Жұлдыз Әбділда: Мемлекеттің қолдауынсыз қазақтілді газет-журналдарды сақтап қалу қиын

Oinet.kz 25-06-2021 3937

Жегені –жантақ. Арқалағаны – алтын. Армандап таңдаған саламның маманға шақтаған сипаты – осы. «Мемлекет бойынша 60 грант бөлінеді, түсе алмайсың» деген пікірлерді көп естідім. «Егістіктің ортасында жүрген менің журфак не теңім?!» деген сәттерім аз болмады. Талпынып көруге жігерім жетті. Журналистика мамандығына грант негізінде оқуға қабылдандым. «Happy end» деп ойладым. 

Нағыз күрес алда еді. Осы мамандықты армандағанымен, оқуға түсе алмаған таныстарым қызыға қарады. Неге екенін қайдам, сол балалар хабарласқан сайын өзімді осы салаға лайық емес сезінетінмін. Себебі екі жылда түк бітірмегенімді анық білемін.Семестр соңында  «Ұлан» газетінде тәжірибеден өтуге шешім қабылдадым. «Балдырған», «Ақ желкен» журналының редакциясы да сонда екен. Бұрыннан мақалалары арқылы танып алған авторларды жолықтырдым. Неге қызығатынымды сұраған Жұлдыз Әбділдаға ойымды жеткізе алмағаным жаныма батып еді. Мен демократ орта көрмеген едім. Ол фактор – журналист үшін аса маңызды. Материалымды оқып, рухымды сындырмай сын айтып, бағыт берді. Сілкіндім. Бойымдағы қабілет-қарымым оянды. Бұрқырап жарияланып жатқан материалдарым сенімімді оятты. Бұрын оқитын авторларым материалымды мақтағанда, өзім сенбейтінмін. Әлеуметтік желіде балалардан хат келе бастады. Тап мектептегі мен секілді армандайтын балалар кеңес сұрайтын. Сол кезде ойша аспанға қалықтаудың не екенін түсіндім. Өзімді таптым. Келер жылдан бастап «Рейтинг» газетіне жұмысқа орналастым. Бұл салада өзімді бақытты сезінген сайын іштей «Жас өркеннің» ұжымына алғысымды айтамын. Балалықтан даналыққа жетелейтін редакцияның бала тұлғасын қалыптастырудағы еңбегі зор.  Шеберханасында шыңдаған журналист Жұлдыз Әбділдамен қазіргі ақпарат жеткізу формасы,  медиаэтика,  медиаменеджмент секілді тақырыптарда диалог құрған едік. 

Screenshot_9.jpg

– Қазір ақпарат саласы  өте үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Жасыратыны жоқ,  газет-журналдарды қаржыландыру, оның тиімді жүйесін қалыптастыру өте өзекті. Сіздің ойыңызша, газеттерді тендердің тәуелділігінен құтқару үшін не істеу керек?

– Газет-журналдарды қаржыландыру – шығыны өте көп  әрі табыс әкелмейтін сала. Соның ішінде қазақтілді басылымдарды қаржыландыру кереметтей пайдаға кенелтпеуі мүмкін. Кезінде, 2000 жылдары «Жас Алаш» газеті барлық екінші деңгейлі банктермен жұмыс істеді. Басылымда жарнама болды. Қазір мұндай мүмкіндік салыстырмалы түрде аздау. Егер бізде мемлекет тарапынан көмек болмаса, бұл әсіресе қазақтілді басылымдарға қиын тиеді. Көпшілігінің жағдайы мүшкіл боп қалады деп ойлаймын. 

Екінші мәселе бар. Қазір кәсіби журналистикамен қатар, «жаға ұстату» бағытындағы журналистика бар. Санаулы ақпарат құралы кәсіби тұрғыда қызмет етіп, сараптамалық мақалалар дайындап, аудиторияға сапалы контент ұсынып отыруы мүмкін. Ал көптеген ақпарат құралы жай ғана өсек-аяң, көр-жерді теріп, «жаға ұстатумен»-ақ рейтинг жинап отыруы мүмкін. Жалпы, мемлекеттің ақпараттық саясатындағы қателік деп айтсам болатын шығар, бізде барлығын KPI (өнімділік көрсеткіші), рейтингпен өлшеу деген нәрсе белең алып кетті. Яғни мұндай жағдайда біз «Қалаулым» деңгейіндегі контенттен құтылмаймыз.  Газет, телеарна, сайт бола ма, бәрінде рейтинг деген нәрсеге басқаша көзқарас керек деп ойлаймын. 

Басылымдарды тендердің ықпалынан құтқару үшін басқа тиімді қаржыландыру көзі болуы керек. Әлемдік практикада газет шығаруды көбіне медиамагнаттар қаржыландырады. Бізде ондай алпауыттар да жоқ. Еліміздегі қазақ тіліндегі ғана емес, кейбір орыс тіліндегі басылымдарды осы күнге дейін қаржыландырып келген өте үлкен алпауыттардың өзі қазір ысырылып, екінші планға кетіп жатыр. Сондықтан мұндай жағдайда тап басып бірнәрсе деу өте қиын. Қазір кәсіби журналистикамен, сапалы контентпен алда болу оңай емес. Сайттардың ішінде аудиторияға сапалы контент ұсынып отырған Vlast.kz (қазір қазақ бөлімі де бар), baribar.kz сияқты ақпарат көздерін айтуға болады. Бұлар «саржағал» тақырыптардан іргесін аулақ ұстайды. Басқа басылымдар мен сайттар «анау өлді», «мынау қырылды» дегенмен рейтинг жинап отыр деп айтуға болады. Мұндай жағдайда кәсіби, сапалы журналистика туралы сөз қозғаудың өзі де қиындау.

Біздің қазіргі жағдайымызға тура қарасақ, мемлекеттің қолдауынсыз әсіресе қазақтілді газет-журналдарды сақтап қалу қиынға соғады деп айтуға болады. Бұл тақырыптың екінші жағы да бар. «Мемлекеттік тапсырыс» деген белгілі бір тақырыптарды қамтиды. Сол тақырыптар бойынша жұмыс істеуге тура келеді. Шынын айту керек, біздің басылымдар «әйтеуір қайтсек осы мемлекеттік тапсырыстан құтыламыз» деп жүрдім-бардым қарайтын жағдайлар кездеседі. Әйтпесе, экология болсын, қоғамдық қауіпсіздік болсын, бала құқығы болсын, кез келген  тақырыпта жақсы әрі сапалы контент жасауға болады. Бұл енді журналистердің өзіне байланысты және біздің кәсіби деңгейіміздің түсіп кеткеніне байланысты проблема деп ойлаймын. 

– Ақпараттық қолдау көрсететін тендер «жұмсақ күш» концепциясына негізделген. Бұл үдеріс оқырманның сыни ойлау деңгейін түсірмей ме?

– Тендер ғана емес, жалпы сыни ойлау деңгейін түсіретін нәрсе қазір айналамызда өте көп. Одан да қауіпті нәрселер бар. Мысалы, мессенджер арқылы тарап жатқан түрлі ақпараттар, біздің барлық нәрсені қылғытпай жұта беруіміз, сонымен бірге мемлекеттік тапсырыс алып отырған ақпарат құралдарының біржақты ақпарат тартуы – сын тұрғысынан ойлауға кесірін тигізеді. 

– Журналистиканың жанрлары, ақпарат жеткізу формасы жаңару үстінде. Журналистке теориялық білім қаншалықты маңызды? Егер уақыт кері шегінсе, журналистиканы мамандық ретінде қайта оқыр ма едіңіз?

– Ақпаратты жеткізу формасы жаңару үстінде. Қазір оперативтілік басқаша сипат алды. Бұрын  оперативтілік деген жаңалықты кешіктірмей жариялауды білдіретін.  Қазір «қайткен күнде де елден бұрын, кликбейт тақырыппен неғұрлым көп адамның назарын аудартсам» деген нәрсе бірінші планға шықты. Осындай жағдайда, әрине, сапалы контент екінші кезекке ысырылып қалады. Былтыр жаз бойы оншақты адамнан тұратын топ  «Қазақстандағы медиадағы негізгі принциптер» деген құжатты жасаумен айналыстық. Марқұм Михаил Дорофеев (Informburo.kz бас редакторы) , бірнеше медиаменеджер, журналистер болдық. Талқылай отырып, негізгі мәселелерді жүйеледік. Сол кезде оперативтілік деп асығыс әрі тексерілмеген хабар таратпауды негізгі принциптерге қостық. Қазір бұл біздің электронды ақпараттық құралдарындағы, сайттардағы негізгі проблема болып тұр. Адамдар ақпаратты тексермей, қылғытып жұта береді. Журналистер де соны пайдаланып, тексерілмеген ақпарат таратуын қоймайды. 

Журналистикада төрт жыл бойы оқытпаса да, теориялық білім қажет. Қазір екінің бірі – блогер , екінің бірі – журналист. Көбі қарапайым этика нормаларын сақтамай жатады. Жалпы базалық білім берілуі керек. Адам құқығын сақтау, қандай нәрсені жариялауға болатыны, қандай нәрсені жариялауға болмайтыны, заңға қайшы әрекеттер секілді тақырыптарда нақты теориялық білім берілгені дұрыс деп ойлаймын. 

Уақыт кері шегінбейді. Егер шегіндірер болса,  журналистиканы таңдамас едім. Өзімнің көңілім қалаған мамандықты оқуға тырысар едім. Мен заңгер болуды қаладым. Заң факультетінде оқығым келді. Ол кезде заң факультетіне оқуға түсу өте қиын болатын. Сол себептен ата-анамның айтқанын тыңдап, журналистикаға баруыма тура келді. Қазір бәлкім өзімнің қалауымдағы мамандықты оқуға тырысар ма едім деп ойлаймын.  Қазір менің қатарымдағы ата-аналар, менің құрдастарымның балалары жоғары оқу орнына құжат тапсыруды бастаған уақыт. Кей қатарластарымның перзенттерінің алды университетте білім алып жатыр. Менің қатарым ата-ананың ықпалымен, сыртқы факторлар әсерінен мамандық таңдаған буынбыз ғой. Өз балаларымызға мүмкіндігінше еркіндік беріп, өздері қалаған мамандығын игеруге жағдай жасасақ екен деген тілегімді айтқым келеді. 

– Қазір газетте  кейбір жанрлардың азайып бара жатқандығын айтып дабыл қағатындар көп. Бұл қаншалықты орынды пікір?

– Жанрларға келсек, әрине өзгеріп жатыр. Баяғыдай фельетон, очерк жазып отыратындар аз. Көбіне сұхбат. Сраптамалық материалдар аз кездеседі. Ақпараттық жанрды көп қолданып жүрміз. Сонымен бірге қазіргі көп кездесетін, сәтті көрініп жүрген жанр –сторителлинг деп айтуға болады. Ол арқылы оқырманды қызықтыру эффектісі жоғары. Қазақтілді БАҚ-та орыстілді ақпарат құралдарына қарағанда азырақ. 

– БАҚ-қа ботофермалардың әсері бар ма? Ғаламтордағы қазақтілді БАҚ қызметінің жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Ботофермалардың әсері электронды ақпарат құралдарында бар шығар. Олардың  желідегі іс-қимылы ережесіз жекпе-жек формасына келеді. Дамытатын нәрсе емес деп ойлаймын, ондайдан аулақ болуға тырыссақ деп айтқым келеді. 

Ғаламтордағы БАҚ қызметіне қандай баға беру мәселесіне келсек, сапалы контент жасап отырған санаулы ғана сайттарды білем. Олар – baribar.kz, minber.kz, factcheck.kz, vlast.kz . Басқа ақпарат құралдарының көпшілігі, шынын айтқанда, қайткенде көбірек қаралым жинаймын деген жетекте, «жаға ұстату» деңгейінде қалып отыр. Қазір сайттарға қарағанда жекелеген Телеграм каналдар көбірек және дұрысырақ ақпарат береді. Соның ішінде ерекше атап өткім келетіні – Елнұр Әлімова мен Бағдат Асылбектің «Рас айтамын» Телеграм каналы. Сол жерден көбірек ақпарат аламын. Аян Қалмұрат («Азаттық радиосы» тілшісі),  Ардақ Құлтай (tengrinews.kz редакторы), Вячеслав Абрамов, Серікжан Мәулетбай  секілді журналистердің Телеграм каналынан  ақпарат аламын. Қазір ақпарат құралдарынан гөрі, осындай жекелеген адамдарды көбірек оқуға тырысамын. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН,

"Рейтинг" газеті

Ырысбек Дәбей, жазушы: Жақсы көретініңді айтудан кешікпеу керек
Ербол Серікбай: Мифке толы жалған ақпарат қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу