Шенеуніктер жаппай қызметтерінен шеттетіліп жатыр

Oinet.kz 28-08-2009 973

Screenshot_1.jpg

Тендер десе бармақ басты, көз қысты әрекеттердің бірге жүретіні ресми түрде мойындалмағанымен өмірдің ащы шындығына айналып кеткеніне ешкім дауласпайды. Мемлекеттік сатып алу мен заң бұрмалаушылық, сыбайлас жемқорлық секілді ұғымдар егіз қозыдай  қосақталып аталатынына етіміз де үйренді.  Тендер теңге сауудың көзіне айналған бұл заманда билік парақорлық пен жемқорлыққа қарсы  күресудің кезекті науқанын қолға алғанын қайта-қайта жариялағанымен, бұдан нәтиже шықпайтынын  күні бұрын болжап, күмән келтіретіндердің саны  азаймай тұрғанын да түсіну қиын емес. 

Дегенмен, бұл жолғы қалыптасқан жағдайға ерекше назар аудару қажет. Тендерді өткізуде жіберген кемшіліктері үшін  бір емес, екі емес, қатарынан 18 лауазымды қызметкер жұмыстан босатылды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың мемлекеттік сатып алу саласында тәртіп орнатуға білек сыбанып кірісіп, мықтап қолға алуы  бұрын-соңды болмаған қатаң шаралардың орындалуына әкеліп соқты. Іс мұнымен бітпей,  бірқатар шенеуніктерге қатаң сөгіс беріліп, кейбірі қызметінде төмендетілді. Ол аздай,  ісі майшаммен қаралатын тағы бір топ  шенеунік кезегін күтіп тұр.

Бұған беріліп жатқан баға әрқилы. Біреулер «Асқар Мырзахметов жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған оңды қадам жасады. Шыдамы таусылған шығар»,  десіп қолдап жатса,  тәртіптік шараларды көзбояушылыққа балап, тек «бір жолғы шара» ретінде қабылдап жатқандар бар. Шенеуніктердің жаппай жұмыстан босап жатуын құп көрмейтіндер де табылды. Рас, өтірігін кім білсін, енді біреулерден «Астана жақтағы құзыры үлкен басшылардың алдында өздері сөз естімес үшін облыс әкімінің жауапты орынбасарлары   «тендерді бір көзден сатып алу әдісімен болса да тез өткізіңдер» деп тапсырманы орындатып алып, артынан біз кінәлі болып қалдық» деген ренішті де естідік.  Қатаң тәртіптік шара қолданудың дұрыс-бұрысын уақыт төреші көрсете жатар.  

Бір мәселені айналып өте алмаймыз. Онсыз да білікті  кадрлар тапшылығы сезіліп тұрған оңтүстікте шенеуніктерді жаппай жұмыстан босатудың қисыны бар ма? Соңғы жылдары оңтүстікті басқарған әкімдердің тұсында сырттан шақырылған көшпенді шенеуніктердің қаптағаны аздай, енді жергілікті кадрларды жаппай жұмыстан босатудың астарында не жатыр? 

Осыған байланысты біз жұмыстан босаған, жұмыстан босатқан және қызметінен кетер-кетпесі белгісіз шенеуніктерге хабарласып, пікірін сұрадық.

Сұлтанғали Атыхаев, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі:


 - Мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуде  қандай кемшіліктер анықталды?

- Жалпы,  жыл басынан бері бес басқарма және аудан, қалалар бойынша 735 мемлекеттік сатып алу өткізілді. Оның ішінде 80 нысан бойынша өрескел кемшіліктер жіберілгені анықталды.  Барлығында техникалық базасы нашар, он екіде бір сайманы жоқ, немесе құрылғанына әлі бір жыл тола қоймаған компаниялар жеңімпаз ретінде танылған.  Мәселен, 45 компанияның өзінің жеке техникасы жоқ. Олар басқа компаниялардан жалға алып жүр. 35 фирманың құрылғанына әлі 12 ай өткен жоқ. Осыны біле тұра конкурстық  комиссия мүшелері  көз жұма қарап, тиісті құжаттарға қол қойған.  Осылайша, тәжірибесі жоқтар мен базасы нашар компаниялар  конкурста жеңіп шықты. Абырой болғанда, 80 нысанның 74-індегі жұмыс ойдағыдай атқарылып келе жатыр. Тірлігі жүрмей жатқан нысандардың саны 6-ау ғана. Оларға да қатаң талап қойылды. Алдағы уақытта бұл кемшіліктер жойылады деп ойлаймын.

- Өзіңіз айтып отырғаныңыздай, егер жұмыс ойдағыдай атқарылып жатса, кінәлілерді іздеп, жазаға тартуға не себеп?

- Мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуде жіберген кемшіліктері үшін жауапты азаматтар міндетті түрде жазаға тартылуы тиіс. Осыған байланысты бүгінгі таңда 18 лауазымды қызметкер қызметтен босатылып, 15 қызметкер сөгіс алды. Жұмысынан кеткендердің арасында басқарма бастықтарының орынбасарлары, аудан әкімінің орынбасарлары бар. Мәселен, облыстық құрылыс басқармасында 4 адам жұмыстан  босатылды. Таяуда тағы бір адам қызметінен кетуі мүмкін.  Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасындағы  бастықтың екі орынбасары, үш бөлім бастығы жұмысынан алынды. Сондай-ақ, жазаға тартылғандардың арасында аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері бар. Айталық, Ордабасы және Отырар ауданы әкімдерінің орынбасарлары, Түркістан қалалық әкімдігінің бөлім бастығы қызметімен қош айтысты. Облыстық қаржы басқармасына келсек, мұнда тендерлік комиссияның хатшысы болған бөлім бастығы бас маман дәрежесіне төмендетілді. Кемшіліктердің біразы бір көзден сатып алу тәсілімен өткен конкурстарға байланысты.

- Сонда бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткізу дұрыс емес пе?

- Конкурсқа  қатысуға өтінім берген компаниялардың базасы жоқ болғандықтан  комиссия мүшелері бір көзден сатып алу тәсілінен бас тартып, қайтадан конкурс жариялауы тиіс еді.  Бірақ, жауапты қызметкерлер қол қойып, бір көзден сатып алу тәсілі бойынша өткізе салған. Негізгі кемшілігі сол. Бір ғана табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы  32 нысан бойынша осы тәсілге жүгінді. Жұмыстан босатудың себебі осы.

- Бір топ шенеунік қызметінен айырылса, енді біреулер  ескерту және сөгіспен құтылды. Қолданылған шаралар неге біркелкі емес?

- Жазықсыз жазаға ұшырап, нақақтан нақақ күйген   бірде-бір қызметкер жоқ. Әркім өзінің жіберген кемшілігіне орай  тиісті жазасын алды. Шара қолданылған шенеуніктердің барлығы  тендерлік  комиссияның  құрамында болған. Кемшіліктерді көріп, біле тұра келісімін беріп, тиісті құжаттарға қол қойды. Енді істегендеріне жауап берсін. Айталық, осыдан біраз бұрын облыстық  энергетика басқармасының бастығы Елікбай Тоқбергенов пен 4 бөлім бастықтары тендерді дұрыс өткізбегені үшін қызметінен кетті. Қазір дәл осы  басқармадағы кемшіліктер қайталанып жатыр. Бүгінгі таңда аталған басқарма бастығының екі бірдей  орынбасары – Фарид Ақбердиев пен Батырша Махановтың мәселесі қаралуда. 

- Бұларға артылған  кінә қандай?

- Ақбердиев – комиссия мүшесі ретінде конкурстың құжаттамасына  қол қойған. Ал Махановқа келсек, «Омега» су тазартқыш қондырғысын сатып алған кезде құжаттарды дұрыс жасамаған. Бұл қондырғының бізге келгендегі бағасы  зауыттың белгілеген бағасынан әлдеқайда жоғары болып кеткен. Әзірше Ақбердиев кезекті еңбек демалысында. Қыркүйек айында жұмысқа шыққан соң мәселесін қараймыз. Жалпы, алдағы уақытта тағы он адамның мәселесі қаралатын болады.  Солардың қатарында Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Байымбет Көлбаев бар. Ол кісі қазір ауырып жатқандықтан, оның мәселесін кейінге қалдырдық.

- Бұл азаматтар да қызметтерімен қош айтысады ма?

- Нақты жауап айтуға әлі ерте. Оларға қатысты  қандай тәртіптік шаралар қолданылатыны әлі белгісіз. Әркімнің жіберген кемшілігі әртүрлі ғой. Егер сатып алу конкурсында  жіберілген кемшілікке  тікелей  жауапты болса, босатуға жатады. Ал енді, қатардағы комиссия мүшесі ретінде  қол қоюмен шектелген жағдайда ескерту, сөгіс беріледі. Дегенмен, мынаны да ескерген жөн. Мемлекеттік қызмет болғандықтан бұған дейін де жұмысындағы кемшіліктері үшін  ескерту алғандар бар. Мәселен, екі рет тәртіптік жазаға тартылып, сөгіс,  қатаң сөгіс алып үлгерген  шенеунікке тағы сөгіс бере алмайсың ғой. Мемлекеттік қызметке лайық емес деген ескерту берілгеннен кейінгі  шара – тек жұмыстан босату. Одан басқа амал қалмайды.

