«Міндетті түрде үйленемін»: Түрмеде жатқан Мұрат Әбілда сұхбат берді

Oinet.kz 28-07-2022 1286

4,5 жылға сотталған Мұрат Әбілда түрмедегі өмірі жайлы сұхбат берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі “Отырар” арнасына сілтеме жасап.

 Screenshot_2.jpg

Мамыр айында колонияға түскен Мұрат түрмедегілердің өзін танығанын айтады. Алайда "онда отырғандардың бәрі бірдей" деп бастады блогер әңгімесін. 

"Осында әкелген кезде көбісі таныды. Барлық жерде ән айтып жүрген сен емес пе?” – деді. Әрине, бұл мен үшін жағымды. Маған барлығы жақсы қарайды, мазақ қылып жатқан ешкім жоқ, әкімшіліктің де көзқарасы жаман емес. Мені бірден цехқа орналастырды. Онда пісірушінің көмекшісі болып жұмыс істеймін, айлық тааламын. Тек анамды сағынамын. Тек бостандықта жүрмегенім жаман, ол да өтер", - дейді Мұрат Әбілда. 

Instagram-да 40 мың, ал  Tiktok-та 111 мыңнан аса оқырманы бар Мұрат танымал болғанын жымиып еске алады. Айтуынша, өзі әлеуметтік желі жұлдызы боламын деп ойламаған. Бар болғаны ән шырқап, түрлі видео түсіріп жариялаған соң, ел они тани бастаған. Блогерден енді немен айналысатыны жайлы сұрағанда ол көзіне жас алды. 

"Барлығы жақсы еді. Болған оқиғаға ешкімді кінәламаймын. Барлығы өзімнен, оны мойындаймын. Иә, мен арандап қалдым, бірақ қысымға берілмеуім керек еді. Бірақ солай болып қалды, енді ештеңе өзгермейді. Ал бұрын видео түсіріп, ән айтып, өз клипімді де түсірдім. Кейін тойға шақыра бастады, айына жарты миллиондай, кейде одан көп табатын едім. Жарнама арқылы да табыс табатынмын", –  дейді блогер. 

Ал өткенді еске алғанды Мұрат ұнатпайды. Тікелей эфирлердің бірінде әлдебіреу оны мессенджер арқылы арандатқан.  "Ешкімді айыптамаймын. Сол күні WhatsApp-ма түрлі нөмірден хабарласып, балағат сөздер жаза бастады. Шымкенттіктер туралы нашар нәрселер жазды. Сосын мен ашуланып, оларға жауап бердім. Бұл жерде менің кінәм айқын, оны мойындаймын. Эфирде балағаттадым, айтпайтын сөздерді айттым. Барлығынан кешірім сұраймын. Мен кінәлімін. Маған кек сақтамаңыздар", – дейді Мұрат. 

Мұраттың айтуынша, түрмеге түскелі оны тек анасы іздеп келген. Бостандықта жүрген "адалдықтың ант-суын ішкен достарым көп еді" деп еске алады блогер. Алайда олардың бәрі Мұрат түрмеге түскен соң, іздерін суытқан. 

"Бұл әлемде тек анама керек екенімді түсіндім, ол үшін анама алғысым шексіз. Мұнда көп нәрсені түсіндім. Алланың және анамның алдында тәубеге келдім. Ол – менің барым. Мені әріптес, дос деп санағандар ренжімесін. Бұрын араласып, бірге уақыт өткізгендерден біреуі келмеді. Оларға өкпем жоқ. Бұл – өмір. Тағы қайталаймын, бұл әлемде тек анама керек екенмін", – дейді Мұрат Әбілда. 

Абақтыда отырған Мұрат Әбілда әлі де елді таңғалдырамын деген үмітте. Бостандыққа шыққан соң, блогердің өз жоспары бар. 

"Мен өлген жоқпын, тірімін, аманмын. Мұның барлығы өтіп кетер, мен үйіме ораламын. Менің оқырмандарым мен құрметтейтін жандар жаңа әндерімді күтсін. Күш пен үміт бойымда басым. Ал мұның барлығы мен өтуге тиісті сынақтар. Істеген ісім үшін тағы да бәрінен кешірім сұраймын", - дейді блогер. 

Қазіргі уақытта блогердің әлеуметтік желідегі парақшаларын досы жүргізуде. Ара-тұра жарнамадан түсіп тұратын табысты Мұраттың анасына табыстайды екен. 

Мұрат Әбілда өзі, жеке өмірі жайлы айтып берді. Ол Отырар ауданының, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кейін отбасымен Түркістанға көшкен. Бір кездері отбасылы болған блогер ажырасқанын айтады. Түрмеден шыққан соң, ән айтып қана қоймай, қайта жанұя құратын ойы бар. 

"Міндетті түрде үйленемін. Неге үйленбеске? Жанкүйерлерімді шығармашылығыммен қуантамын. Дайындыққа уақытым көп. Маған қолдау көрсеткендерге, көрсетпегендерге алғыс білдіргім келеді. Сіздер мені күшті ете түсесіздер. Білім алуыма тыйым салмаған колония әкімшілігіне рахмет, олар керісінше маған көмектеседі", - дейді Мұрат.

Сұхбат кезінде Мұрат анасын еске алып, жылап қалды. Түрмедегі бар уайымы мен сағынышы - анасы. 

«Қартайғанша ән айтатын мақсатым жоқ»: Әнші Әмре ел күтпеген мәлімдеме жасады
«Құдайдың жоспары басқа болып шықты»: Серік Ибрагимов карантинде 42500 теңге алғанын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу