Ербол Серікбай: Мифке толы жалған ақпарат қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін
Ерекше визуал. Креативті ақпарат беру формасы. Қазақтілді сайттардан табылмайтын критерий секілді еді. «Baribar.kz» мультимедиалық контент дайындайтын, көпсалалы сайтын тауып алғалы ойым өзгерді.Осыған дейін «Сұрақ-жауап» деп аталған екен. 2010 жылы бастау алған бұл жоба қазақтілді ақпарат тұтынушылары үшін жоғары маңызға ие болды. Идея авторы Ербол Серікбаймен мамандану, сайттың тақырыптық қамтылуы, теориялық білімнің орыс тілінде берілуінен туындаған проблемалар, IT маманға математиканың маңызы, сайттағы демократиялық негіз ауқымында диалог құрдық.
– Екі жоғары оқу орны лицензиясынан айрылған соң, желіде «Шымкенттегі білім сапасы төмен» деген мотивтегі пікірді көп кездестірдім. Бұл да біздің қоғамның комплексі секілді. Білім алудағы жауапкершілікті жоғары оқу орнының имиджімен байланыстырған дұрыс па. Таңдаған саласында жетістікке жетуді көздеген маманға базалық білім жеткілікті ме, сіз қалай іздендіңіз?
– Жоғары білім – әр адамға базалық білім, бағыт-бағдар береді әрі болашаққа жол ашады. Білімнен бұрын адамның қызығушылығы болуы керек. Қандайда бір саланы игергісі келген адам оны сүйіп, ұнатуы керек. Ата-анам мені музыка сферасынан көргісі келді. Мұғалім яки хирург болғанымды қалады. Менің комьпютерге деген қызығушылығым ата-анам қалаған саламен ұштаспайтынын түсіндім. Шешуші сәтте М.Әуезов атындағы университеттің ғылыми информатика мамандығына оқуға түстім.
Оқудан тыс уақытта өз салама қатысты мәліметтерді меңгеруге күш салдым. Ол уақыт – әлеуметтік желілердің елімізде енді таныла бастаған кезеңімен тұспе-тұс келді. Сайт деген бағыт дамып жатқандықтан, сол саланы таңдап, білім жетілдірдім. Менің ойымша, қаласаң шетелде оқы, Алматы яки Астанада оқы. Айырмашылық жоқ. Ең бастысы – адамның өзіндік қызығушылығы болуы керек. Сонда әрекетжемісті болады.
Біздің кезеңде ресейлік «Инфоурок» жобасы өте сапалы контент өндіріп, жақсы материалдармен қамтамасыз ете алды. Яғни, ол платформада өзіміз секілді адамдар білімін видео арқылы жеткізеді. Белгілі бір тақырыптарда базалық білім алуға жақсы мүмкіндік болды. Бауыржан Жақашев есімді біздің саланы жақсы білетін ұстазымыз болды. Сол кісінің курсына қатыстық. Кітапханаларға «Хакер» деген IT саласының жаңалықтарын таныстыратын журнал және «Код» деген екі журнал келетін. Сол журналдар қосымша дискпен жарыққа шығатын. Ай сайын журналды оқып, дикінің ішіндегі ақпараттар, кодтар, алдағы 5-10 жылдықтағы трендтер туралы оқып үйренетінмін. Сол кезде-ақ Android, IOS секілді операциялық жүйелердің, мобильді технологиялардың заманы келе жатқанын білдік. Ориентр алдық. Тап осы біздің саламыз, артқы базадан бөлек, үнемі алға қарай дамитын ауқымда. Сондықтан теориялық базамен шектелмей, ғаламтор арқылы үйренуді қатар алып жүрдік. Осы бағытпен 3-ші курстан бастап «Сұрақ-жауап» сайтының жұмысына кірістім.
– «Сұрақ-жауап» «Baribar.kz» болу барысында қандай өзгерістен орын алды?
– Формат ауысқанмен, негізгі ядросы қалды. «Baribar» деген доменге ауыстық. Атауында көрініп тұрғандай «ішінде бәрі болады» деген ұзақ мерзімді жоспарымыз бар. Әзірге ішінде сұрақ қойып, жауап алу, жаңалықтық функциясы бар. Жасыратыны жоқ, қазақтілді контенттердің ішінде көбі «желтуха» боп кетті ғой. Соның алдын алып, пайдалы әрі сапалы контент өндіру мақсатында білікті мамандарды жинадық. Негатив жаңалықтарды бермейміз.
– Қазақтың ұяттан қаланған қабырғасы биік.Көп тақырыпты «жабық» деп айтпайды. «Baribar.kz» кәсіби мамандармен ашық айтуға ұялатын тақырыптарда қарапайым етіп жақсы мәліметтерді ұсынып жүрген қазақтілді санаулы контенттің бірі. Мұндай батыл қадамға бару идеясы қалай туындады?
– Айтылмаған, перделі тақырып болғанмен, ол қоғамда бар нәрсе. Бізде көбінесе журналистер пропагандамен айналысып кетті. Журналистиканың негізгі функциясы – барды – бар, жоқты –жоқ деп айтуы керек. Журналистің міндеті – айтылған ойды ғана беру керек және өзінің эмоциясын материалына берудің қажеті жоқ. Біздің кейбір журналистеріміз өз ойын, эмоциясын материалына қоса кетеді. Ол – дұрыс емес. «Қайрат Нұртас не киім киді», «не жеді», «не ішті» деп қана жазу міндетті емес.Қоғамдағы бар нәрсені тікелей айту, жазу – маңызды .
«Жабық» тақырыптар: мысалы, «интим» тақырыбы белгілі бір деңгейде айтылуы керек. Ұлы әкесінен, қыз бала анасынан сұрауға ұялады. Бұл – ақпараттық вакуум. Ол бос қалмайды. Сосын ұл-қыз ғаламтордан мағлұмат іздейді. Дәлелді, кәсіби мәлімет барлық контентте бірдей сапалы болып кездеспейді. Мифке толы жалған ақпарат ұшыраса, соған сеніп, амал етсе, соңы қайғылы жағдайға ұрындыруы ықтимал. Біз мамандардан сұрап, нақтыланған жауаптарды ғана сайтқа саламыз. Оылайша ғаламтордағы қазақтілді түрлі саладағы контенттің санын арттыруға тырысып жатырмыз.
– Медициналық материалдар қазақ тілінде тым ғылыми, жеңіл жеткізілген баламасыз. Кәсіби мамандардың өзі орыс тілінде айтып, «шырағым, арғы жағын сен келістіресің ғой, біз орыс тілінде оқып едік» деп журналистке жүк артады. Сіздер мәтінді аударма жасап дайындайсыздар ма, әлде шынымен мамандардың кәсіби деңгейі терминдерді, ғылыми тіркестерді қазақша қиналмай жеткізетіндей ме? Материал дайындау процессі қалай жүреді?
– Мен – жоба жетекшісімін. Біздің бас редактор - Дінмұхамед Зиядин . Бұл сұраққа сол ксі толығырақ жауап бере алатын шығар. Менің түсінгенім бойынша, біз мамандармен жұмыс істеу барысында бір тақырыпта бірнеше маманның пікірін алуға тырысамыз. Ғылыми жаңалықтар – аударма болуы мүмкін. Бірақ сенімді дереккөздерге жүгініп, нақты дәлелденген ақпараттарға адаптация жасап, аудиторияға ұсынамыз. Бізде салаланған журналистер – дефицит. Тіпті жоқ деп айтуға болады.
Ғылыми сала туралы жазатын журналистер зерттеуі қажет. Қарапайым мысал келтірсек, «Хакер», «Код» журналдары туралы жоғарыда айттым ғой. Сол журналдың материалдарын орыстілді журналистер жазатын. Бірақ олар тап сол IT саласына маманданған журналистер. Мұндай журналдар батыста, Ресейде көп. Ғылыми салаланған сайттар бар. Бізде халық санының аздығы даму үдерісті тежеп тұрған болар. Нарықта сұранысы бар тауар ғана өндіріледі. Бізге сол сұраныс жетіспей жатыр. Кадр мәселесі де бар.
Журналистикада проблема өте көп. Мысалы, дәстүрлі медиа газет-журналдарға бейімдеп оқытады. Интернет - мүлде бөлек ауқым. Қазір заманауи журналистер SEO, SMM, әлеуметтік желіге қалай дұрыс жазуды білуі шарт. Қазіргі бәсеке журналисттен әмбебап қабілетті талап етіп отыр. Журналист – сурет түсіруі, өңдеуі, видео жасай алуы, анимацияістей алуы, жазуы, SEO мен SMM базасын негізге алып, сол туралы да жаза білуі шарт. Бұл сала – өте кең ауқымды. Мен өзім тек IT маманмын.
– «Бірінші курста үшбұрыштың ауданын есептеу секілді қарапайым нәрселерден қиналатынмын»,-депсіз. Математиканы қалай меңгердіңіз?
– Мойындаймын, математикадан, қарапайым бағдарламалаудан әлсіз болдым. Менің табиғатыма тән қасиетім – тез үйрену, қажет мәліметті дұрыс дереккөзден тез таба білмін. Сол кезде басқа бағдарламашылар жазып қойған дайын кодты өз қажеттілігіме қарай бейімдей алатын адам болдым. Менен жақсы программист шықпаса да, жақсы менеджер (жақсы мамандарға өзімнің қажеттілігіме орай сұранысымды қанағаттандырып істеп бере алатындай деңгейде жақсы түсіндіретін) адам болдым-ау деп ойлаймын. Нәтижесінде өзім сұмдық программист болмасам да, үндіс, орыс, өзіміздің қазақ програмисттер болсын бәрінің басын біріктіріп менің санамдағы идеяны жүзеге асыратын тапсырманы бере аламын. Шебер ұйымдастырушымын. Жақсы программистке дұрыс бағыт бере алмасаң, сапалы нәтиже шығаруы күмәнді. Жақсы портал жасалмауы ықтимал.
– Уикипедиядағы деректі тіркелушілер өзгертуге болатындықтан, кейда ақпарат дұрыс болмайды. Өткенде тренингте спикер Жұлдыз Әбділда өзі туралы уикипедиядағы деректе қате көбін айтқан еді. «Сұрақ-жауап» функциясына берілген жауаптар бақылана ма?
– 1995 жылға дейін web 1.0 болды. Ол версияда ақпарат тек біржақтама берілетін. Оны тек оқуға мүмкіндік бар. Кейіннен орнына web 2.0 келді. PHP, кодтардың нәтижесінде адам оқумен шектелмей өз ой-пікірін білдіре алатын деңгейге жетті. Әлеуметтік желі дами бастады. Әлеуметтік желіде сурет пен ақпаратты енгізсең, өзге құрылым сенің меншігіңді сорттап, анализдемиді ғой. Тура сол секілді «Уикипедия», басқа web 2.0 сайттар, ашық алаңдар демократиялық қатынасқа негізделген.
«Пайдаланушының құқығында» біз кез келген адам сұрақ қойып, жауап ала алады. Бірақ оның ақпаратының дәлдігіне біз жауап бермейміз деп жауапкершілікті қолданушының кеңістігіне қалдырдық. Оның бәрін қадағалау мүмкін емес. Модератор, редакторлар бар. Деректердің бәрін фильтрация етіп, сүзгілеп отыру мүмкін емес. Интернет кеңістігінде қазақ тіліндегі ақпарат өте аз. Оның орнын толтыру – өзекті мәселе. Тегін, қолжетімді, ашық контент – пайдалы ресурс. Уикипедияда кез келген адам тегін негізде рефератын алуға болады деген лицензиясы бар. Негізсіз дерек, мәтіндік қателік болса, кері байланыс арқылы («мына ақпарат қате» деп өңдеп қоюға болады. Бізге де қателік туралы оқырман мәлімет берсе, реттеп қоямыз. Өзге сайттарда шыққан қате ақпараттар БАҚ ретінде заң аясында жауапкершілікке тартылуға жеткізуі ықтимал. Ал мұндай форматтағы сайттардағы қателік үшін әркім өзі жауап береді.
– Қазір қаралым жинағанда көптеген қулықтар жасауға болады. Сіздердің контент-анализдеріңіз қандай?
– «Baribar.kz» оқырмандарының 60%-ы іздеуіш құрылғылар (браузер) арқылы; 30 %-ы үнемі бақылайтын тұрақты қолданушылар; 10 %-ы әлеуметтік желі арқылы келеді. Бізде сапалы ақпарат ұсынатындықтан қалыптасқан аудитория бар.
Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН