Ағасы Мәжіліске, інісі мәслихатқа. Сайлау қызықтары
Мәжіліс пен мәслихат сайлауына түсіп, елдің сенімін арқаласақ деген кандидаттарды тіркеу аяқталып, сайлауалды үгіт-насихат шаралары қызу жүріп жатыр.
Бұл сайлау алдыңғы сайлаулардан өзгешелеу өтіп жатыр десек те бәрібір сол баяғы лас әдіс-тәсілдер мен жаттанды сценарийлер қайталануда. Тіпті кейбіреулер құзырлы органдардың алдын ала ескертуіне қарамастан үміткердің ар-намысына тиетін ақпараттарды оңды-солды жариялауға, түрлі интригаларға баруға көшті. Бұл сайлау біраз адамның бет пердесін шешетін сияқты.
Ағасы Мәжіліске, інісі мәслихатқа...
Есесіне, кейбір округта үміткерлер бір-біріне құрмет көрсетіп, інілік ізетпен қарсыласының пайдасына кандидатурасын алып жатыр. Айталық Сайрам ауданындағы №8 округтан бақ сынап жатқан Уәлихан Олжасхан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретіндегі өз кандидатурасын алатынын әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті. «Менімен бірге облыстық мәслихат депутаттығына Жамалбеков Нұржан ағамыз түсуде. Ол кісімен талай жылдан бері таныспыз. Қазақ қашанда үлкенді үлгі тұтып, әрдайым сыйлаған. Аудан тұрғындарына қатысты ұтымды шешім қабылдауда толық тәжірибеге ие деп білем»,– деген ол ағасы Нұржанға жол беретінін айтып, көпті көрген азамат екендігін байқатты.
Бір-біріне «сен түс, мен түс» деп өзара сый-құрмет көрсетіп жатқан кандидаттардың ешқайсысы да осал емес. Нұржан Жамалбеков елге белгілі азамат Шәріпбек Жамалбековтің ұлы. Ал ағасына жол беріп отырған Олжасхан Уалихан рас болса, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты болған Сиқымбай Сағындықовтың ұлы көрінеді. С. Сағындықов 2020 жылы өткен Сенат сайлауында бақ сынап, бірақ інісі Әли Бектаевқа жол берген еді.
Осы округтан Шымкент қалалық, Түркістан облыстық мәслихаттарына депутат болған, белгілі бизнесмен Қайрат Сүлейменов те түсіп жатыр. Сүлейменовтің туған ағасы Жансерік Мұсаханұлының Мәжіліске Шымкенттен бақ сынап жатқанын бұған дейін де жазғанбыз. Қысқасы, ағасы Шымкенттен Мәжіліске, інісі Түркістаннан мәслихатқа. Әкесі Түркістаннан, баласы Шымкенттен дегенге де көп мысалдар келтіруге болады.
"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж