Фейк ақпарат сізге қалай әсер етеді?
Фейк – ақпаратты тексермейтін адамдардың тұзағы. Соңғы кезде орын алған халықаралық саяси ахуал мен доллар бағамының күрт өсуі әлеуметтік өмірге айтарлықтай әсерін тигізді. Алғаш 2020 жылы карантин жариялаған тұста да белгісіздік салдарынан тұтынушылар дүкендерден тауарды қаптап алған еді. Ол сәтте де түрлі топтарда тараған жалған ақпараттың ықпалы зор болды. Бұл жолғы ажиотаж қант үшін. 12 наурызда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлгі Қазақстанда қант тапшылығы жоқ екенін хабарлады. Дегенмен тұрғындардың аптығы басылар емес.
Жалған мәліметтер тұрмыста көптеп кездеседі. Осыған дейін 25 келісі 8200 теңгеге саудаланған қант 600-760 теңге көлемінде сатылып жатыр. Қант бағасы 300-350 теңге көлемінде еді. Дүкен сөрелерінде қатты қант самсап тұрса да, 2 есе бағасына қант алған елдің арыны мықты. Коронавирус тараған алғашқы кезеңде лимон мен сарымсақтың келісі – 2 мың, зімбірдің келісі 10 мың теңгеден саудаланған еді. Әр кезде түрлі тауар айналасындағы фейк мәліметтер бағаға тікелей әсер етеді. Осыған байланысты тұрғындар арасында ақпаратты қалай тексеретіні жөнінде сауалнама жүргізгенді жөн көрдік.
1.Түрлі топтардан, чаттан алынған ақпаратқа толықтай сенесіз бе? Сіз үшін сенімді ақпарат қандай болуы керек?
2.Бағаның жоғарылауы сіздің өміріңізге қалай әсер етті?
3.Түрлі тауар сатылымында орнаған ажиотаждан сескенесіз бе?
Дина ЕРЖАНҚЫЗЫ, ҚХР, педагог: Білмеген мәліметі – адамның жауы
1.Түрлі чаттағы елді дүрліктіретін дерекке бұрын сенетін едім. Қазір анықтығына күмәнмен қараймын. Адамның жүйкесін шаршатады. Сатушылар тауарды емес, адам психологиясындағы сол ақпаратқа реакцияны сататындай. «Мына зат қат болады» десе, сол затты алуға ұмыталады. Жалған ақпараттар адамды белгісіз халден жол іздеуге талпындырады. Мысалы, отандық «Бәсеке» сериалында 2 күн жарық болмайды деп бүкіл май шамды сатып алған жігіттер әңгіме таратады. Кейін сол әңгімені таратқан баланың әкесі, «балам, 2 ай жарық болмайды екен» деп перзентіне май шам алып қояйық деген қауіпін жеткізеді. Адамның әрбірі өңдеп, екшеп, мәліметтің бастапқы қалыбынан жырақтатады. «Қант жетіспеушілігі орнайды» деген дерек елге Ресей президенті қантты экспортқа шығармаймыз деген ақпарат тарағаннан соң кең етек алды. Сенімді ақпарат толықтай дәлелімен берілуі әрі заңға сәйкес болуы керек . Көбіне фейктер “министрлік мәліметі” деген жалған сөзбен көмкеріледі. Нақты зерделей білген адам ғана ресми органның олай айтпағанына көз жеткізеді.
2. Бағаның жоғарлауы айлық еңбек ақымызды екі орап отырғаны жанымызды күйдіреді. Мен отбасы құрмағандықтан әлеуметтік жауапкершілігім тек өзімде ғана. Бала-шағасы, ата-анасы, пәтерақы, сондай-ақ несиесін төлеп жүргендер көп. Қазір әлеуметтік жағдай күрделі. Жұмыстың бар болғаны адамды әлеуметтік тәуелсіздік деңгейіне шығармайды. Түрлі төлемдер мен бағаны негізсіз жоғарылату – жүк. Әр адамның иығына асылып, тұрмыстың ауыртпалығын арттыра түседі. Еңбекақы мен тауар бағаларында нақты қатынастың коэффициент болуы керек. Мысалы, жуырда 50 мың айлық ипотекаға пәтер алуға жеткіліксіз деген мәселе көтерілді. 50 мың ақша беріп, базарды, маркетті бір адамға аралатып көрейікші. Тес сол бір арбаны толтыратындай зат болар. Макарон, ұн, түрлі дән алса да. Еттің құны 1800-2500 теңгенің арасында.
