Ырысбек Дәбей, жазушы: Жақсы көретініңді айтудан кешікпеу керек
Еркіндік. Бұл ұғымды әркім өзінше түсінеді. Кімдер кімнің тағдырына себепкер? Ешқандай адам өміріне әсер ете алмаса, адам еркін бе? Жоқ, заң нормаларымен бекітілген өмір қауіпсіздігінің қорғалуы еркіндік пе?
«Еріксіз түскен ылдидан,
Еркіңмен шыққан өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден
Көсіліп жатқан көр артық»,-диді Абай. Кейіпкеріміз – еркіндік іздеген жыршы. Ішімдікке салынған ағалардың берекесіз тірлігі, ұстаздың әлеуметтік орны, тірі туған баланың өмірін сақтай алмаған дәрігерлер, жалған ақпаратпен көзбояу, бейнеттің зейнетін сұрауды қылмыспен тең көру - Ырысбек Дәбейдің «Қоңызындағы» картина. Осыған дейін де оқырманына жақсы туындыларымен танылып жүрген жазушымен диалог құрып едік.
– Дулат Исабеков кейіпкерлерінің бақытына бір адым қалғанда жантәсілім ету сюжетін көп шығармасында қолданады. Адам тағдырына келіп тірелетін сюжеттерде өлім нүкте ме? Ырысбек Дәбейдің кейіпкерлерінің трагедиясы не?
– Әрине, «адам тағдырына тірелетін сюжеттерде өлім нүкте» деген қағида жоқ. Психологияда биологиялық тағдыр, психологиялық тағдыр, әлеуметтік тағдыр деген бар. Жазушы қай жағын індетіп жазғысы келеді, еркі өзінде.
– «Жарғанатта» ғажайыпты күтіп өмір сүретін қоғам бейнеленеді. «Әкелеріміз айтатын әңгімеде» де қар суымен кеткен жылқыны сойып алған кісінің өкініші жақсы жеткізіледі. Көркемдік шешімді қайдан аласыз?
– Көркемдік шешім де жазушының еркіндегі дүние. Әр шығарманың табиғатына қарай ол нәрселерді жоспарлаймын.
– Жиырма жазушы болса, оның әрқайсының жеке сүйенер теориясы бар. «Қоңызда» «Көкмойнақтың үйірі» атты жергілікті жырды не себепті қолдандыңыз? Бірі бодандықта, бірі бостандықта өрбіген оқиғадан қандай тандем жасағыңыз келді?
– Жергілікті жерге тән ерекшелікті көрсету үшін романда «Көкмойнақтың» үйірі атты тарихи жырды оқырман есіне салып отыруды жөн санадым. Мен ол жерде (романда) бодандықта болған оқиғаны жазған жоқпын. Бодандық тудырған тарихи жырды пайдаландым.
– Шетел әдбиетінде балаларға арналған туынды әсерін бергенмен астыртын мағынасы бар саяси туындылар көптеп кездеседі. «Қоңызды» жазу барысында форманы қалай таңдадыңыз. Қандай концепцияны жеткізгіңіз келді?
– «Қоңыз» романын жазу барысында екі қарапайым мұнайшы отбасы өмірін параллель беру формасын таңдадым. Сюжеттерді солай дамытып, ұлғайтып отыруды жөн санадым.
Шығармада кішкентай, қарапайым халықтың трагедиясын көрсеткім келді.
– «Өмір мен өлім үзігіндегі Ұлы сағыныш –
Бәлкім ол біз айтып жүрген
Обал мен сауап…»,-деген екенсіз. Біз нені айта алмай жүрміз. Шығармашылық иесі нені айтқысы келеді?
– Бұл ертерек жазылған өлең шумақтары ғой. Адам өмірінде не болмайды, сондай бір көңіл күйде жазылған болуы керек. Нақты неге байланысты жазғаным есімде жоқ қазір.
– Жұмабай Шаштайұлы : «Ырысбек Дәбей сезіну мен жеткізудің далалық табиғатының бояуын дәл тапқандай көрінеді» деп сипаттапты. Сіз жазудан не іздедіңіз?
– «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей ғой. Адам өнерден не іздеуі мүмкін? Әрине, бізден бұрынғы, бізге дейінгі өнердің әр саласындағы тұлғалар санаңа әсер етеді. Солардан алған эстетикалық ләззат, басқа да нәрселер жаңағы іздеген дүниелерің болуы мүмкін.
– Қазақстанға жаңа келген Ырысбек пен мұнда 20 жыл өмір сүрген Ырысбекте не өзгерді?
– Өмір өзгерді, қатты өзгерді. Тіпті басқасын айтпағанда пандемия пайда болғалы әлем қалай өзгерді? Ширек ғасырда әлем сіз бен біз елестете де алмайтын дәрежеде өзгерді. Ендеше мен де сол күн сайын құбылған, өзгерген қоғамда жасаймын.
– Әдеби байқауларға көзқарасыңыз қалай. Оның шығармашылық иесінің шыңдалуына әсері бар ма?
–Әрине, әдеби байқаулар әділ өтсе, шығармашылық адамға мотивация болар еді. Өкінішке қарай қазір бізде конкурстар онша әділ өтпейді. Керісінше шығармашылыққа енді-енді аяқ басқан жастар жасып, суынып қалатын жайттарға көбірек куә боп жатамыз.
– Сіздің дүниетанымыңыздың қалыптасуына қандай кітаптар мен авторлар әсер етті? Өміріңізді өзгерткен шығарма болды ма?
–«Нақты осы авторлар мен шығармалар менің дүниетанымыма әсер етті» деп айта алмас едім. Себебі бала кезден оқыған ертек-аңыздар, қисса-дастандар менің дүниетанымыма әсер еткен болуы мүмкін. Жүре-жүре өзіміздің, әлемдік қлассиккаларды да шамамызша оқыдық. Оның да әсері болды.
– Гент университетінің докторанты, Мария-Кюри грантының иегері Маурицио Тотароға берген сұхбатыңзыда оқитын авторларыңыздың қатарында Алайды атап өтіпсіз. Өзге атаған жазушылар елге етене таныс. Алай несімен қызықтырады?
– Тибеттік жазушы Алай туралы, даңқты романы «Қызыл көкнәр» туралы да (саясатқа байланысты болса керек, қытай қазақтары «Шаң-тозаң айыққанда» деп аударыпты оншақты жыл бұрын) көп естуші едік. Расымен сұрапыл роман екен. Қазір жақсы романдар жиі аударылып, қазақ оқырмандары жырғап қалды ғой, бұл да бір есте болатын кітап. Баспалар бағытын бұрса, жаман болмайды. Жергілікті тілдік ерекшеліктерге байланысты да жазушының шетел сайттарында жақсы-жақсы сұхбаттары бар. Әдеби сайттар аударып басса (сұхбаттарын), оқылымды дүние болар еді. Екі мыңыншы жылдардың басында Қытайдың атақты Мао Дунь сыйлығын, тәуелсіз (біздің кезіндегі «Тарлан» секілді) «Хрусталь тұлпар» сыйлығын да алған жазушы.
Жиырмасыншы ғасырдың өткір әрі кинематографиялық «Қызыл көкнәрлер» романында қытай коммунизмі орнай бастаған кездегі тибеттік қолбасшылардың (кландық) бүтін бір руды экстравагантты түрде және езіп-жаншу жолымен басқаруы сипатталады. Оқиға мысқылмен қара халыққа нақұрыс ретінде танылған тайпа көсемінің ұлының аузымен баяндалады. Ол терең өшпенділікті, нәпсіқұмарлықты, құпия сырларды және өз әулетінің билікке таласын әшкерелейді. Тайпа көсемі қытай националистері әкелген апиындық көкнәр ұрығын заманауи қару-жараққа айырбастауға келісіп, Тибет елін апиын саудасына тартады… Осылайша, өз-өзіне ор қазғанын білмей қалады. Нью-Йорк Таймс газетіне шыққан рецензияда «сананы дүр сілкіндіретін» роман ретінде бағаланған «Қызыл көкнәрлер» - әрі саяси өсиет, әрі бағы тайған Тибет патшалығына деген сағыныш пен күйініш, қаталдық пен сұлулық, романтика қатар сипатталады. Халқы да біз секілді (ақ қаздан аза қалған, пәк әшейін)) аспаннан жердің ең әдемі нүктесіне арқанмен салбырап түсе қалған (өздері туралы мифтері сұмдық енді).
– Кейіпкерлеріңіздің қиындыққа душар болар сәтін жазғанда қандай сезімде боласыз?
– Кейіпкерлерімнің қиындыққа душар болар сәтін жазғанда барынша бейтарап болуға тырысам. Жазушы шығарманың ішіне өзі еніп кетпеуі керек деп ойлаймын.
– Ең алғашқы жарияланған шығармаңызды өзгертуге мүмкіндік туындаса, нені алып-қосар едіңіз?
– Ешқайсында өзгертіп, алып тастауға талпынбаймын. Уақытты жаңа шығарма жазуға көбірек бөлген жақсы деп ойлаймын.
– Мектепті жаңа бітірген Ырысбекпен бетпе-бет келсеңіз, өмірге қажет қандай кеңес айтар едіңіз?
– Ондай сәт қайдан болсын. Болса айтарым өте көп болар еді...
–Егер, бір тұлғамен рухани сұхбат құруға мүмкіндігіңіз болса, кімді таңдар едіңіз. Не туралы сөйлесер едіңіз?
– Шіркін, қазақта, мейлі басқа ұлт та болсын келіп кеткен рухани тұлғалар өте көп қой. Табан астында қайсы тұлғаны таңдауды айта алмаймын. Солай орай туса, бірінші ойлануға рұқсат сұрар едім. Ал одан кейін әңгіме таусылсын ба?!
– Өмірде қай сөзді айтуға кеш қалмау керек деп ойлайсыз?
– Жақын жандарды құрметтейтіңді, жақсы көретініңді айтудан кешікпеу керек шығар деп ойлаймын.
P.S. «Біздің жазушылар арасында өзі өмір сүріп жатқан ортаны, қоғамды жазу жағы кенже қалып кетті. Қаншама оқиға болып жатыр. Шетелдің атақты жазушыларына қарап отырсаңыз, мысалы Орхан Памук (түрік жазушысы), Мо Ян (Қытай жазушысы) сияқты қаламгерлердің бәрі өз қоғамының шындығын жазып, кішкентай бір кейіпкерлер арқылы сол қоғамның психологиялық, әлеуметтік портретін көрсетіп жатады. Бізде сол жағы әлсіз екен». Кейіпкеріміз «Азаттық Радиосына» берген сұхбатында осылай деген екен. Ол – өзі іздеген еркіндігінде өмір сүретін жан.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН