Ержан Исақұлов: Шыңғыз ханның шынайы тарихы бұрмаланған

Oinet.kz 26-10-2022 3135

Ержан Исақұлов отыз жылдан астам уақыт Ұлттық қауіпсіздік саласында еңбек еткен. Аталған құрылымның бірнеше өңірдегі департаментін басқарған, комитет төрағасының орынбасары болған. Қауіпсіздік қызметінің генералы. Мәжіліс депутаты да болды. Саясат ғылымдарының докторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

Соңғы жылдары тарихпен, оның ішінде кез-келген зерттеушінің тісі бата бермейтін көне замандардың құпия сырларын ашумен, қазақтың ұмытылған тарихын түгендеумен айналысып жүр. Бүгінгі сұхбат осы тақырып жөнінде.

Screenshot_2.jpg

- Ержан аға, құзырлы органда істеген азаматтың әдебиетке, тарихқа,  жалпы руханиятқа қызмет еткенінде таңқалатын ештеңе жоқ. Таңқаларлығы сол, сіздің осы саладағы ізденістеріңізге білікті ғалымдардың өздері «тарихқа деген тың көзқарас» деген баға берді. Сіздің тарихшылыққа келу тарихыңызды білсек.

- Тарихқа әркімнің таласы бар. Бұл жалпы бала кезден қалыптасқан қасиет. Мен Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан Кеңесарық деген ауылда өмірге келдім. Көнекөз қариялардың айтуынша, сол жерде Есім ханның ордасы болған.  Осы ескі ордада ойнап жүріп, талай рет құмыра, садақтың оғын, қылыш  пен найзаның сынықтарын, теңгелер тауып алғанбыз. Бізге тарих пәнінен Омашев Исақ  деген ағайымыз сабақ берді. Тарихқа деген құмарымызды оятқан сол ағайымыз еді. «Осы жерде Есім хан орда тіккен» дейтін. Өсе келе біздің Құдайберді деген бабамыздың Есім ханның уәзірі болғанын Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы Ер Есім» және «Төле бидің тарихы» деп аталатын дастандарынан оқып  білдік. Құдайберді төрт атасынан би болған дейді. Оның тоғыз ұлының үлкені Түгелбайдан біз тараймыз. Ең кішісі Әлібек биден Төле би тарайды. Ол кезде ауыл баласы осылайша ата-баба шежіресін біліп өсті. Қазіргі ұрпақ қалай?! 

Кішкентай кезімізде тойларға бара қалсақ, үлкендер жағы мені шақырып алып, «молда атаның баласы қасымызға отыр» деп, жіліктің майлысын ұстататын. Шешем Баршакүл «сендер әулиенің ұрпақтарысыңдар, жақсы оқуларың керек» дегенді миымызға күнде құйып отыратын. Әулие деп отырғаны бабамыз «сахара ғұламасы» атанған Бекасыл Биболатұлы. Бірақ үлкендердің айтқан әңгімелері болмаса, Бекасыл әулие туралы ол кезде ешқандай жазба дерек жоқ болатын. 

Мен Бекасыл әулие туралы жүйелі әрі нақты мәліметтерді алғаш рет белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай  деген ағамыздан естідім. Ол кісі Бекасыл әулиенің өкіл қызынан тараған ұрпақ. Екеуіміз біраз әнгімелестік, жұмыстар жүргіздік. Осыдан кейін ағамыздың «Бекасыл әулие»  және «Сахара ғұламасы» деген кітаптары жарыққа шықты. Ол кітаптар оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырды. 

-Тарихи деректерде Бекасыл Биболатұлы туралы не айтылады? Оны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен не байланыстырады?

- Қазақ руханиятының алып тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүстікке сапарын баяндайтын «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазрет бола ма?» деп аталатын мақаласында Бекасыл әулиені аса құрметпен хазрет,  ұстаз деп атайды және пір тұтады. «Қазақ орысқа қарағалы бері Бұқарадағы Мір-Араб медресесінде 19 қазақ оқыған. Оның біріншісі Бекасыл, ең соңғысы мен. 19 адамның алтауы ғана аман қалды, басқалары ірге жағалап кетті»,-деп жазған екен ғалым. 

Бекасыл әулие 1822 жылы Есім ханның ордасының іргесінде өмірге келген. 93 жас ғұмыр кешкен. Алдымен Қарамұрт деген жердегі, кейін Қарнақтағы мердеседе ілім алған. Одан әрі  Ташкентте, Самарқанда, Бұқарада, тіпті Сирияның астанасы Шамға (қазіргі Дамаск) дейін барып білімін жетілдірген.

Мәшһүр Жүсіп 29 жасында керуенге ілесіп, Баянауылдан Түркістанға келген.  Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етеді.  Сол жерде Бекасыл әулиемен кездеседі. Бекасыл оны туған жері Қарасораға алып барып, қонақ қылады. Өзінің жазып жүрген «Жұлдызнама» атты кітабын көрсетіп, «білімің жоғары адамсың, қосатын жерің болса қос, алатын жерің болса ал» депті.   Өзінің жоғарыда аталған естелігінде Мәшһүр Жүсіп ол еңбекті аса құнды, баға жетпес туынды деп бағалаған. Менің шамалауымша, бұл оқиға 1897-98 жылдары болған. 

Мәшһүр Жүсіп 1908 жылы ақ патшаға қарсы мақала жазады. Артынша қуғынға ұшырап, Оңтүстік жерін  бес жылдай паналаған. Сол жылдары Бекасыл әулиемен тығыз байланыста болады. 

Әулиенің еңбектерін қазақ тіліне  аударып, жарыққа шығарған ғалым Зәріпбай Оразбайдың айтуынша,  Бекасыл Биболатұлы Қыдыр дарыған, яғни Қыдырмен кездесіп, сырласып тұрған, Қожа Ахмет Яссауи сияқты өз дәуірінің «Құтб заман» дәрежесіне  жеткен, жаратылыстың біз білмейтін сырларына қанық ғұлама болған. Жуырда әулиенің туғанына 200 жыл толуына орай Төлеби ауданында қазақ-қырғыз зиялыларының қатысуымен халықаралық  ғылыми конференция өтті. Оған Алматыдан, Астанадан, Бішкектен, Таластан біраз ғалымдар қатысып, сөз сөйледі. Солардың ішінде Мәшһүр Жүсіптің шәкірті болған Иманғали Маненовтің ұрпағы Алтынбек Құрманов та  болды. Ол кейінгі жылдары өзінің атасының архивінен Бекасыл Биболатұлы туралы Мәшһүр Жүсіптің бірнеше естеліктерін тауып, оларды еліміздің  басты газеті «Егемен Қазақстанға» жариялаған болатын.

Screenshot_7.jpg

- Жаңа жоғарыда әулиеден қалған кітап туралы айттыңыз. Бұл кітап осы заманға қалай жетті? 

- Бұл кітапты біздің заманымызға жеткізген белгіл ақын Қазанғап Байболов пен оның ұрпақтары. Қазанғаптың Бекасыл бабамызға тікелей қатысы бар. Оның әке-шешесі бала тұрмаған соң Бекасыл бабамызға келген екен. Содан әулиенің шарапатымен көп ұзамай Қазанғап туылады.  Қазанғап жас кезінде Бекасыл әулиенің медресесінде білім алған, оның ең зерек және дарынды шәкірттерінің бірі болған. Кейінірек ақындық жолға түскен. Бекасыл бабамыз жинаған деректердің негізінде «Еңсегей бойлы Ер Есім» мен «Төлеби  тарихы» дастандарды  жазған.

Қасиетті бабаларымыздың тарихын -Тәуелсіздігіміздің арқасында таныдық. 2001 жылы Үкіметтің шешімімен, ауылымыздағы мектепке Бекасыл Биболатұлының есімі берілді. Осы шараға Қазанғап Байболовтың ұлы Оңғар да келді. Сол жолы ол маған Бекасыл бабамыздан қалған мұраны шаңырағында көзінің қарашығындай сақтап келе жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, Қазанғап өлер алдында өзінің кемпірі мен сол кездегі 12 жастағы ұлы Оңғарға «түбі мұның егесі келеді, соған тапсырарсыңдар» деп аманат еткен екен. Міне, кітаптың қысқаша айтқандағы тарихы осындай.  

Бекасыл әулиеден қалған кітап  араб, парсы және шағатай тілінде жазылған. Біраз имамдарға көрсетіп едім, олар оқи алмады. Осыдан кейін белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековпен ақылдастым. Кітапты оқи алатын және оны қазақшаға аудара алатын адам іздедік. Ақыр соңында Мақсұт Шафиғи, Сәрсенбі Дәуіт деген белгілі ғалымдарды іздеп таптық.  Шафиғи Қытайда туылған, шағатай тілін жақсы меңгерген, тақуа адамдардың ұрпағы екен. Ұлттық кітапханада өте сирек кездесетін кітаптармен жұмыс істепті. Бекасыл әулиенің артында қалған мұрасын алғаш рет қазақ тіліне аударған осы екі ғалым. Кітап  «Жұлдызнама» деген атпен басылып шықты. Оған Мырзатай ағамыздың ақылымен кітаптың факсимилесін қостық. Алайда жоғарыда аталған ағаларымыз «шамамыз жеткен жеріне дейін бардық, біраз жері аударылмады» деді. Осыдан кейін уақтысында Ташкенттегі Орта Азия діни басқармасының медресесінде сабақ берген, Алматыдағы «Нур Араб» университетінің ректоры  болған Абдулла Жолдас деген ағамызға қолқа салдық. Кітап оның аудармасымен екі том болып жарыққа шықты. Алайда бұл жолы да Бекасыл бабамыздың еңбегі толық игерілмей қалды. Ақыр аяғында ол кітапты жоғарыда аты аталған араб, парсы, шағатай тілдерінің білгір маманы Зәріпбай Оразбай деген азамат аударып, ол «Қазыналы Оңтүстік» деген көптомдықтың сегіз томына енгізілді. Бірақ бұл кітап аз таралыммен жарық көрді. Осыдан кейін кітапқа араб, парсы, шағатай тілдеріндегі транскрипциясы мен факсимилиясын қосып, оны екі том етіп қайта жарыққа шығардық. Кітап бұл жолы «Зикзал» деген атаумен басылды. 

- Осы жерде кітаптың «Зикзал» аталуын түсіндіре кетсеңіз. 

- «Зикзал» ескі замандардан келе жатқан сөз. Аңыз бойынша адамзаттың тарихында мата тоқуды алғаш меңгерген Ыдырыс пайғамбар екен. Жіптен матаны өрнектеп тоқуды «зикзал» деп атаған. Бекасыл бабамыз өзінің кітабында «Қалам алып, жаздым зикзал» деген. Яғни, көптеген ілім-білім, деректерді қиюластырып, өрнектеп жаздым дегені.

Атақты ғалымдар мен дінтанушылардың пікірінше, «Зикзал» адамзаттың қымбат жауһарларының қатарына жатады. Ол кез келген қазақтың төрінде тұратын қасиетті кітап. Онда адамның күнделікті өміріне керекті барлық ақыл-кеңестер берілген. «Зикзалды» екінің бірі түсіне бермейді. Өйткені, онда ақыл-кеңестерден басқа,  жаратылыстың тылсым дүниелерін ашатын күрделі ілім жазылған. Зәріпбайдың айтуынша, кітапта 300-ге жуық түрлі дұғалар бар. Бұл дұғалардың адамға ешқандай зияны жоқ, бүгінгі сөзбен айтқанда сиқыр, яғни қара магиямен байланысты емес. Бекасыл әулие өз заманында адам емдеген, түрлі дұғалармен адамдарға шипа, рухани күш-қуат берген. Оның емдік дұғалары мен ақыл-кеңестерін адамдар  қазіргі кезде де кеңінен пайдаланып жатыр. 

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Ғарифолла Есім  Бекасылдың өмірбаяны мен еңбегі туралы деректерді жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған «Зайырлық және дінтану негіздері» және «Светкость и основы религоведения» оқулықтарына еңгізді. Ал, С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің ғалымдары «Зикзалды» клиникалық медицина мен фармакология саласындағы медициналық энциклопедиялық ғылыми еңбек деп таныса, Қазақстанның бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы ковид атты пандемия басталған 2020 жылдың көктемінде «Зикзалда» келтірілген Құранның 7 аятын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының сайтына салып, бүкіл мұсылман елдердің муфтилеріне үндеу тастап, олардың барлығы бір мезгілде Құран оқып, Алладан аталған індетті қайтаруды сұрап, жалбарынған болатын. 

- Шыңғыс хан соңғы уақытта қазақ қоғамында көп талқыланған тұлға. Осы бағытта зерттеу жүргізіп жүргендердің бірі өзіңіз. Айтыңызшы, «Шыңғыс хан қазақ» деп кесіп айтуға бола ма?   

- Шыңғыз ханның заманында (Шыңғыз хан деп, сұхбат берушінің өз сөзімен жазып отырмыз, өйткені ғалымның айтуынша, Ұлы қағанның есімі тарихи деректерде осылай жазылған. Б.Ә)  қазақ деген халық әлі қалыптасқан жоқ. Бірақ Шыңғыз ханның түркі тайпасының мұғул деген тармағынан шыққанын тарихи деректермен дәлелдедік. Ұлы қағанды «моңғолға» апарып телу бертінде (XIX-XX ғ.)  жасалған. 

2008 жылы Мәжіліс депутаты болып жүрген кезімде мен Иранға арнайы іс сапармен барып, Мешхед деген қаладағы кітапханаға Бекасыл бабамыздың «Зикзалын» сыйладым, кітапхананың  директорымен сөйлестім. Сол кезде әлгі директор маған «Сіздер білесіздер ме, Иранның ұлттық кітапханасында Рашид ад-Дин жазған түркілер мен Шыңғыз ханның тарихы жатыр» деді. Осыдан кейін Ирандағы ұлттық кітапханадан Шыңғыз ханға қатысты деректерді іздестіре бастадым. Ақыр аяғында осыдан жеті жүз жыл бұрын жазылған Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-тауарих» атты кітабын тауып алып, елге алып келдім. Ол  кітап Рашид ад-Дин жазған кітаптың түпнұсқаның тікелей көшірмесі екен, 1994 жылы Тегерандағы «Аль Барз» деген баспадан шыққан.

