Мәжіліс Мәсімовке сенеді екен
Осы жаңа-ескі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тағайындалғалы бері әні-міне кетеді деген әңгіме бір емес бірнеше рет айтылған болатын. Біз «кетіп бара жатыр» деп те жібердік. Жасыратыны жоқ, көпшілік оның орнын баса алатын азаматтардың атын атап, тегін түгелдеп те үлгерген-ді. Сөйтсек, аңқау басымыз аңғармаппыз, ұзақ отыратынын Кәрім Қажымқанұлы бір емес екі-үш рет айтыпты. Оның емеурініне, орысша айтқанда «тонкий намек» тастағанына мән бермегенбіз ғой. Әйтпесе, К.Мәсімов мырза осыдан 5 жыл бұрын Елбасы Үкімет басшысына кандидаттардың бірі ретінде таныстырғанда «Елбасының көмекшісі болғанмын және болып қала беремін» деп айтқан екен. Болғанын білетінбіз, «болып қала беретініне» мән бермеппіз. Сонымен бұл жолы да Үкімет басшысы «болып қала берді». Төменгі палата отырысының күн тәртібіндегі келесі мәселе - Үкіметке сенім білдіру туралы болатын. Конституция талабына сәйкес, республиканың Премьер-министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қойды. Мәжіліс төрағасы аталған мәселеге байланысты Кәрім Мәсімовтің хатын оқып берді. Үкіметке сенім туралы мәселеге дауыс беру кезінде депутаттардың 92-сі қолдап, 5-уі қарсы болды, ал 8-і қалыс қалды. Осы арада айта кетелік, палата отырысына 105 депутат қатысқан болатын. Дауысқа қарап, 92, 5 және 8-дің кімдер екенін шамалап отырған боларсыз. Сөйтіп, басым дауыспен төменгі палата Үкіметке сенім білдірді. Депутаттар алдында сөз сөйлеген жаңа-ескі Премьер-министр Кәрім Мәсімов әрдайым қоян-қолтық жұмыс істеп, диалогқа дайын екенін білдірді. «Осыдан 5 жыл бұрын Елбасы мені Үкімет басшысына кандидаттардың бірі ретінде таныстырғанда мен Елбасының көмекшісі болғанмын және болып қала беремін деп айтқан болатынмын. Мен осы сөзімді бүгін де қайталағым келіп отыр»,-деді Кәрім Мәсімов.
Осымен бесінші жыл үкіметті басқарып отырған Кәрім Мәсімов туралы өзіміздің мемлекеттік БАҚ-тан қалыспай Ресей баспасөзі де жарияға жар салып, жазу үстінде. «Қазақстанға, - дейді орыс баспасөзі, - Мәсімовтен басқа үкімет басшысының қажеті жоқ. Оның ел ішіндегі элитамен, әсіресе, Ресейдегі саяси элитамен байланысы күшті. Президент Назарбаев Кәрім Мәсімовтың сондай қабілетін ескеріп оны қызметінде қалдыруға ұсыныс жасады». Ал «Утро.ру» сайты «Қазақстанның премьер-министрі ретінде Кәрім Мәсімов еуразиялық интеграцияның дамуына үлес қосып келеді. Бейнелі тілмен айтсақ, осы интеграцияның архитекторы Назарбаев, ал, прорабы - Мәсімов» деп оның атқарушы билікте қалғанына құтты болсын айтқандай болыпты.
Төменгі палатаның келісімін алған Кәрім Қажымханұлы сол күні-ақ, командасын жасақтауға жедел кірісіп кетті. Алдымен Астанаға жақын жердегі Қарағандыға барып облыс әкімін ауыстырды. Облыстың әкімі Серік Ахметов суып үлгермеген, жақында «Самұрық-Қазына» тізгінін қолына алған Өмірзақ Шөкеевтің жылы орнына жайғасты. Яғни, С.Ахметов Үкімет басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осыдан екі жыл бұрынғы вице-премьерлік орынтағына қайта отырған Серік Ахметовтың орнына әкім болып Қарағанды облысына танымал азамат Әбілғазы Құсайынов келді. Ауыс-түйістің аужайын бағып отыратын сарапшылар мен сәуегейлер «болашақ премьер» деп болжап жүрген, қос міндетті қатар атқарып келген Әсет Исекешев вице-премьерлік қызметінен «айырылып», Индустрия және жаңа технология министрі болып қалды. Вице-премьерлік қызметке Қайрат Келімбетов лайық деп танылды. Президент әкімшілігіндегі позициясы мықты екенін аңғартып жүрген А.Мусин Батыс Қазақстан облысын басқаруға Нұрлан Ноғаевты атқа қондырды. Әрине Елбасы Жарлығымен. Естуімізше, Нұрлан Асқарұлы Батыс өңіріне мысы басым А. Мусиннің «тәрбиесіндегі» кадрдың бірі. Коррупциямен күресіп, танымал болған Қайрат Қожамжаров Ақмола облысына әкім болды. Шаруашылықтан хабары аз генералға облыс басқару үлкен сын. Дегенмен, оның уақытша барғанын айтушылар жоқ емес. Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев экономикалық даму және сауда министрілігінің тізгінін қолына алды. Ал, оның орнына, яғни Керекуге әкім болып атақты ғалым Ерлан Арын тағайындалды. Ерлан Мұхтарұлын ұлт мәдениетінің жоқшысы ретінде танитын жұрт, әсіресе Павлодарды Кереку ететінінен үміт етушілер қуанулы. Алайда, орыстілді басылымдар атауға байланысты байбаламын жасап та үлгерді. Жаңа әкім болса ономастика мәселесіне жеке тұлға ретінде емес, мемлекеттік қызметкер тұрғысынан өз көзқарасын білдіретінін айтып байбаламның алдын алғандай мәлімдеме жасады. Сегіз жылға жуық Қостанай облысын басқарып, «рекорд» жасаған Сергей Кулагин сенатор болды. Ал, Қостанай облысына әкім болып оның бұрынғы орынбасары Нұралы Сәдуақасов тағайындалды.
Депутаттыққа өз еркімен емес, «қайда жіберсе сонда қызмет етуге дайынбыз» деген раймен келген бұрынғы бас эколог Нұрғали Әшім бүгінде жалғызсырап жүргендей. Командасын ала жүретін Н.Әшім жөнінде кейінірек әңгімелерміз. Бүгінгі айтпағымыз Экология министрі болып Нұрлан Қаппаров тағайындалды. Қазақстандағы ең ірі ұлттық компаниялар – «Қазтрансойл» мен «Қазақойлды» (қазіргі «ҚазМұнайГаз») басқарып тәжірибе жинақтаған Н. Қаппаров шетелдік компаниялардың қызметін қатаң бақылауда ұстайтын болатынын айтушылар табылуда. Сондай-ақ, Нұрлан Жамбылұлының «Тараз», «Беркут» және «Қазақстан» арақтарын шығаратын «Акцепт» фирмасын басқарғанын, «байқоңырлық миллиондар» дау-дамайына байланыстылығын еске алушылар да жоқ емес. Кезінде «жас-түркілер» қатарынан көрінген Н.Қаппаровты болашақ премьер ретінде көргісі келетіндер де баршылық. Рашид Түсіпбеков қаржы полициясынан Қайрат Қожамжаровты ауыстырып, экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлықпен күреспек. Ал, Әділет министрі болып Берік Имашев тағайындалды. Министрлік қызметінде БАҚ ісінен гөрі қоғамдық қызмет түрлерін ақпараттандыруға көбірек назар аударған Асқар Жұмағалиев байланысын алып транспорт пен коммуникация саласына аттанды. Яғни, транспорт және коммуникация министрлігінің министрі болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалып, мәдениет министрі қызметінен босатылды. Таратылған байланыс және ақпарат министрлігінің ақпарат саласы осы мәдениет министрлігінің құзырына берілді. Ауқымын кеңейткен министрліктің тізгіні елге танымал, осы саланы жетік білетін азаматқа сеніп тапсырылды. Яғни, Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Мыңбай Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Ал, бұрынғы Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Қазақстанда мемлекеттілік тарихын жүйелі зерттеу және танымал ету мақсатында «Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы» мемлекеттік мекемесінің және салынып жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы» ғимаратының негізінде құрылған - «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқаратын болды. Сондай-ақ, ҚР Президентінің Жарлығымен Амангелді Шабдарбаев Республикалық ұланның қолбасшысы, Қадырхан Отаров Жер ресурстары басқармасы Агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Лондон олимпиадасының қарсаңында жабылған Туризм және спорт министрлігі туризмді индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне «тапсырып», агенттік болып құрылған-ды. Енді ол мекемені, яғни Спорт және дене тәрбиесі агенттігін бұрынғы министр Талғат Ермегияев басқарады. Министр емес, төраға болды және туризмнен «айырылды» демесеңіз Т.Ермегияев орнында қалды.
Диас ЕРКІНБЕК.