Шөкеев Түркістан облысында газ бар үйлердің бәрін тексеруді тапсырды (видео)
Жақында Түркістанда бір отбасының бес мүшесі газдан улану себебінен қаза болған еді. Алдағы бір апта ішінде аталмыш аймақтағы әрбір үйдің газ құрылғылары жаппай тексеріледі, деп хабарлайды AstanaTV.
Марқұмдар туған жері Қызылорда облысында жерленді. Мамандар бес адам газдан уланған болуы мүмкін деп топшылап отыр. Газ пештің орнатылуы талапқа сай болмаған. Қазір мердігер мекеменің монтаж жұмыстарын тексеру басталды. Құзырлы орган осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Ал аймақ басшысы өңірде газ тұтынатын барлық үйдің пеші мен құбырын жаппай тексеруді тапсырды.
- Барлық әкім газ бар үйдің барлығын тексеріп шығыңыздар. Шұғыл! Газды орнатқан мекеме мамандары жауапқа тартылады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Мамандардың дерегінше, аймақта жылыту маусымы басталғалы өрт қауіпсіздігін сақтамаған 45 мыңнан астам дерек анықталған.
Қаралы отбасыға әкімдік тарапынан қаржылай көмек беріледі. Мемлекеттік қызметкерлер 1 күндік жалақысын аудармақ. Демеушілер есебінен қосымша 7 млн теңге көмек көрсетіледі.