Алдымен ол кітаптың біз үшін құндылығына тоқтала кетейін. Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ-ат-тауарихы» 1298-1316 жылдар аралығында парсы тілінде  жазылған. Оны жазу кезінде мұғул тіліндегі «Алтын дәптер» деп аталатын Шыңғыз ханның 1196 жылдан бергі жазылып келген жылнамасы  мен басқа да құнды деректер пайдаланылған (мұғул тілі-Шыңғыз хан заманында  түркі халықтарының түгел түсінетін тіл болған). 

Аталған кітап сол кездегі Иранның Елханы болған Шыңғыз ханның бесінші ұрпағы Ғазан ханның тапсырмасымен  және оның тікелей қадағалауымен жазылған. Түркілер мен Шыңғыз ханның тарихы жазылған «Жамиғ ат-тауарихтың» негізгі екі томын Құблай қағанның Ирандағы елшісі болған, мұғулдың дүрбен тармағынан шыққан өте дарынды тарихшы  әрі сол кездегі араб елдеріндегі бүкіл әскерлерге қолбасшы болған Болат әмір деген ғұлама  алғашында  мұғул тілінде дайындаған, тек содан соң ғана Рашид ад-Дин басқарған ғылыми топ оларды парсы  тіліне аударып, кітапқа қосқан.

Бұл еңбек  әлем жұртшылығына тек XIX ғасырда ғана  танымал бола бастаған.Алғаш рет ол кітаптың көшірмесі француз ғалымдарының қолына түскен. Осыдан кейін француз және ағылшын тілдеріне  кітаптан үзінділер аударылған. Бүгінде аталған кітапты дүние жүзінің барлық ғалымдары мойындаған. Оны ортағасырлық энциклопедия ретінде таниды. 

1858-1888 жылдары орыс зерттеушісі И.Н.Березин өзінің еңбектерінде аталған кітаптан «История монголов» және «История Чингиз-хана» деген үзінділер келтірген. Ал  СССР  Ғылым академиясының шығыстану институты 1936-1952 жылдары аралығында «Жамиғ ат-тауарихты» толығымен орыс тіліне аударған. Аталған  үзінді мен аудармада   «мұғул» деген түркі тайпасының атауы «моңғол» болып өзгертілген. Оның басты себебі кітап араб әрпімен парсы тілінде жазылған. Парсының әрптерінің саны, арабтың әрпінен 4 әріпке артық. Кітап жазылған кезде, қазіргідей баспаханалар болмаған. Сондықтан, оны хат танитын адамдар ғана көшіріп таратқан. Олар жоғарыда көрсетілген әріптердің ерекшілігін ескермей көшіргендіктен, мұғул деген атау, «моңғолға» айналып кеткен. Оны «Жамиғ ат-тауарихты» орысшаға аударған ғалымдар жақсы білген. Соған қарамай, мұғул деген атауды «моңғол» деп аударған. Өйткені, Ресей патшалығы мен Кеңес үкіметі кезінде  Шыңғыз ханның шыққан тегін түркі емес, моңғол етіп көрсету тиімді болған. 

«Жамиғ ат-тауарих» менің жетекшілігіммен  2016-2018 жылдар аралығында  Астанадағы Халықаралық Түркі академиясында қазақ тіліне аударылды. Оны араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан университетінің аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Оразбай тәржімалады. Ресей патшалығы мен Кеңес Одағы  кезіндегі мұғул атауының бәрі «моңғолға» айналғаны кітапты қазақшаға  аударғанна соң ғана  белгілі болды. Жалпы қазіргі Моңғолия мемлекетінің өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары «буферлік мемлекет» ретінде, Кеңестер Одағының тікелей араласуымен пайда болғаны белгілі. Оған дейін, моңғол деген тайпа да, ұлт та болмаған.  Яғни, патшалық Ресей мен  Кеңес Одағы Шыңғыз ханға қатысты деректерді қасақана бұрмалаған.   

- Сонда сіздің ойыңызша, «мұғул» дегеніміз «моңғол» емес... 

- «Жамиғ ат-тауарихта» төмендегідей дерек келтірілген: қазіргі  Алатау мен Қаратаудың бауырайына қоныс аударған Нұқ пайғамбардың  ұлы Жапастың Түрік атты ұлының     Мұғул және Татар атты шөберелері егіз   болған.  Ол екеуінің аттары кейіннен екі тайпаның атауына айналған. Татар тармағынан сегіз, мұғул тармағынан тоғыз билеуші шыққан. Түрік құрған алғашқы мемлекет Түркістан  деп, оның ұрпақтары  құрған мемлекеттің атауы Мұғулстан деп аталған.  

«Жамиғ ат-тауарихында» ол туралы былай деп жазылған: «Шамамен екі мың жыл бұрын  мұғул мен түрік тайпаларының арасындағы текетірестің соңы соғысқа ұласады.  Бұл мұғулдар жеңілісімен аяқталады. Жаулары мұғулдардың екі еркегі мен екі әйелінен басқасының бәрін қырып тастаған. Содан кейінгі барлық мұғул рулары дұшпаннан бас сауғалап Ергене қоң деп аталатын жерге барып қоныстанған Қиян мен Нүкүз деген  екі кісінің нәсілінен  тараған. Ергене қоңнан шыққан мұғулдар уақыт өте келе мұғул-дүрліккендер мен мұғул-нируундар деген екі тармаққа бөлінген. 

Біз түркілердің мұғул тармағы өсіп-өнген Ергене қоң атты жерді 1786 жылы Нюрнбергте басылып шыққан Ф.Л.Гюссфельдің «Карта Российской империи и Великой Татарии» деген картасына іздеп таптық. Онда Ергене қоң деген жердің қазіргі Іле өзенінің сол жағалауында жатқандығы анық көрсетілген. Мұны «Жамиғ ат-тауарих» пен 1425 жылы жазылған Али Йаздидің «Зафар намасында» келтірілген деректермен салыстыра отырып, Ергене қоң қазіргі Шарын шатқалы  деген қорытынды жасадық. Біздің пікірімізше, Шарын шатқалы 154 шақырымға созылады, жануарлар мен өсімдіктерге өте бай және өмір сүруге қолайлы. Өткен ғасырдың 70 жылдары Іле өзені аңғарынан табылған сақ дәурінің обалары мен Есік қаласының маңынан табылған «Алтын адам» осы Ергене қоңнан шыққан мұғул тайпаларына тиесілі. 

«Жамиғ ат-тауарихтың» түпнұсқасында «моңғол» деген бір де бір сөз кездеспейді. Ол кітапта мұғул  деген тайпалардың барлығы түркілерге жатады деп тайға таңба басқандай  анық жазылған. Шыңғыз хан түркілердің   мұғул тармағынан  шыққан. Аталған еңбекте жазылғандай, Шыңғыз ханға дейін барша  түрік  тайпаларында ортақ патша болмаған. Әр тайпа мен рудың өз  билеушісі болған, олар көп уақыт бойы бір-бірілерімен қырқысып, алауыз болып отырған. 

- Сіз еңбектеріңізде дулаттардың осы мұғулдан тарайтынын жазғансыз. Ал, көптеген  тарихшылар дулат тайпасының тарихын Түрік, Түргеш қағанаттары кезіндегі дулумен  байланыстырады.

- Дулат (дуқұлат, дулу) деген тайпаның атауы біздің заманымызға дейін де кездеседі. IV-V ғасырда  өмір сүрген, бүкіл Еуропаны жаулап алған Атилла сол тайпаның өкілі екені тарихтан белгілі. Қазіргі Ресейдегі чуваштар, құмықтар, қарашайлар мен балқарлар да өздерін дулаттан тарайтынын айтады.  

Шежіре бойынша, дулат үйсін тайпасының бір тармағына жатады.

«Жамиғ ат-тауарихта» үйсін тайпасы біздің заманымызға дейінгі VIII-IV ғасырлар аралығында пайда болғаны туралы дерек келтірілген. Бұдан шығатын қорытынды, дулат тайпасы біздің заманымызға дейінгі IV ғасырдан кейін пайда болған. Біздің пікірімізше, ол кездегі дулаттардың басым бөлігі Атиллаға  ілесіп, қазіргі Еуропа елдеріне қоныс аударып, сол жақтарда тұрақтанып қалған.

Түрік қағанатын дулаттың ашина деген тармағынан шыққан қағандар құрғаны тарихтан белгілі. Ол қағанат VII ғасырдың басында Шығыс және Батыс Түрік қағанаты болып бөлінген. Сол кездері Ергене қоңнан шыққан бірнеше рулардың басшысы болған Бөрте шина (Бөрте адамның аты, шина-ашина тайпасының атауы. Бұл атаудағы А-префикс)  деген Шыңғыз ханның он алтыншы атасы Алтайдағы Бұрқан Қалдұн деп аталатын таулардан бастау алатын Ұнан, Қилуран және Туғла деген өзендердің бойына барып орналасады.

Рашид ад-Диннің айтуынша, Шыңғыз ханның төртінші атасы Түмбине ханның тоғыз ұлы болған. Оның әрқайсысынан атақты рулар бастау алады: үшінші ұлы Қашуладан -Әмір Темір; алтыншы ұлы Қабыл ханнан-Шыңғыз хан; жетінші ұлы Одыр Баяннан-Жамуқа; тоғызыншы ұлы Есутайдан–Жебе ноян. Дулат руы Түмбине ханның сегізінші ұлы Боданжардан (лақаб аты Болшар дуқұлан) тарайды.

Яғни, бұл ру  XIII ғасырда қайта жаңғырған. Дулат руының  әскерлері саны жағынан аз болғандықтан Шыңғыз хан құрған он үш күреннің тоғызыншысының құрамына кірген (қазіргі кезде аталған дулат руы қазақ халқын құратын ең ірі қауымдастықтардың қатарына жатады).

Менің зерттеуім бойынша, Дулат деген адам  Шыңғыз хан мен оның ұлдарының замандасы болған. Оның әкесі -Тілеуберді, ол Бәйдібектің Жеті Арыс (Сарыүйсін, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Албан, Суан) деп аталған жеті ұлының біреуі. Бәйдібектің әкесі Қараша, оның әкесі жоғарыда аталған Боданжар. 

Screenshot_4.jpg          

Шыңғыз хан көзі тірісінде-ақ барлық жаулап алған жерлерді, мемлекеттер мен әскерлерді өзінің төрт ұлы мен жақындарына бөліп берген. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиде»  төмендегідей дерек келтірілген: «..Сол (Шыңғыз хан) бөлген үлесте дулат тайпасы Шағатай ханның үлесіне тиді. Шағатай Дулатқа Маңлай Сүбені береді. Маңлай Сүбе бір жағы Шашпен, екінші жағы Шалыш, бір шеті Ыстықкөл және бір тарабы Сары Ұйғырмен шектеседі...».

Ол жердің аумағында қазіргі кезде төрт мемлекет орналасқан (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы). Бұндай аса көлемді жерді  дулат руының үлесіне беру, дулаттардың Шыңғыз ханға өте жақын аталас туысы екендігін көрсетеді.   

1269 жылы Үгетай қағанның немересі Қайду ханның шақыруымен қазіргі Жамбыл облысына қарасты Талас пен Кенжек аумағындағы жайлауда Талас Құрылтайы өтеді. Ол Құрылтайдың шешімімен Құбылай қағаннан тәуелсіз үш мемлекет-Жошы ұлысы, Қайду ұлысы мен Шағатай ұлысы пайда болады. XIV ғасырдың басында Шағатай ұлысының шығыс бөлігінде  дулаттар құрған Моғолстан атты мемлекет, ал оның батысында 1370 жылы Әмір Темірдің мемлекеті өмірге келеді.

Мұхаммед Хайдар Дулати осы Моғолстан деген мемлекеттің үш ғасырлық тарихын жазған. Ол мемлекет Шыңғыз хан империясының заңды мұрагері. 

Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуынша, 1465 жылы Моғолстан мемлекетіне қарайтын дулаттардың Шу мен Қозыбас атты жерінде Жошының тікелей ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Қазақ хандығы бой көтерді (бұл баға жетпес дерек тек Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде» ғана келтірілген. Қазақ хандығының 550 жылдығы 2015 жылы осы деректің негізінде аталып өткені мәлім).

Қорыта айтқанда дулат руы бастау алатын Дулат пен Шыңғыз хан шежіресі үш атадан қосылады, яғни олар бір-біріне немере аға-іні болады. Дулаттар барлық кезде Шыңғыз ханның ұрпақтарынан шыққан хандарды қолдап отырған, олар басқарған мемлекеттерде шынайы билік жүргізген. Мұхаммед Хайдар Дулатидің Құдайдат деген атасы бір өзі алты бірдей ханды таққа отырғызған. Солардың қатарында Түркістанды түгел билеген, қазақ пен қырғыздардың 47 жыл бойы ортақ ханы болған Еңсегей бойлы  Есім ханның орда биі, төрт атасынан бері би болған Құдайберді би. Оның ұлы Әлібек би, одан бірнеше ханның тұсында билік еткен Төле би.

Сол кезден «Толық хандыққа тек Есім хан ғана жеткен, толық билікке тек Төле би ғана жеткен» деген  аталы сөз қалған.      

Бекасыл Биболатұлы Құдайберді бидің үлкен ұлы Түгелбайға шөбере болады. Бекасылдың әкесі Биболат Қоқан хандығында «пансат» деген дәрежеге ие боп, қарамағындағы елге басшылық жасаған. «Абылай ханның жұрағаттары Қасым төре мен балалары Есенгелді, Саржанға көмек қылдың, мініске жылқы бердің» деп, қоқандықтар оны қудалаған. Ақыры ажалына солар жетіпті.

Осы айтылған деректердің барлығы «Шыңғыз хан» атты кітап пен «Дулаттардың шығу тегі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Бекасыл Биболатұлы туралы естеліктер» деген брошюрада (кітапшада)  жазылған.

- Сіздің жасаған тұжырымдарыңызға қарағанда, Шыңғыз ханның  туған жері және оның құрған империясының астанасы болған Қарақорым қазақ жерінде жатыр. Бұған нақты дәлел бар ма? 

- Жалпы, тарихта нақты дерексіз тұжырым жасауға болмайды. «Жамиғ ат-тауарихта» келтірілген деректерге қарағанда, Шыңғыз хан Булук Бұлдақ деген жерде, Ұнан өзенінің төменгі жағында дүниеге келген. «Ол жерден Бұрқан Қалдұн тауына дейін алты күндік жол» деп көрсетілген. Бұл мекенді біз С.Ремезовтың 1701 жылы «Каменная степь және «Чертежная книга Сибири» деген карталарынан таптық. Содан соң  Ф.Л.Гюссфельдің жоғарыда аталған  картасынан қазіргі Моңғол және Ресейдегі, бізге «Жамиғ ат-тауарихтан» жақсы мәлім, Алтайдағы жер-су атауларының кейбіреулерінің қолмен жазылғанына назар аудардық (оны интернеттен көруге болады).  Бұл Шыңғыз ханның тарихын бұрмалауға қатысты әрекеттің ең бір жарқын көрінісі. Өйткені ол жер-сулардың қатарында Онон (қазақша Ұнан) деп аталатын өзеннің де бар екені анық көрініп тұр. Ол өзен  Шыңғыз ханның тарихында ерекше орын алады.  Шыңғыз ханның жоғарыда аталған арғы атасы Бөрте шина Ұнан, Килуран және Туғла деген өзендердің алқабына келіп қоныстанған, ал Ұнан өзенінің төмегі жағындағы Булук Бұлдақ деген жерде Шыңғыз  хан дүниеге келгені туралы нақты дерек келтірілген. Ең бастысы, «Шыңғыз хан дүниеге келген Булук Бұлдақ деген жерден Бұрқан Қалдұнға дейін алты күндік жол болады» деген «Жамиғ ат-тауарихта» айтылған деректің растығын дәлелдедік: қазіргі Бұқтырма атты өзен бастау алатын Бұрқан (қазіргі Тарбағатай) мен Қалдұн (қазіргі Листвяга) тауларынан Бұқтырманың Ертіске құятын жеріне дейінгі иірімдердің жалпы қашықтығы 406 шақырым. Ол атты адамға алты күндік жол болады. 

Біздің пікірімізше, жоғарыда аталған Ұнан, Килуран және Туғла өзендері мен Бұрқан Қалдұн таулары қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма, Қара Ертіс, Күршім атты өзендер мен Тарбағатай  және Листвяга деп аталатын таулар. Бұл пікірлер, шетелдік көне карталар мен кітаптардағы нақты деректерге негізделген. Осы деректерді қорытындылай келе Шыңғыз хан мен оның ата-бабасының қоныстанған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданындағы Тарбағатай (бұрынғы атауы Бұрқан) мен Листвяга (бұрынғы атауы Қалдұн) тауларын шығыстан батысқа қарай қақ жарып өтетін Бұқтырма (бұрынғы атауы Ұнан) өзені мен Күршім (бұрынғы атауы Туғла) және Қара Ертіс деп аталатын өзендердің  алқабында болған. Бұқтырманың Ертіске құятын жерінен Нарын (бұрынғы атауы Өрқун) өзеніне дейінгі Қарақұрым деп аталатын жазықта Шыңғыз ханның жұрты мен ордасы болған. Осы жазықта кейіннен Үгедей хан Қарақұрым қаласын салдырған. Қарақұрым «Жамиғ ат-тауарихтың» 1952 жылғы орысша аудармасында «Қарақорым тауы» деп қате аударылып,  оны Ертістің бойынан ешбір негізсіз қазіргі Моңғолиядағы Орхон өзенінің жоғары жағындағы Ханғай тауына апарып,  ол жерде кейіннен Қарақорым тауына аттас моңғолдардың астанасы пайда болған деп көрсеткен. 

«Жамиғ ат-тауарихта» Жошының ордасы Ертіс өзені мен Алтай тауларының аралығында,Үгетайдың ордасы Еміл мен Қобық өзендерінің бастауында, Шағатайдың ордасы Iленің оң жағалауындағы Алмалықта, ал Төленің ордасы Шыңғыз ханның ордасы болғандығы анық жазылған. Сонымен қатар, Шыңғыз хан мен Төленің ұрпақтарының (оның Арық бұқа деген ұлынан басқасы), Бұрқан Қалдұнға, Үгетайдың Бұрқан Қалдұндағы биік таудың басында жерленгені туралы айтылған. Ал Жошының денесі қазіргі Ұлытау обылысындағы кесенеге жерленгені тек XX ғасырда ғана мәлім болды. Бұл деректер біздің жоғарыда келтірілген пікіріміздің дұрыс екенінің тағы бір  дәлелі.