Сирияда «Соңғы рет қашан ет жедіңіз» деген сауалнама түсіріліп, ел елең еткен еді ғой. Сол сауалнаманы бізде де жасауға болатын шығар. Соғыс тек адамның қанын төгіп жасалмайды. Оғы ақшамен, экономикамен де жасалады.
3. Сескенемін. Бірақ ол тек бір сәттік сезім. Биліктің жүйелі жұмыс істеп, сол мәселені зерделейтініне, еңсеретініне сенемін. Халық бұл жағдайда тек асығыс қабылдаған шешімі үшін өкінеді. Білмеген мәліметі – адамның жауы. Сол білмеу, тақырыптың төңірегінде адекватты бола алмау – адамға жапа шектіреді.
Нұрила ЖҰМАДІЛЛА, Алматы қаласы, магистрант: Бағаның жоғарылауы эконом режиміне көшуге үйретуде
1. Күнделікті таңғы уақытта интернетімізді қосқан сәттен бастап whats'app, instagram, telegram, facebook сынды әлеуметтік желілерден түрлі ақпараттар келіп тұрады. Бәріміз ол ақпараттарға бір рет болсын көз жүгіртіп өтетініміз өтірік емес. Сондай-ақ, әрбір ақпараттық сауаты бар адам ол мәліметтің рас не өтірік екеніне көз жеткізуге тырысады. Сол себепті, ел алдында беделі бар сайттарды, сондай-ақ, мемлекеттік сайттарды ақтарып, сол жерден ақпараттың қаншалықты сенімді екеніне көз жеткізе алады деп ойлаймын. Меніңше ең сенімді ақпарат көздері ресми яғни министрлік сайттарынан және ондағы хатшылар, ел танитын министрлер мен депутаттардың өз аузынан шыққан сөздер және беделді сайттардан алынған ақпараттар сенімді деуге болады. Дегенмен ресми дереккөздерді көрсетіп тарайтын фейктер де жоқ емес. Оған ресми дереккөздердің сенімділігі ықпал етсе керек. Халықты сендіру үшін небір айла-шарғы жасаушылар көп. Ол тек біздің елде емес, өзге де елдерде белең алған жүйе. 1990 жылдардағы тауар тапшылығын көрген орта буын бұған сенгенмен, жаңа буын осы сарындағы сөзге сене қоймайды. Тауар тек Ресейде өндірілмейді. Кейде змби фейктер де бар. Банан арқылы мына ауру тарап жатыр деген тектес. Олар бірнеше жыл өткен соң басқа елде тарауы мүмкін. Үндістанда тіпті педофиль деп бір адамды жалған ақпарат салдарынан халық өлтіргені тараған еді. Сол секілді өтіріктің салдары – ауыр.
2. Жалпы, Ресейге салынған санкциялар көрші ел ретінде Қазақстанға салқынын тигізіп жатыр. Оның үстіне доллардың қымбаттауы, теңгенің құнсыздануына алып келді. Жығылған үстіне жұдырық болып енді кәсіпкерлер тауардың бағасын доллардың өсуіне орай қымбаттатып жатыр. Үлкен шаһар, мемлекеттің беретін аз-кем қаржысына күн көріп жүрген халықтың енді тізесі сықырлай бастады. Ал, доллармен ойнау жоғарыдағылардың ісі. Онда халықтың рөлі ойнамайды, түк те емес. Ал, жеке өзіме келер болсам бағаның жоғарылауы эконом режиміне көшуге үйретуде.
3. Меніңше мұның бәрі доллар бағасының өсуіне келіп тіреледі, яғни әлемдік экономикалық жағдай. Соның салдарынан елде қымбатшылық. Сауда орындарына барсаңыз тауар бағасы биікке көтеріліп, халыққа менмұндалап тұр. Кешегі, бәріміз білетін бір қант бағасының өзі мысал бола алады. Министрліктің елімізде қанттың үш айға ғана жетерлік қоры бар, енді қайта бұрынғы бағасына оралмауы мүмкін деген мәлімдемесінен кейін-ақ, халық таласа тармаса сауда орындарын жаңғыртып жатыр. Әрине, бұл бір ғана мысал емес. Негізінен, кез келген тауар бағасының көтерілуі үрей тудырады. Себебі, ол біріншіден, қаржыға келіп тіреледі. Екіншіден, тауар тапшылығының орын алғанынан хабар береді.
Медеубек ІЛИЯСОВ, мұғалім, Алматы облысы: Қымбатшылық ауыр соққы болды
1.Қазіргі таңда желінің ақпараттық ауқымы кең. Қандай жаңалық болсын анық-қанығын нақты білмей жатып соқыр сенімге бой беріпнануға болмас. Өйткені әркім кез келген хабарды өз ыңғайына қарай өзгертуі бек мүмкін. Сондықтанда өз басым аса бір илана бермеймін. Ақпарат алу – шахмат тақтасындағы тастар секілді ойыншы. Сыртқы ықпал ойына келгенін жасамасына кім кепіл? Сол себепті мессенджерге келген ақпараттың бәріне көзсіз, сеніммен қарау – қателік. Дегенмен әр ақпараттың артында бір шындық бар. Дегегмен асыра сілтеушілік белең алған бүгінгі ақпараттық жүйеде көзге шыққан сүйелдей анайы, дөрекі ақпараттардан өзімізді алшақ ұстағанымыз абзал.
2.Бағаның жоғарылауы белгілі деңгейде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға, жалпы күнделікті тұрмыста орасан зор кедергісін келтіреді.Цицеронның бұдан көп бұрын айтқан «сананы тұрмыс билейді» деген сөзінің әлі күнге жаны бар. Бағаның жоғарылауы әлдекімдерге пайдалы болуы ықтимал. Дегенмен қымбатшылық – күнкөріс деңгейіндегі қазақ үшін ауыр соққы болды.
3. Халықтың эмоциясы мен тауар тұтынушылар арасындағы таластан сескенемін. Себебі, бұл әрекеттің артында ақпаратты дұрыс өңдей алмаған адам санасы жатыр. Самаурыннан су ақса, Самарқанды суға ақтырудың не қажеті бар. Түймені түйме, түйені түйе етіп көру керек. Ұлғайтып, зорайтып, халықтың тауарға таласқаны – өзіне зиян әкеледі.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ, Түркістан облысы, сатушы: Көп тамақ ішпеймін
1. Топтардағы ақпараттарды толықтай оқымаймын. Естіген ақпаратымның рас-өтірігін анықтау үшін фактчекиң жасаймын. Ақпаратқа қатысты мекеменің ресми сайты арқылы түсініктемелерді тексеремін. Немесе Factсhek.kz сайтындағы мәліметтерге жүгінемін. Алар ақпарымды талғап оқимын.
2. Күнделікті таңнан кешке дейінгі уақытты жұмыста өткіземін. Көп жағдайда тез әзірленетін тағамдар тұтынғандықтан маған баға өскені қатты әсер еткен жоқ. Мен мүлде қыдырмаймын. Өмір сүру стильім – рухани құндылықтарыма көбірек уақыт арнауға дағдыланған.
3.Көп тамақ ішпеймін. Анау айтқандай қорқыныш жоқ.
Аслан ЕРМЕКБАЙ, Қостанай қаласы, журналист: Ажиотажда адамның жаны ешкімге ашымайды
1. Whatsapp арқылы келген көп хабарламаға сенбеймін. «Қыздар, жігіттер, туыстарыңа жіберіңдер» деп басталғаннан-ақ мырс етіп күлем. Егер ол ақпар шын болса, нағыз ажиотажда адамның жаны ешкімге ашымайды. Оның эгосы жоғары болады. «Бәріне жібер» деген мәлімет барлық адамның дүрлігуі үшін таратылады. Жалған ақпарат тарататын топтардағы хабарламаны қазір тіпті оқымайтын болдым. Жәй спам секілді. Ресми ақпараттардан қараймын. Өзі топ етіп келетін ақпаратқа сенбеймін.
2. Бағаның жоғарылауы әсер етті. Осыдан 1 ай алдын мен автокөлігімді сатқан едім. Мақсатым – жаңа әрі тәуір көлік алу еді. Қазіргі нарықтағы бағаға қарасам, мен көлігімді арзанға сатып жіберіппін. Жылжымайтын мүлік бағасы күрт өсті. Туыс әпкем пәтер алғысы келген еді. Ол кісі де көп адамдар секілді бағаның бұдан әрі жоғарылауынан қорқады. Қазір алғанға ыңғай келмеді. Не де болса, тәуекел. Күтуді жөн санады.
3. Тауар тапшылығы болатыны жөніндегі мәліметке мән бермеймін. Халық көп тұтынатын, күнделікті өмірге қажетті заттар сұранысқа ие. Әрі сол сұраныс қымбатшылықты қолдан жасайды. Баға қайтадан тұрақтанады. Бизнесмендер баға тұрақты болғанға дейін тауарын сатып үлгеруге тырысады. «Таусылады», «жоқ болады» деп елді әбігерге салады. Сондай кезде ешкім өзіне жеткілікті мөлшерде алумен шектелмейді. Қанағаттың жоқтығы болар. Бірнеше пакетпен, көптеп алады.
Сауалнаманы әзірлеген Балерке ӘСІЛХАН