«Құдайдың жоспары басқа болып шықты»: Серік Ибрагимов карантинде 42500 теңге алғанын айтты
Отандық әнші Серік Ибрагимов эпидемиялық ахуалға байланысты былтырғы жылы карантин шектеулері енгізілген кезде мемлекеттен 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алғанын мойындады. Табысынан айырылған әнші бұл қаражатқа мұқтаж болғанын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі "Қазақстан" ұлттық арнасының "1001 түн" бағдарламасына сілтеме жасап.
"Екі рет 42500 теңге, үшіншісінде 20 мың теңгеден аса ақша алдым. Қажеттілік болды. Карантин басталмай тұрып үй салып бастаған болатынмын. Жұмысшыларды кіргізіп қойып, өзім концертте Атырауда жүрдім. Ақтөбеде, кейін Өскеменде бір айлық концертім бар еді. Жан-жаққа концерттер қойып, алатын қаржымның жартысын алып тастағанмын. Тойлар қабылдап қойғанмын. Миыммен бәрін жоспарлап қойғанмын, бірақ Құдайдың жоспары басқа болып шықты. Дағдарыс болып, кішкене қиналып қалдым", – деп ағынан жарылды Серік.
Ибрагимов карантин кезінде өмірге деген көзқарасы мен құндылықтардың өзгергенін атап өтті. Ол жұмыссыз отырып қалған уақытта әнші болғанына өкінген. Кейін кәсіппен айналысып көрген.
"Қазір бәрі жақсы", – деді ол.