Шымкент қаласының әкімі: Мен PR, лайк дегенмен айналыспаймын
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бұған дейін дау тудырған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері әлеуметтік желіде басшылықтың әрекетіне шағымданды.
Facebook желісіндегі жазбаға сүйенсек, қызметкерлер орталықтың әлеуметтік желідегі жазбаларына лайк баспаса, жазбаша сөгіс, сондай-ақ, ауызша ескерту алады екен. Ал кейінірек Шымкент әкімдігі өкілдері бұл дауды "ішкі мәселе" деп атады.
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ-да өткен брифингте бұл мәселе шешілгенін айтты.
"Мен PR, лайк дегенмен айналыспаймын. Менде ресми Instagram, Facebook желілерінде парақшаларым бар. Ашығын айтқанда, оны баспасөз қызметі жүргізеді. Маған керек жерлерін жолдап отырады. Көрсете аламын, менде әлеуметтік желілер жоқ, себебі уақытым жоқ. Telegram-нан жаңалық оқитыным бар. Одан басқа ештеңе жоқ. Лайк баспа, басу деген біздің дәрежемізден төмен деп санаймын. Оған келіспеймін. Ішкі мәселелері болған. Қызметкерлер арасында бір-бірімен жұмыс барысында келіспеушілік болған шығар. Мәселе орнына қойылды. Ондай жағдай болған. Ол кісімен тиісті сұхбат болды", - деді әкім.


