Күтіп алатын да, шығарып салатын да Базарбай Мұсабеков
Мәжіліс пен мәслихат сайлауына түсіп, елдің сенімін арқаласақ деген кандидаттарды тіркеу аяқталып, сайлауалды үгіт-насихат шаралары қызу жүріп жатыр.
Бұл сайлау алдыңғы сайлаулардан өзгешелеу өтіп жатыр десек те бәрібір сол баяғы лас әдіс-тәсілдер мен жаттанды сценарийлер қайталануда. Тіпті кейбіреулер құзырлы органдардың алдын ала ескертуіне қарамастан үміткердің ар-намысына тиетін ақпараттарды оңды-солды жариялауға, түрлі интригаларға баруға көшті. Бұл сайлау біраз адамның бет пердесін шешетін сияқты.
Айтпақшы, үміткерлер арасында бұрын сотты болғандар да кездесуде. Біреудің атын атап, түсін түстеуден аулақпыз. Кім біледі, бәлкім соттылығы заңға сәйкес алынған шығар. Дегенмен өткен өмірі бұралаң, қылмыс жасап, жаза арқалаған азаматтарға елдің сенімін жүктеу ар мен адамгершілікке қаншалықты сияды? Бәріне уақыт төреші. Сайлаудағы бәсекелестік туыс-жегжаттың арасына іріткі салып жатыр. Шымкентке жақын аудандағы бір округтан бірін-бірі құдайындай сыйлауы тиіс құдалар бір-біріне қарсылас ретінде құжат тапсырып, енді өзара қырқысып жатқаны туралы ақпараттар келді. Енді екі жақтың құда болуына себепкер ұл мен қыздың ертеңгі тағдыры не боларын, олар отбасын сақтап қалу үшін екі оттың ортасынан қалай шығарын ойлаудың өзі санаңды сансыратып жібереді. Өкінішке қарай, Оңтүстікте бұл үйреншікті жағдайға айнала бастағандай. Бұған қайсыбір жылдары Мәжіліс сайлауына құдалар Қуаныш Айтаханов пен Төлебек Қосманбетовтің бір округтан түсіп, өзара бәсекелескенін мысалға келтірсек те жеткілікті шығар. Құда мың жылдық, ал мандат бес жылдық емес пе?! Бес жылдық мерзімнің өзі де сақталмай, Мәжіліс пен мәслихатты мерзімінен бұрын тарату әдетке айналды. Соңғы шақырылымның ғұмыры екі жылдан асқан жоқ. Сондықтан депутаттықтан дәмелілердің сайлаудан кейін де өмірдің барын «ұмытып кетіп жатқаны» қайран қалдырады.
Күтіп алатын да, шығарып салатын да Базарбай Мұсабеков
Саяси дода басталысымен Түркістан облыстық мәслихатына №2 округтан түсіп жатқан Базарбай Мұсабеков туралы қым-қиғаш мәліметтер айтылуда. Сайлау комиссиясының деректерінде Базарбай Мұсабеков кәсіпкер деп көрсетілген. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, кәсіпкерліктің сан түрін меңгерген нағыз әмбебап бизнесмен.
Түркістандағы қонақ үйлердің, басқа да қызмет көрсету нысандарының қожайыны көрінеді. Соңғы жылдары ресми мәліметтерде Базарбай Мұсабеков «Баянды-құрылыс компания» ЖШС-ның директоры ретінде аталған. 2007 жылдан бастап Түркістан қалалық мәслихатының, ал 2012 жылы өткен сайлаудан кейін Түркістан облыстық (Оңтүстік Қазақстан) мәслихатының депутаты. Додаға үнемі биліктің партиясы атанған «Аманаттың» («Нұр Отанның») жалауын желбіретіп шыққан. Саусақ бүгіп санап көрсеңіз, Базарбай Зүбайдуллаұлы осыменен бесінші шақырылымға депутат болғалы жатыр екен. «Жаңа Қазақстанда» Базарбай Мұсабеков сияқты бесінші шақырылымға депутат болғалы жатқан азаматты кездестіруіңіз екіталай. Мықтылық деп осыны айт!
Бәлкім депутаттың расында да ел үшін еткен еңбегі орасан шығар. Бірақ еткен еңбектің жемісі де жаман емес сияқты. Былтыр Базарбай Мұсабеков Түркістан қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде Президенттің Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталған. Депутаттың қайырымдылық шаралардан де шет қалмайтыны ақпарат құралдарында жарияланған материалдардан байқауға болады. Еңбек жолын қарапайым бригадирден бастап бүгінде тасы өрге домалаған бизнесменге дейінгі аралықта Базарбай Мұсабеков көп тірлік тындырған. Каналдар салған, Сырдариядан су тартқан, жол салған. Мейлі не істесе де халық үшін жасалып жатқан шаруалар ғой. Біздің айтпағымыз бұл туралы емес.
Базарбай Мұсабековтің депутаттық салада жинаған тәжірибесінің көптігі соншалықты 18 ақпанда сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталысымен Түркістан қаласындағы жарнамалық билбордттардың көпшілігіне өзінің суреттерін іліп тастаған. Мұны Түркістанға екі күннің бірінде баратын өзіміз де байқап жүрміз. Осылайша қазір Түркістанға келген қонақтарды Мұсабеков «қарсы алып», Мұсабеков «шығарып салатын» болған. Шамасы өзге әріптестері ауыздарын ашып, жұмысты неден бастарын білмей жүргенде Базарбай Мұсабеков жарнамалық орындардың бәрін алдын ала сатып алып қойса керек. Пысықтық, іскерлік деп міне, осыны айт!
"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж