңын шешуге қатысты кез-келген ұсыныстарыңызды талқылауға, шешімдеріңізді қолдауға дайынмын» деді облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы. Ол аудан, қала әкімдерінің бұл саладағы жұмыстарына көңілі толмайтынын, дәл мағынасында айтсақ, «огорчен» екенін бірден айтты. «Бай-бағландармен байланыстарыңыз жақсы, Сіздер мүгедектермен де байланысты күшейтіңіздер, олардың қалай өмір сүретінін назарға алыңыздар, оларға қандай қиын екенін көріңіздер. Алдағы уақытта мүгедектер мәселесін әрқайсыңыздан жеке-жеке сұрайтын боламын». Облыс әкімі қызметіне келгелі жылы жүзін көбірек көріп үйренген журналистер үшін әкімнің мінезінің тағы бір қырын – қатқылдау тұсын толық байқаудың сәті түспеді. Өйткені, әңгіме ауаны осы жерге келгенде «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» - журналист атаулы залдан түгел шығарылды. Мүгедектердің мұңы айтылған мәжілістің жұрттан неге жасырылғанының себебін түсіне алмадық. Бұл бір.
Екіншіден, жұрттан жасырынып жұмыс істеудің соңы жақсылыққа апармайтыны осы кезге дейін қаншама рет дәлелін тапқан дүние. Әрине, құпиялық күшейген жерде даудың да үдейтіні табиғи заңдылық. Мүгедектер мұңы айтылған мәжіліс біріншіден 30-40 минутқа кеш басталды. Жиналғандар облыс әкімінің селекторлық мәжілістен келуін күтіп отырды. Селекторлық мәжіліс ойламаған жерден басталған жоқ, оның өтетіні күні бұрын белгілі болды және оның қанша уақытқа созыларын да ешкім тап басып айта алмайны анық. Осылай болса да жұртты, соның ішінде журналистерді де жиналысқа ерте жинап, күттіріп қойғаны былай тұрсын, мәжіліс енді басталып, негізгі мәселелер қозғалар тұста қалам мен микрафон ұстағандарды залдан шығарып жіберуі олардың құқын таптау емес пе? Мүгедектер мұңы жұрттан жасыратындай мемлекеттік құпия емес шығар. Облыс әкімінің келуін 30-40 минут күтіп, жиынға бар болғаны 15-20 минут қана қатысып, одан кейін мәжілістен мәжбүрлі түрде шығарып жіберіп құқығын шектейтіндей журналистердің тағдыры облыс әкімдігі үшін ойыншық болғаны ма? Бұған ақпарат құралдарының жұмысын үйлестіретін саланың күні кеше тағайындалған су жаңа басшысы, яғни облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасын басқаруға лайық деп танылған Алмасбек мамытбеков не дер екен? Бәлкім, Бейбіт Бәкірұлы журналистерді залдан шығарып жіберу жайлы тапсырма бермек түгілі бұл оқиғадан бейхабар да болар. Әкімқаралардың сынға ілігер салғырт жұмыстарын жұрттан жасырудың тиімді тәсілін облыс әкімінің баспасөз қызметіне жетекшілік жасау міндетін атқарып жүрген Рауан Есқали ойлап тапқаны болуы мүмкін. Мемлекеттік құпияға жатпайтын мүгедектердің мұңын «Халықтың тілі, көзі һәм құлағы» журналистерден жасырғанда онсыз да тағдырдан теперіш көрген жандарға жаны ашымастық танытып жүрген шенеуніктердің абырой-беделі аспандап кетеді деймісіз?!
Ш.Мекенбайұлы,
Мұрағаттан, 2015 ж