Ерік РАХЫМ: «Жас Алаш» енді ешкімнің қолжаулығы болмайды

Жасыратыны жоқ, қазақ баспасөзі соңғы он жылда ауыр сынаққа түсті. Әлеуметтік желінің екпіні, цифрлық платформалардың үстемдігі, оқырман талғамының жылдам өзгеруі – дәстүрлі газеттерді бұрын-соңды болмаған дағдарысқа әкелді. Таралым азайды, аудитория қартаюда, ал қаржылық тәуелділік редакция еркіндігіне салқынын тигізіп отыр. Осындай күрделі кезеңде, сындарлы сәтте «Жас Алаш» сынды ғасырлық тарихы бар басылымның тағдыры елдегі ақпарат кеңістігінің жалпы жағдайын көрсететін айнаға айналды.
Бір кездері шындықты тайсалмай айтатын өткірлігімен, батылдығымен, айрықша тілдік мәдениетімен танылған «Жас Алаштың» әр мақаласы қоғамда резонанс тудыратын. Алайда, қазір уақыт өзгерді. Газеттің құрылтайшылары алмасып, ақпараттық нарық түбегейлі түрленіп, басылымның қазіргі болмысы қайта қарауды қажет ететін шақ туды. Міне, дәл сондай өтпелі кезеңде газеттің тізгінін тәжірибелі журналист, ұзақ жылдар бойы редакцияда еңбек еткен Ерік Рахым қайта қолға алды.
Ерік Рахымның бұл лауазымға келуі – қарапайым кадрлық ауысым емес, басылымның жаңа бағытқа бет бұруының белгісі болса керек. Өйткені ол «Жас Алаштың» қаңқасын да, тамырын да, мінезін де жақсы біледі. Журналистік жолын осы жерден бастап, осы жерде қалыптасқан, ағынан жарылып сын айтудың да, қоғамды дүр сілкіндіретін мақала жазудың да жауапкершілігін сезінген журналист үшін газеттің бүгінгі күйі – жеке кәсіби мәселе емес, ұлттық ақпараттық ортаның тағдырына қатысты мәселе.
Редакцияға бас редактор болып оралған кейіпкеріміздің алдында үлкен сұрақ тұр. «Жас Алаш» бұрынғы беделін қайтара ала ма? Әлеуметтік желінің заманында газет өзін қалай сақтайды? Мемлекеттік тапсырыстың шектеулері мен саяси турбуленттіліктің жағдайында басылымның еркіндігі мен тәуелсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Бұл сұхбатта Ерік Рахым осы сауалдардың барлығына ашық жауап берді. Ол басылымның кімге тиесілі екенін, неге газеттің жағдайының ауырлағанын, «Жас Алаштың» ешкімнің саяси құралына айналмайтынын, алдағы саяси кезеңде редакцияның қандай ұстанымда болатынын бүкпесіз айтты. Оның айтуынша, «Жас Алаш» енді бұрынғыдай тек қағазда өмір сүретін басылым ғана емес, өз экожүйесін құрып, жаңа медиа нарығында толыққанды бәсекеге түсуі тиіс.
Төмендегі сұхбатта газеттің ғана емес, жалпы қазақ журналистикасының қай бағытқа бет алып бара жатқаны әңгіме болды. Ерік Рахым «шындық уақытында айтылуы керек» дейді. Ал біз сол шындықтың қалай айтылатынын білу үшін екеуара әңгімемізді бастайық.

– Ерік Рахымұлы ғасырдан астам тарихы бар, қара шаңырақ басылымның басшылығына келгеніңіз құтты болсын дейміз. Уақытысында осы газетте бас редактордың орынбасары болдыңыз. Одан бергі аралықта он жыл өтіпті. Көп нәрсе өзгерді. «Жас Алаштың» меншік иесіне дейін жаңарды. Егер құпия болмаса айтыңызшы, газеттің қазіргі қожайыны кім? Ақорданың бақылауында деген сөз қаншалықты шындық?
– Рахмет! «Жас Алашта» 2003-2015 жылдары табан аудармай он үш жыл жұмыс істедім. Тілшіліктен бастап, бас редактордың орынбасарына дейінгі сатыдан өттім. Газет шығарудың қаншалықты қиын екенін білемін. Біз газетке келген 2000 жылдардың басында қазіргідей әлеуметтік желі дамымаған кезең еді ғой. Халық негізгі ақпаратты телеарна, газет, радиодан алатын. Тіпті шағын ақпараттардың өзін газетке баса беретінбіз. Одан бері жағдай түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік желінің дамуы мерзімді басылымдарды тығырыққа тіреді. Қазір қай басылымға болса да, мейлі ол жеке болсын, мейлі мемлекеттік болсын – оңай емес. Жеке басылымдарға тіпті қиын.
Бұдан ширек ғасыр бұрын «Жас Алаштың» құрылтайшылары газет журналистері еді. Одан бері меншік иесі бірнеше рет өзгерді. Қазіргі құрылтайшы – «Жас Алаштың» қадірін түсінетін, жалпы журналистикадан хабары бар азамат.
«Ақорданың бақылауында» деген бекер сөз. Өйткені онсыз да жағдайы мүшкіл қазіргі баспасөзді бақылаудан бұрын құтқару керек.
– Газеттердің жағдайы күннен-күнге ауырлап барады. Әсіресе, биылғы жыл қиын тиді. Осындай кезеңде елге танымал сайтты тастап, газетке ауысып келгеніңіз – өте үлкен тәуекел. «Жас Алаштың» бұрынғы беделін қайтаруға болады деп ойлайсыз ба? Нендей жоспарыңыз бар?
– Газеттердің жағдайы күннен-күнге ауырлап бара жатқаны рас. Жастар газет оқымайды, біздің оқырмандарымыздың дені – зейнет жасындағылар. Өкінішке қарай, газет оқитын ескікөз зейнеткерлер азайған сайын баспасөзге жазылушылардың да саны кеміп барады. Жасыратыны жоқ, бір кездері бюджет қызметкерлерін биліктің ықпалындағы басылымдарға күштеп жазғызатынын қайта-қайта сынап жүріп, тоқтатып тастауға ықпал еткенбіз. Мұның пайдасы да болды, зияны да тиді. Пайдасы – әркімнің қалаған газет-журналына жазылу құқығын қалпына келтірдік, аз зияны – мерзімді баспасөз тиражынан айрылды, оқырманы азайды. Олай болатын себебі бізде газет оқу мәдениеті қалыптасқан жоқ әлі. Қанша жерден керемет газет шығарсаң да, мәжбүрлемесең газетіңді ешкім оқымайды. Пайдасы да, зияны да болды деуімнің себебі осы.
Бұрынғы алдаспан «Жас Алаштың» беделін қалпына келтіруге болады, ол үшін газет өзін-өзі қаржымен қамтамасыз ете алатындай болуы керек. Ал бюджетке телмірген басылымның еркіндігі шектелетіні белгілі. Қазіргідей басылымдардың басына күн туған алмағайып заманда «Жас Алаштың» эко-жүйесі арқылы – сайт, YouTube арна, Телеграм, Инстаграм, TikTok және түрлі пабликтермен газетті демеуге болады. Алдағы уақытта бұлардың әрқайсысын жеке редакция жасаймыз да, бәрі газеттің мүддесіне жұмыс істейді. Тапқан қаржымызды газет шығаруға жұмсаймыз. Осылай амалдамасақ болмай тұр, газет шығарудың қып-қызыл шығын екенін көпшілік түсіне бермейді.
Мен «Жас Алашқа» жеке басымның қамын күйттеу үшін немесе бас редактор деген атақ үшін келген жоқпын, газетке жаным ашыған соң келдім. Егер жаным ашымаса, өзіңіз айтқандай «елге танымал сайтты тастап», өз командаммен бірге нөлден бастап жасаған жетекші сайттағы жұмысымды қиып кетпес едім.
– Бүгінде ақпарат құралдарының бәрі мемлекеттік тапсырыста отыр. «Жас Алаштың» да соңғы жылдары тендер алып жүргенін білеміз. Өкіметтен ақша алатын газет батыл болады, шындықты жазады деген қаншалықты қисынды?
– Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім. Өкіметтен мемлекеттік тапсырыс алатын БАҚ-тың еркіндігі белгілі бір деңгейде шектеледі. Айталық, тікелей цензура болмаса да, мемлекеттік тапсырыс алған соң сіз міндеттемені орындап, газеттің әр нөмеріне бірнеше материал беруіңіз керек. Мұндай кезде өткір материалдарға орын болмай қалуы мүмкін.
– Кезінде «Жас Алаш» оппозицияның үні болды. Газетті қайтадан оппозициялық күштердің пікір алаңында айналдыру ойда жоқ па?
– «Жас Алашты» оппозицияның газеті болды дейтіндер қателеседі. «Жас Алаш» әу баста халықтың газеті болған және солай болып қала береді. «Жас Алаш» бір саяси ұйымның немесе партияның қалыбына сыймайды.
Соңғы жиырма бес жылда газеттің басынан түрлі жағдайлар өтті, отқа да, суға да түсті, түрлі жаламен қаншама мәрте сотқа да тартылып, миллиондап айыппұл төледі. Бірақ бұл кейбіреулер айтып жүргендей «оппозицияның газеті болғаны үшін» емес, шындықты айтқаны үшін «тартқан жазасы» болатын.
– Алдағы бірер жылда Қазақстанда саясаттың көрігі қызады. Түрлі саяси күштер арасындағы талас-тартыстар қазірден байқалады. Ақпарат құралдарының әрқилы топтардың қолындағы құралға айналуы да мүмкін. Осындай сын сағатта «Жас Алаштың» ұстанымына қатысты не дейсіз?
– «Жас Алаш» енді ешкімнің қолжаулығы болмайды! Мемлекеттің жауы – біздің де жауымыз, мемлекеттің досы – біздің де досымыз. «Жас Алаштың» ұстанымы – шындықты уақытында айту. Өйткені уақытында айтылмаған шындықтың қадірі жоқ. Ақиқат бәрінен де қымбат. Біз осы ұстанымнан таймаймыз.
Әңгімеңізге рақмет! Алдағы жоба-жоспарларыңызға сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Аида ӨТЕП,
"Рейтинг" газеті