Мен, Асқар Қабанбаев пен Жақсыбек Кұлекеев деген белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге  Алтайдағы жоғарыда  аталған таулар мен өзендерді бірнеше мәрте машинамен, атпен, кемемен және жаяу аралап шықтым. Архивтегі карталар арқылы жер атауларының қазіргі және көне атауларын зерттедім. Сонда белгілі болғаны,  Шыңғыз ханның  Қарақұрымдағы ордасы қазіргі Бұқтырма су қоймасының астында қалған. Бұқтырма дүние жүзіндегі ең үлкен су қоймаларының бірі саналады. Мамандардың айтуынша, су қоймасының не үшін салынғаны осы уақытқа дейін түсініксіз. Өйткені ол экономикалық жағынан тиімсіз саналады.  Тіпті шаруашылық үшін кедергі десек те болады. Өйткені су қоймасы Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарының өзара қатынасын және облыс орталығымен байланысын үзіп тастаған. Оның маңайында ешқандай суармалы жер жоқ, балық та өсірмейді.  Қойманың суын тек Бұқтырма  су электр станциясы ғана пайдаланады. 

- Бұдан қандай байлам жасауға болады?

- Бұқтырма су қоймасын салу туралы шешімді Кеңес үкіметі дәл «Жамиғ-ат тауарих» кітабы орысшаға аударылған 1952 жылдың қарашасында, Сталиннің көзі тірісінде қабылдаған.  Ал Бұқтырма мен Өскемен электр станцияларының құрылысын Сталиннің ең жақын әріптесі және мұрагері Маленков жүргізген. Ол Сталин өлгеннен соң, екі жыл бойы Совет мемлекетін басқарған. Содан соң ең жоғарғы лауазымнан босатылып, Өскемен қаласына  1953-1968 жылдар аралығында салынып біткен Бұқтырма су қоймасының құрылысына 1957-1964 жылдары басшылық жасаған. Бұдан шығатын қорытынды: аталған су қоймасы Шыңғыз ханның туып өскен жері мен оның ордасын жер бетінен біржолата жойып жіберу үшін әдейі жасалған жоба.

- Осыдан екі жыл бұрын З.Оразбай екеуіңіздің жарыққа шығарған «Шыңғыз хан» кітабын жалпы оқырман қауым, тарихшы ғалымдар қалай қабылдады?

- «Шыңғыз хан» атты қазақша және орысша  кітаптарда  келтірілген мәліметтер жоғарыда  аталған «Жамиғ ат-тауарих», «Зафар нама» және Шыңғыз хан құрған империяның заңды мұрагері болатын Моғолстан мемлекеті мен Қазақ хандығының тарихын баяндайтын Мұхаммед Хайдар Дулатидің  «Тарих-и Рашиди» деп аталатын ортағасырлық еңбектеріндегі деректерге негізделген. Аталған кітаптардың тұсаукесерлері Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология  институты (2020 ж.) мен Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде (2022 ж.) өткізілді.

Screenshot_5.jpg

Screenshot_6.jpg

Қазіргі кезде ол кітаптарға ғалымдар мен оқырмандар тарапынан аса  қызығушылық таңылуда. Уәлихан Қалижан, Мамытбек Қалдыбай, Ерден Хасенов, Ғарифолла Есім, Бахытжан Қанапиянов және басқа да ғалымдар оң пікірлер жазып, оларды «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде  жариялады. Әзірше,  ешқандай қарсы   пікірлер айтылған жоқ. Ондай теріс пікірлер келешекте де айтылмайды деп ойлаймын. Өйткені, жоғарыда аталған  ортағасырлық кітаптарда келтірілген деректер Шыңғыз ханның тікелей ұрпақтарының тапсырмасымен және қатысуымен жазылған. Олар өздерінің даңқты бабасы Шыңғыз ханның шыққан тегі «моңғол» емес, мұғул екенін және оның ата-бабасының қоныстары қазіргі Моңғолия деп аталатын мемлекетінің территориясында емес,қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Ертіске құятын Бұқтырма, Күршім мен Қара Ертістің бойында болғандығын  бес саусақтай білгеніне ешкім  күмән келтіре алмайтыны мәлім. Ал түркілер мен Шыңғыз ханның тарихының осы күнге дейін өте өрескел  бұрмаланып келгеніне евроцентристік көзқарас пен отаршылдық саясат кінәлі екені белгілі.

Аталған кітаптарды оқып, ондағы келтірілген деректерді сараптап, олардың дұрыс  екендігіне көз жетізіп, оларды түсінуге біраз уақыт қажет. Өйткені, ғасырлар бойы уланған сананы бір сәтте түзету мүмкін емес.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Б.ӘБДІРАШҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті,  26 қазан 2022 жыл

Мені құшақташы
Біздің әдебиет ұзақ жыл сақталған шарап секілді, оны әлем оқыса мас болар еді - Жәудір Нартай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу