«Бұл еліміз үшін өте ұятты көрсеткіш» - Иманғали Тасмағамбетов
Иманғали Тасмағамбетов қазіргі өскелең ұрпақ туралы оң пікірде екенін жеткізді. Айтуынша, олар жаңа технологиялардың арқасында жастар мейлінше ашық әрі толерантты болып қалыптасуда. Бұл туралы ол "Қазақ әдебиеті" басылымына берген сұхбатында айтып кетті.
- Өзімнің де өсіп келе жатқан немерелерім бар, олардың дос-жараны, айналасы бар… Байқағаным, олардың арасында мансап қуу, атақ-дәрежеге жетуден бұрын, өз ісіне берілгендік, қарапайымдылық, креативті болу деген қасиеттер қатты бағаланады. Оның жарқын мысалын заманауи мәдени форматтарда, жаңа өнер түрлерінің жаппай таралуынан да көріп жүрміз, - дейді.
Өкінішке орай, соңғы жылдары еліміздің өзіне қол салған азаматтардың статистикасы бойынша әлемде алғашқы үштікте тұрғаны Тасмағамбетовтің де көңіліне кірбің салады.
- Қазақстан 15-29 жас аралығындағы жастар арасында суицид бойынша алғашқы үштікке кіреді. Бұл еліміз үшін өте ұятты көрсеткіш. Өйткені жасампаз әрі шығармашыл жастарды жоғалту – ұлттық трагедия. Басқаша айта алмайсың… Оның себебін өз басым қайта құру кезеңіндегі ұрпақтың санасындағы төңкеріс пен жаңа либералды жастар көзқарасындағы айырмашылықтан көремін. 90-шы жылдардың барлық ауыртпалығына өзіңіз де куә болдыңыз. Ондай күйзелісті көрмеген ұрпақтың стресске қарсы тұруға осалдығы байқалады. Сол қайта құрудың бел ортасында жүріп «ала сөмке» арқалаған ата-аналарын көп жағдайда түсінбей жатады, - деп Тасмағамбетов жастардың ақырғы қадамға баруының себебін іздеп көрді.
Бұған қоса, зейнеттегі саясаткер белгілі әнші Димаш Құдайберген жайлы сөз қозғады.
- Бір нәрсе анық – Димаш ешкімнің қамқорлығына зәру емес. Жиырмадан енді асқан шағында өнеріне миллиардтарды табындырған жан – шын мәнінде маңдайынан періште сүйген жан. Ұлтына рух беріп, халқының жанын емдеген әнші. Арғы-бергі заманда қазақты осындай биікке көтерген кім бар? Ана әлемді қолымен тербетсе, Димаш әнімен тербетті. Міне, көзінен жас аққанша қолпаштаған сол әлемге қарап отырып, осыны түсінесің. Әрине, аққан бұлақтың көзін ашып, арнасын тазалап тұру азаматтық ардың ісі. Жалпы, қай кезде де тума таланттарды қолпаштап, қамқор болуға емес, қолымыздан келгенше қолдауға тырысайық. Сөз жоқ, жазиралы жеріміз таланттарға кенде емес. Сондықтан да, Димаш Құдайберген, Данеля Төлешова, Ержан Максим сияқты балауса таланттарымызды қолдауға әр қазақ асығуы тиіс, - деді Тасмағамбетов.