 - Қызметтен басқарма бастығының орынбасары  да, бөлімнің бас маманы да кетіп жатыр. Сонда екеуінің де жауапкершілігі бірдей ме?

- Иә. Комиссия мүшелері болған соң ол бастық па, қатардағы бөлім маманы ма, бірдей жауап береді. Оның қызметіне қатысты ерекшеліктер есепке алынбайды. Заң бұзушылық кетті ме, жауап беруі тиіс.

- Кейбір шенеуніктер прокуратураның берген ұсынысы негізінде қызметтен босаған көрінеді...

- Иә, өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысты облыстық прокуратура да тексеру жүргізді.  Прокуратура комиссия мүшелерінің кейбір конкурсқа қатысушыларына заңсыз  артықшылық көрсеткенін анықтады.  Бірақ, тексеру  тек табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасына ғана қатысты жүргізілді.

- Бір көзден сатып алу тәсілімен өткен мемлекеттік сатып алу конкурсына қойып отырған басқа да кемшіліктер бар ма?

- Ең негізгі кемшіліктердің бірі – қаржы үнемдемеу. Мемлекеттік сатып алу конкурсын бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткізудің негізгі мәні – бағаны төмендетіп, мемлекеттің қаржысын мейлінше  үнемдеу екені бесенеден белгілі. Дегенмен, осы 80 нысанға қатысты үнемделген қаржы көлемі  күлкіңізді  келтіреді. Айталық, табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының өткізген конкурстары бойынша жалпы соманың бар-жоғы 0,23 пайызы ғана үнемделіпті. Яғни, 312 миллион теңгелік нысандардың бағасы тек   813 мың теңгеге төмендетілді. Бұған не дейсіз?  80 нысан бойынша үнемделген қаржы орта есеппен  0,41 пайыздан аспайды. Конкурстық комиссия мүшелері бюджеттің қаржысын үнемдеудің орнына керісінше, ең жоғары бағамен өткізе берген. 

- Ал сонда, сіздің пікіріңізше, қанша қаржы үнемделуі тиіс еді?

- Шамамен  10 пайыз көлеміндегі қаржыны  үнемдеуге болар еді. Қаржы тапшылығы сезіліп тұрғанда мейлінше төмен баға көрсету керектігі айтпаса да түсінікті. Бірақ, екінші жағынан алғанда, демпингтік баға да болмауы тиіс. Яғни, ұсынылған  бағадан 10 пайыздан артық төмендетуге жол берілмейді.

- Яғни, әрі кетсе, 10 пайыз ғана үнем жасауға жол берілген бе?

- Иә.

- Ал қаржы үнемдеудің ең төменгі  мөлшері қандай?

- Бұл  енді заңда көрсетілмеген.

- Конкурс өткізу барысында ешқандай қаржы үнемдемеген жағдайда жауапты қызметкер жауапқа тартылады ма?

- Негізі, заңда қаржы үнемделмеген жағдайда шара қолдану керек деген нақты талап жоқ. Бұл жердегі мәселе - біздің қойып отырған талабымызға байланысты. Қазір бюджеттің қаржысын үнемдеу керек.  Мәселен, бірнеше нысаннан үнемделген ақшаға халықтың игілігі үшін тағы  бір қосымша құрылыс жұмысын жүргізуге мүмкіндік туар еді. Осыны әрбір мемлекеттік қызметкер түсінуі тиіс.  

- Сатып алу конкурстары мамыр айында өткізілді. Содан бері үш ай өтті.  Кемшіліктер неге енді ғана анықталып отыр?

- Заң бойынша конкурс өткізілген кезде бірден тексерілмейді. Қазір барлық қорытынды белгілі болған соң ғана тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның үстіне, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тендерлер дұрыс өткізілмей жатыр деген сыңайдағы сыни сөздер  көбейіп кетті. Соған байланысты толыққанды тексеруге кірістік.

- Алдыңғы жылдарда да тендерлер өткізіліп жүр ғой.

- Сізбен келісемін, бүгінге дейін тендерді дұрыс өткізбегені үшін ешкім ешқандай тәртіптік шараға тартылып көрмеген. Өзім ондайды естімеппін. Осындай қатал шара көру облыс әкімінің талабы бойынша жүзеге асты. Бұл тендерді тәртіпке келтіріп, алдағы  уақытта осындай кемшіліктер, заң бұзушылықтар болмасын, дұрыс өтсін деген мақсаттан туындаған шаралар. Бұдан соң кез-келген қызметкер тендер өткізу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, «мен де кемшіліктер жіберіп, тендерді дұрыс өткізбесем осылардың кебін киемін» деп ойлануы керек. 

"Рейтинг" газеті

Мырзахметовтің де «Мерседесі» сатыла ма?
Мәжіліс Мәсімовке сенеді екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу