Инфодемия – жарға жығады

Oinet.kz 20-11-2020 1067

Инфомедия.jpg  Шымкентте «Инфодемияның екінші толқыны: алдын алу және жаңа ақпараттық стратегия» атты онлайн конференциясы өтті. Онлайн жиынға Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова мен басқа да елге танымал журналистер, блогерлер мен дәрігерлер қатысты.

Елімізде түрлі ақпарат құралдары арқылы коронавирусты емдеудің тексерілмеген әдіс-тәсілдері таралып, соның салдарынан науқастар дәрігерлерге тым кеш жүгінген жағдайлардың орны алғаны белгілі.  Бұл ретте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан вирусқа қарағанда, жалған ақпараттың қатері көбірек екеніне тоқталып өтті. Ол фейк жаңалықтарға қарсы иммунитет қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. «Танымал адамдар естігенін айтады. Олардың танымалдылығы көпшіліктің көкейіне сенім ұялатады да, солардың айтуымен әлдебір нәрсенің шипасына сеніп, денсаулығына зиян келтіріп жатқан жағдайлар бар. Сондықтан ақпаратты тексерудің бірінші ережесі ақпарат берушінің компетенциясына мән беру қажет. Емделудің жолын медицинадан хабары жоқ немесе әлдебір адамның айтқаны дұрыс па, дәрігердің айтқаны дұрыс па? Осыларда айырмашылық үлкен. Фейк ақпарат коронавирустан да зиян болуы мүмкін. Ақпаратқа иммунитеті жоқ адам денсаулығына одан бетер зиян келтіреді»,- деп атап өтті Ш.Жұмабекұлы. 

Сондай-ақ конференция барысында Қазақстан Медиа альянсының басқарма төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп пандемия кезінде БАҚ өкілдерінің белсенді жұмыс істегенін атап өтті.

– Дәрімен уланған адамды дәрігер емдейді, ал ақпаратпен уланған адамды кім емдейді? Бұл – міне, үлкен мәселе. Осы орайда, әрине, журналистер қауымы халықты үрейлендірмей, қауіп-қатердің қаншалықты екенін дәлелді зерттеулермен ашық әрі түсінікті жеткізуі керек, – деді Н.Жүсіп.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова фейк ақпараттарға тойтарыс беру, БАҚ туралы заңның маңыздылығы және сауатты спикерлердің қатарын арттыру жөнінде сөз қозғады. Сенатордың мәлімдеуінше, 1 сәуір мен 1 қазан аралығында отандық БАҚ-тар салықтан босатылған. Қазіргі уақытта Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары әзірленген. Осы жоспарда алдағы уақытта ақпарат құралдарын мемлекеттік сатып алудан тыс қаржыландыру, мемлекеттік тапсырыс беруде сараптамалық материалдарға көбірек мән беру, блогерлердің құқықтық мәртебесін айқындау қаралған.

Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай әлемді коронавирус індеті жаулаған сәтте БАҚ өкілдеріне дәрігерлер мен қарапайым халық арасындағы ақпараттық байланысты жандандырып, көпшілікке медициналық терминдердің жай-жапсарын кеңінен түсіндіру керектігіне назар аударды.

– Пандемия кезінде сенімді хабарды аудиторияға жеткізу үшін журналистерге де күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Мәселен, әлемнің 53 елінде 500-ге жуық журналист коронавирустан көз жұмыпты. Короновирустың екінші толқынының басталуы инфодемияның, яғни жалған, ел арасында үрей тудыратын ақпараттар эпидемиясының басталатынын білдіреді. Инфодемияның басты қаупі жұртшылық жалған мен шынайы ақпараттарды ажырата алмай қалады. Мұндай жағдайға түскен адам дәрігерлердің кеңестеріне құлақ асуды қояды. Ал бұл бәрінен де қауіпті, – деді ол.

Жиында сондай-ақ, жұмысын жуырда бастаған «Baq kasipodaq» салалық кәсіподағының жетекшісі Зейін Әліпбек ақпарат қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы, індеттің ошағында жүрген журналистердің қауіпсіздігі туралы мәселе қозғаса, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев журналистердің қандай жағдайда болсын бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

Бүгінгі күннің өзекті тақырыбы қозғалған  конференцияда сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдыр, «Диагноз» газеті бас редакторының орынбасары Асылбек Досалы «Темірқазық-Ой» газетінің бас редакторы Анар Сүлеева, блогер Рүстем Әшетаев сөз алып, өз пікірлерін білдірді.

Шымкент – шырайлы шаһар
«Бұл еліміз үшін өте ұятты көрсеткіш» - Иманғали Тасмағамбетов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу