Шымкент – шырайлы шаһар
Даңқ мемориалы
Шымкент қаласындағы Абай саябағында орналасқан Даңқ мемориалды кешені осыдан 10 жыл бұрын Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай салынған.
2010 жылғы мамырда ашылып, ел игіліне тапсырылған бұл нысанда Шымкент қаласы мен Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысынан Ұлы Отан соғысына аттанған 140 мыңнан астам жауынгердің аты-жөні гранит тастарға қашалып жазылған.
Сұрапыл соғысқа аттанған жауынгерлердің есімдері бедерленген тарихи кешеннің жалпы аумағы 2 гектар.
Ұзындығы 285, ені 22 метрді құрайтын аллеяның ортасына «Жұлдыз» ескерткіші орнатылып, оның айналасындағы қабырғаларға осы өңірден шыққан 51 Кеңес Одағының батыры мен 8 Даңқ ордені иегерінің және 1 Халық қаhарманының есімдері қастерлеп жазылып, ілінген.
Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, осы кешенге жиналатын оңтүстік жұртшылығы ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан алдыңғы буынның ерліктеріне тағзым жасап, бас иеді. Гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетеді. Өткен тарихты таразылап, бейбіт заман мен болашақ ұрпақ үшін өз өмірін қиған батырларға ілтипатын білдіреді.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы Даңқ мемориалды кешені ТМД елдері арасында ірі ескерткіштер қатарына жатады.
Хакім Абай музейі
Шырайлы Шымкент шаһарының Абай саябағы аумағында орналасқан Хакім Абай музейінің ашылғанына биылғы 22 қыркүйекте 11 жыл толды.
Музей Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент қаласына 2009 жылдың қыркүйекте жасаған жұмыс сапары аясында ашылған.
Сарғайған мерзімді басылымдарды парақтағанда музейдің ашылу салтанатына Мемлекет басшысымен бірге, облыс және қала әкімдерінің, абайтанушы ғалымдар мен жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қатысқанына көз жеткіземіз.
Қазіргі таңда мұражай қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ғұмыры мен шығармашылығын насихаттау бағытында мақсатты жұмыс істеуде. Музей директоры Шыңғыс Өтептің айтуынша, 1 қабатты, аумағы 500 шаршы метрге жуық мұржайда төрт жүзден астам жәдігер бар. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттауды көздеген музей қызметкерлері оның мұралары арқылы жас буынды тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып келеді.
Абай өмір сүрген дәуір мен оның шығармаларын дәріптеуді мақсат тұтқан музей мамандары мұнда келушілерді әрдайым жылы күтіп алып, құнды жәдігерлерімен жіті таныстыруға дайын.
Шымкент циркі
2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Шымкент қаласынан еңселі цирк ғимараты бой көтерді.
Ел аумағындағы кәсіби үшінші цирк бір мезгілде 1200 көрерменді қабылдай алады. Бүгінде 200-ге жуық қызметкер еңбек ететін (оның жүзден астамы шығармашылық ұжым) «Шымкент цирк» шаһардың Бауыржан Момышұлы көшесі бойындағы Абай саябағы жанында орналасқан.
Жас бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің сүйікті демалыс орнына айналған «Шымкент цирктің» сайқымазақтары мен акробаттары, сиқыршылары мен үйретілген аңдары қала тұрғындары мен қонақтарына тұрақты түрде түрлі қойылымдар, бағдарламалар әзірлеп, көзі қырағы көрермендердің көңілінен шығып келеді.
Цирк өнерпаздары кәсіби шеберлігін шыңдау бағытында Түркия, Қытай сынды шет елдерде өткен түрлі байқауларда өнер көрсетіп, «Азия жаңғырығы», «Шабыт» сынды халықаралық фестивалдерде топ жарып, күнгейдегі цирктің абыройын арттырып жүр.
Ұжымның «Алақай, балақай», «Джунгли», «Ертегідегі ертегі» сынды жобалары шымкенттік көрермендер тарапынан лайықты бағасын алған.
Бейнелеу өнері музейі
2009 жылы Шымкент қаласындағы Абай саябағында орналасқан салтанат сарайының пайдалану мақсаты өзгертіліп, шымшаһарда алғаш рет жеке дара көркемсурет галереясы ашылды.
Конституция күні қарсаңында ел игілігіне берілген көлемі 650 шаршы метрді құрайтын галереяда кәсіби шеберлердің 200-ден астам суреттері мен мүсіндері және қолданбалы өнер туындылары жұртшылық назарына ұсынылды.
Жергілікті суретшілерді қолдау мақсатында жұмысын бастаған мәдени нысан осы жылдары қылқалам және қолданбалы өнер шеберлерінің шығармаларын жұршылыққа дәріптеп, бірқатар көрмелер мен симпозиумдар өткізді. Талғамы биік тұрғындар мен қала қонақтары жергілікті және шетелдік шеберлердің мазмұнды туындыларына тәнті болды.
2015 жылы галерея жанынан жүргізілген құрылыс жұмыстары аяқталып, қосымша 3 зал салынып, музей көлемі кеңейтілді. Соның нәтижесінде аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын мәдени нысанда қылқалам шеберлерінің үздік шығармаларын насихаттауға лайықты жағдай жасалды.
Бүгінде Бейнелеу өнері музейіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты суретші Айнабек Оспанов жетекшілік етеді. Сондай-ақ музей жанынан АRT бейнелеу өнері үйірмесі жұмыс істейді.
Абай саябағы
Шымкент қаласының көрікті әрі жанға жайлы демалыс орындарының бірі Абай саябағы. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары негізі қаланған саябақ шаһар тұрғындары үшін жан жадыратар ерекшелегімен тартымды. Жалпы аумағы 50 гектардан асатын саябақта түрлі ағаштар отырғызылып, аумағы толық көгалдандырылған.
Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты коммуналдық қызмет саласының мамандары мұнда жүргізілетін тазалық пен көгалдандыру, суару жұмыстарын күнделікті бақылауға алған. Шаһардағы Б.Момышұлы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан парктің қақпасы алдына 2009 жылы арнайы арка соғылып, оған саябақтың атауы жазылған. Саябақ алдында ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші орналасқан.
Демалыс орнында жаяу жүргіншелерге арналған аяқ жолдардың бойына орындықтар қойылып, салауатты өмір салтын ұстанатын белсенді азаматтар үшін жаттығу алаңдары жабдықталған, саябақ кіреберісінде орналасқан Хакім Абай музейі маңында субұрқақ іске қосылып, оның маңайы түрлі гүлдермен көмкерілген.
Шымкенттіктер мен қала қонақтары үшін көз тартар көзайым орынға айналған саябақ аумағында «Ақ барс» спорт кешені, шағын футбол алаңшалары, ұлттық тенис орталығы, бейнелеу өнері музейі, «Дельфин» аквапаркі, Даңқ мемориалды кешені сынды бірқатар спорт, мәдениет нысандары мен «BarVilla», «Ingolstadt», «Колизей», «Мейрам», «Арман», «Manchester» сынды мейрамханалар орналасқан.
«Дельфин» аквопаркі
Шуақты Шымкент шаһарының ортасындағы Абай саябағы маңында (Қ.Рысқұлбеков көшесі бойында) орналасқан «Дельфин» аквопаркі жазғы мезгілде жергілікті тұрғындар мен қалаға қыдырып келген қонақтар ұнататын ұнасымды демалыс орындарының бірі.
2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аквопарк аумағында көлемді 3 бассейн мен су сырғанақтары орнатылған. Айналасына түрлі декоративті ағаш көшеттері мен гүлдер отырғызылып, жасыл желекпен көмкерілген аймақ күйбең тірліктен бір сәт қол үзіп, тынығушылар үшін таптырмас демалыс орындардың бірі.
Балалар мен үлкендерге және спорттық мақсаттағы бассейндерге түсіп, тынығушылардың қауіпсіздігі жіті назарға алынған аймақта арнайы құтқарушылар отряды мен автотұрақ жұмыс істейді. Сондай-ақ, демалыс аймағындағы хауыздарға құйылатын сулар заманауи құрылғылардың көмегімен күнделікті тексеріліп, фильтр арқылы тазартылады. Шомылу маусымы басталғанда судың бірқалыпты температурада болуы аквопарк мамандардың жіті бақылауында.
Ал жазғы мезгілі аптап ыстық болатын Шымқаладағы бұл аквапаркке кіру билетінің құны қарапайым тұрғындар үшін әрдайым қолжетімді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі
Шымкент қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында 2001 жылғы 2 қарашада пайдалануға берілген.
Оңтүстік Қазақстан облыстық музейінің филиалы ретінде жұмысын бастаған мұражай ел аумағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған алғашқы мәдени нысандардың бірі. Ерекше сәулеттік шеберлікпен бой көтерген ғимараттың сырты кеңестік солақай саясаттың көрінісі іспетті сұр, қызыл, қара түстермен қапталған. Мұндағы сұр түс НКВД жауынгерлерінің сырт киімін (шинелін) бейнелесе, қызыл түс жазықсыз жазаға тартылған азаматтардың қанын, ал қара түс ел басына туған қаралы күндерді сипаттайды.
Музейдің ішкі мазмұны нәубет жылдары жапа шеккен тұлғалардың ғұмырына бағытталған. Мұндағы «Тағзым» залында өткен ғасырдың отызыншы жылдары оққа ұшқан 2500 адамның аты жазылса, музейдің негізі «Репрессия» деп аталатын мүсіннің маңайына топтастырылып жинақталған.
Кеңестік репрессия салдарынан жазықсыз атылғандар мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы музейде 16 мыңнан астам жәдігер бар. Музейге келушілер жыл сайын толықтырылатын экспонаттарды көріп, құнды құжаттармен (хаттар, фото суреттер және т.б.) жақыннан таныса алады.
2019 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі қызметкерлері ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар 19 тақырыптық көрме өткізіп, келушілерге 240 эскурсия ұйымдастырған.
«Наурыз» алаңы
Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңы үшінші мегаполистегі мәдени-спорттық іс-шараларды өткізетін ауқымды орындардың бірі.
Бюджет есебінен салынып, ел игілігіне берілген алаңның аумағы 1 гектардан асады. «Наурыз» алаңында «Ауылым – алтын бесігім» барельефті сахнасы мен «Көкпаршы», «Теңге алу», «Қыз қуу», «Бүркітші» сынды сәулеттік-декоративтік композициялар орын тепкен.
Бүгінгі таңда алаң жанындағы 50 гектар аумақта этносаябақ, «Жайлаукөл» демалыс аймағы, тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған» монумент пен Шымкент шаһарындағы ең үлкен «Алтын ай» шолу дөңгелегі және Қазақстандағы ең биік еңселі Бәйдібек би ескерткіші бой көтерген.
Түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, айналасы жасыл желекпен көмкерілген нысанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан өңірі аумағындағы киелі орындардың шағын макеттері қойылған. Ұтымды сәулеттік шешімнің арқасында іске асқан бұл аймақ жергілікті тұрғындар мен қалаға келген қонақтардың сүйікті демалыс орындарының бірі деуімізге болады.
Спортшылар аллеясы
Шымкент қаласы Қажымұхан атындағы орталық стадион маңындағы спортшылар аллеясы 2010 жылы 25 қазанда ашылған.
Жалпы аумағы 1400 шаршы метрді құрайтын нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген.
Шымкент қаласы мен бұрынғы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы аумағынан шыққан даңқты 28 спортшының аты-жөні мәрмар тастарға қашалып жазылған аллеяның түпкі мәні – жас өскін арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, ел намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген жас буын спортшылар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеуді көздейді.
Аллея бойындағы гранит тақталарға бес дүркін олимпиада және әлем чемпионы, гимнастшы Нелли Ким, Сидней олимпиадасының жеңімпазы, даңқты боксшы Бекзат Саттарханов, төрт дүркін әлем чемпионы Бисолт Дециев және Қазақстанның абсолютті чемпионы, бірнеше дүркін Азия чемпионы, көркем гимнастшы Әлия Юсупова сынды спортшылардың есімдері бедерленген.
Айта кетейік, Қазақстан спортын дамытуға үлес қосқан даңқты спортшылардың Шымкенттегі аллеясын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасы аясында «Next Technology» компаниясы салған.
Отбасылық Арбат
Шымкент қаласында 2018 жылы ел игілігіне берілген отбасылық демалыс орындарының бірі Бекет батыр көшесінің бойында орналасқан.
Жаңа демалыс аймағы отбасылы жандармен қатар қала қонақтары мен жастар үшін шаһардағы саялы әрі жанға жайлы орындардың бірі.
Мердігер компания ұзындығы 1 шақырымға созылған нысан құрылысын 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай тәмамдап, жобалық жұмыстарды толыққанды аяқтап, жұрттың пайдалануына тапсырды.
Жүйелі жұмыс істеген дизайнерлердің ландшафтқа сай әзірлеген үйлесімді дизайны және орнатылған сан алуан жарық шамдар мен орындықтар қала тұрғындарының көңілінен шығып келеді.
Шымкенттің жасыл қала екендігінің тағы бір айқын дәлелі болып табылатын «Отбасылық Арбаттың» жасыл желек пен түрлі-түсті гүлдермен көмкерілуі және тынығушылар үшін ыңғайлы орындықтардың қойылуы, велосипедпен серуендеушілерге арнайы жолдың төселуі мегаполистегі бұл көрікті орынның әралуандылығын паш етіп тұр.
Айта кетейік, бүгінде демалыс аймағындағы 3600 шаршы метр аумақ толық көгалдандырылып, 2000 шаршы метрге аяқ жолдар төселген. 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды ағаш көшеттері мен мың түп раушан гүлі егілген.
Арбат
Миллионды мегаполис Шымкент қаласында 2018 жылғы 1 желтоқсан күні Арбат демалыс орны ашылып ел игілігіне берілді.
Бүгінде шырайлы шаһардағы Республика даңғылы Мен Әл-Фараби алаңы арасындағы Бейбітшілік көшесі бойында орналасқан жаңа Арбат тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Көрікті орын ретінде жұрттың көзайымына баланған нысан бойындағы жолдың бір шетінде орналасқан көне көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеті толықтай жаңғыртылып, Арбаттағы аяқжолға түгелімен арнайы тастар төселіп, субұрқақтар пайда болды.
Орнатылған жарықшамдар мен дизайндық үлгісі ерекше алыстан көз тартатын орындықтар осы аумақта күнделікті күйбең тіріліктен бір сәт тынығатын азаматтар күшін керемет көңіл-күй сыйлап келеді. Ұлтық нақыштағы үйлер мен даладағы ашық сахна өз өнерін жұртшылыққа паш етуге ынталы өнерпаздар үшін әрдайым дайын. Ал шағын қолшатыр үлгісінде Арбат төбесінде керілген түрлі-түсті жарықшамдар мен періште үлгісіндегі электтронды пішіндер қашықтан көзге түсіп, менмұндалап тұрады.
Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы на сәулеттік мүсіндер орнатылған. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі толықтай көгалдандырылған.
Айта кетейік, Арбаттың қақ ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалған. Жалпы ұзындығы жарты километрге жуықтайтын демалыс аймағында көлік қатынасына шектеу қойылып, велосипедпен серуендеушілер үшін арнайы веложолақ салынған.
«Қиял әлемі» саябағы
Шымкент қаласы тұрғындары мен қонақтары арасында ең танымал отбасылық демалыс орындарының бірі «Қиял әлемі» саябағы. 1999 жылы негізі қаланып, 21 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан саябақ жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен танымал.
Республика даңғылы бойында «Grand Shymkent» қонақүйі алдында орын тепкен «Қиял әлемі» саябағының жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Түрлі ойын аттракциондары орнатылып, белсенді тынығуға арналған саябақта «Қарақшы, «Жабайы пойыз», «Балға», «Тарзан», «Бәйтерек», «Лабиринт», «Маугли», «Джампинг», «Ниагара» сынды ойын құрылғылары жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Еңселі ағаштар арасында орын тепкен саябақтағы субұрқақтар мен жасанды су алаңшалары жас бүлдіршіндер үшін жылы маусымда түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істеуге әркез дайын. Ал, тынығушылар үшін орнатылған орындықтар мен игі жақсылар айтқан даналық сөздердің әр аттам сайын ілінуі өз-өзіңді тәрбиелеуге жол ашады.
Жазғы маусымда күніне мыңдаған адам арнайы келетін саябақтағы ролик тебу алаңқайы мен шолу дөңгелегі сынды жанды жадыратып, көңіл көтеретін нысандар әрдайым жоғары сұранысқа ие болуымен көзге түседі. Ал, саябақ төріндегі ашық сахна өз өнерін паш етемін дейтін өнерлі азаматтар үшін әрқашан ашық. Қалалық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған кезде саябаққа келушілер саны еселеп артып, жалпыхалықтық серуенге таптырмас орындар қатарынан ойып тұрып орын алады.
Саябақ отбасылық серуен үшін мегаполистегі ыңғайлы демалыс орындарының бірі.
Рәміздер алаңы
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, 2011 жылғы мамырда ашылып, ел игілігіне берілген «Рәміздер алаңы» Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік саябағында» орналасқан.
«Рәміздер алаңы» кешенінде еліміздің картасы бейнеленіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенімі бар!» – деген сөзі мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан үзінді жазылған.
Бүгінде Шымкенттің кез келген бұрышынан менмұндалап көзге түсетін осындағы алып ту тұғырдың биіктігі 50 метр болса, ондағы тудың көлемі 128 шаршы метрді құрайды. Ал, 7 найзаның әрқайсысы 25 метрден.
Елбасының қанатты сөздерi жазылған «Рәміздер алаңындағы» 7 тұғырдың символикалық маңызы зор. Кең байтақ туған жерiмiздi қорғап қалған найзаны елестетедi. Ел қауiпсiздiгiнiң қорғаны дегендi бiлдiредi. Осылайша Шымкентте Тәуелсiздiкке тағзым ең алдымен мемлекеттiк рәмiздерге құрмет көрсетуден бастау алып тұр.
Айта кетейік. Бұл нысан 2011 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеуімен бой көтерді.
Соңғы тоғыз жылда 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған маңызды мерекелік іс-шараларды осы аймақта өткізу игі дәстүрге айналып келеді.
«Отан ана» монументі
«Отан ана» монументі Шымкенттегі Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы Ордабасы алаңында орналасқан. Монументінің құрылысы 2009 жылғы мамыр-қыркүйек аралығында жүргізіліп, нысан 22 қыркүйекте Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылды.
Биктігі 34 метрді құрайтын монумент бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті кәсіпкер Ә.Шүменовтің қаржылай қолдауымен бой көтерген.
Әр бұрышына қазақтың атақты билерінің нақыл сөздері бедерленген монументтің бір қырына Төле бидің «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», деген даналығы жазылған.
Монументтің ұшар басына жеті қарлығашты ұшырып жатқан жас ананың бейнесі бедерленген сәулеттік композиция орналасқан. Мұндағы ана қозғалыс үстінде бейнеленген. Бұл аяқтан енді ғана тұрып жатқан жас мемлекетіміздің кемел келешекке ұмтылысын білдіреді.
Бүгінде «Отан ана» монументі мен «Тәуелсіздік» саябағы арасын ұзындығы 104 метрді құрайтын көпір жалғап тұр. Көпшілік бұл көпірді ескі тарих пен жаңа тарихты байланыстырып тұрған «Алтын көпір» деп атап кеткен.
«Алтын көпір»
Шымкент қаласының «Ордабасы» алаңындағы Қошқарата өзені арқылы өтетін бұл көпір – қала тұрғындары мен жастардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Көрікті орын осыдан тоғыз жыл бұрын жергілікті биліктің ұтымды үйлестіруінің арқасында ҚР Тұңғыш Президенті бастамашы болған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасы аясында жергілікті кәсіпкер азаматтардың қаржылай қолдауымен салынды.
Көпір сапалы темір конструкциялардан құрастырылып, тіреулері гранит тастармен қапталған. Ұзындығы 104, ені 5,7 метр болатын алып көпір шымкенттік шаңырақ көтерген жас жұбайлар жиі жиналатын орынға айналып үлгенген.
Жыл он екі ай бойы жас жұбайлардың сейілдік серуені тоқтамай кетпейтін бұл көрікті орын бүлдіршіндер мен жанына сая іздеген қала қонақтары мен тұрғындары үшін өте қолайлы жерде орын тепкен.
«Ордабасы» алаңындағы 34 метрлік алып монументті тамашалатып, өзен үстіне салынған «Алтын көпірмен» «Рәміздер алаңы» арқылы «Тәуелсіздік» саябағына жеткізу туристік бағыты шуақты шаһардағы шырайлы орындардың топтамасы іспетті.
Қос қапталдағы қос субұрқақ, алыстан айшықталған алып ту, жеті найза, Қазақстанның алып картасы, «Ел бірлігі» монументі, әуенді субұрқақ, саябақтағы жасыл желектер мен ротондалар асқақ архитектуралық ансамбльдің көзге көрінер нәтижесі болумен қатар, жан рахатын іздеген жандарға жағымды көңіл-күй сыйлар керемет орындардың бірі.
Айта кетейік, 2011 жылы Шымкент қаласында бой түзеген көпірді тұрғындар бүгінде «Алтын көпір» деп атап кетті.
«Шәмші әлемі» гүлзары
Шымкент қаласында кезінде «Көл» базары орналасқан аумақта бүгінде заманауи үлгіде гүлзар бой көтерген. Ұлтымыздың мақтанышы, белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімін иемденген гүлзар осыдан он жыл бұрын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған. Бұл аймақ жергілікті тұрғындар күйбең тірліктен бір сәт арылып, тынығатын мегаполистегі керемет демалыс орындарының бірі.
Ауқымды арка, ашық аспан астындағы көлемді сахна, субұрқақтар, жайлы орындықтар орнатылған гүлзардағы жасыл желектер мен түрлі ағаш көшеттері отырғызылған аймақ қазіргі таңда шуақты шаһардағы күннің ыстығынан саялы орын іздеген шымкенттіктер мен қала қонақтары үшін табылмас жанға жайлы мекендердің бірегейі.
Гүлзар аумағынан Шәмшінің еңселі ескерткіші, «Жұлдыздар аллеясы» бой түзеген. Онда еліміздің мәдениетін дамытуға үлес қосқан оңтүстікқазақстандық 48 сазгер мен әншінің аты-жөні гранит тастарға қашалып жазылған.
«Шәмші әлемі» гүлзарындағы мәдени іс-шаралар өтетін ашық сахна пайдалануға берілгелі мұнда жыл сайын дәстүрлі түрде Ш.Қалдаяқовтың әндеріне арналған ән байқаулары ұйымдастырылып, қала тұрғындарының мәдениетін көтеруге сүбелі үлес қосып келеді.
Айта кетейік, биыл аталған гүлзар аумағы толық жаңғыртылып, демалыс аймағы қала тұрғындары үшін бұрынғыдан да тартымды бола түсті.
«Қызғалдақ» субұрқағы
Шымкент қаласында мақта бейнесі келбетінде орталық фонтан қызметін атқарып келген субұрқақ 2010 жылы толығымен қайта құрылымдаудан өтті. Фонтан «Қызғалдақ» келбетінде қайта жаңғыртылып, тың композиция жаңа хайтек технологиясы негізінде метал мен шыныдан жасалып, ел игілігіне берілді. Шымкенттің символы бейнеленген бұл субұрқақтағы қызғалдық гүлдің жалпы биіктігі 7 метрді құраса, ені 30 метрден асады.
Фонтан маңында гранит тастармен қапталған жаздық сахна мен жарық шамдар орналасқан. Тынығушылар үшін субұрқақ маңайы жасыл желекпен көмкеріліп, түрлі-түсті гүлдер егілген. 2010 жылдың қазан айында пайдалануға берілген нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен іске асты.
Шымшаһардағы Тәуке хан даңғылы мен Б.Момышұлы көшесінің қиылысында орналасқан бұл субұрқақ бүгінде шымкенттіктер үшін жанға шуақ әрі көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын жазғы демалыс орындарының бірі.
Тұрар Рысқұлов ескерткіші
Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың еңселі ескерткіші шырайлы Шымкент шаһарындағы Жібек жолы және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан.
2009 жылғы желтоқсан айында құрылысы аяқталған бұл көрікті орын жергілікті кәсіпкерлердің демеуімен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған.
Жалпы биіктігі 9,7 метр болатын ескерткіш аумағы жасыл желекке оралып, әсем гүлдермен көмкерілген. 4250 шаршы метр болатын аймақ айрықша абаттандырылып, екі күмбезді шатыр мен серуендеушілер үшін орындықтар мен жарық шамдар орнатылған.
Ескерткіш маңайына сәндік тастар төселіп, қайраткердің еңселі ескерткіші менмұндалап тұратын аумақ тұрақты күтімге алынған.
Айта кетейік, Т.Рысқұлов Орталық Азиядан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері. 1938 жылы халық жауы ретінде ату жазасына кесіліп, 1956 жылы оның есімі толық ақталды.
Т.Рысқұлов есімі Шымкент қаласына көршілес Түркістан облысындағы ауданының орталығына және Жамбыл облысындағы бір ауданға берілген. Еліміздің барлық ірі қалаларында Т.Рысқұлов атындағы даңғылдар мен көшелер бар.
«Жібек жолы» сәулеттік композициясы
Шымкент қаласының темір жол вокзалы алдындағы алаңда орналасқан «Жібек жолы» сәулеттік композициясы төрт мүсіннен тұрады. Ортаңғы бөлігіне биіктігі 21,5 метр, ені 1 метр болатын ақ мұнара мәрмәр таспен қапталып, көмкерілген.
Алып мұнараның жоғарғы жағында сағат орнатылып, жолаушыларға әрдайым дұрыс уақытты көрсетіп, менмұндалап тұрады.
2009 жылғы қазан айында ашылған нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген.
Сәулет композиция төрт мүсіннен және ортаңғы сағаттан тұрады. Мұндағы әр мүсін өз символын білдіреді. Мәселен, жылқы – еліміздің солтүстігін білдірсе, құс – күн шығысты, балық – ұлы Каспийді білдіреді. Ал, түйе – Ұлы Жібек жолы керуенін айтпай-ақ аңғартады.
Сәулеттік композициясының авторлары О.Әуезов, С.Иляев және З.Қожамқұлов.
Ақ мәрмәрмен көмкерілген алып тұғырдың ұшар басына орнатылған сағаттың диаметрі 1 метрді құрайды.
Жас жұбайлар аллеясы
Ел аумағында теңдесі жоқ Шымкенттегі дендросаябақ жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының мәдени демалыс орындарының бірегейі. Ал мұнда 2010 жылғы қазан айында ашылған Жас жұбайлар аллеясы шаңырақ құрған шымкенттік жас жұбайлар жиі бас қосатын жанға жайлы саялы мекендердің бірі.
Шаһарда күн сайын өтетін үйлену тойлардың алдында өтетін жас жұбайлар серуені кезінде жастар арнайы бас сұғатын кешен алып ағаштарымен, көмкерілген гүлдерімен, субұрқақтарымен, сыңғырлай ағатын сарқырамасымен құнды.
Бүгінде дендросаябақ осы саябақтың негізін қалаған, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров есімімен аталады. Әрдайым дәстүрлі сән-салтанатпен жүздесу орны болып табылатын аллеяда жас жұбайлар мүсіні мен арындап басталып, айдын көлге құятын «Махаббат патшалығы» сарқырамасы да бар.
«Жас жұбай¬лар аллея¬сы» республикаға бел¬гілі сәулетші Бақытжан Әшірбаев бастаған сәулет¬ші¬лер еңбегінің жемісі. Нысан – жас жұбай¬лар¬дың туған қаласына, еліне деген сүйіспеншілігін, мақтанышын артты¬рардай кейіпте. Айды қайық қылып мінген екі жас бейне¬ленген су бұрқақтан басталған жасанды өзен төменге қарай құлап ағып, аңғардағы көлге сарқы¬рама болып құйылады. Көрсең көз тоймайтын көрікті кешен жыл сайын 8 мыңнан астам отбасы шаңырақ көтеретін шаһарда айтулы айрықша орындардың санатында.
«Тәуелсіздік саябағы»
2011 жылдың 13 қазанында Шымкент қаласында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Тәуелсіздік саябағы» ашылды. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымқалада пайдалануға берілген саябақ қақпасындағы еңселі арка алдында қала аумағында тындырылған толағай тірліктерге қатысты оң пікірін білдірген болатын.
Ел егемендігінің 20 жылдығы қарсаңында салынған «Тәуелсіздік саябағы» қала тұрғындарының мақтанышы. Бүгінде бұл аумақ шымкенттіктер мен қала қонақтарының сүйікті әрі көрікті мәдени демалыс орындарының біріне айналып үлгерді. Көлемі 8 гектардан астам саябақтағы саялы әрі сәндік ағаштар, әуенді субұрқақ, айналаны көмкерген жасыл желекпен түрлі-түсті, хош иісті гүлдер тынығушылар үшін керемет көңіл-күй сыйлайды.
Тәуелсіздік аркасы арқылы саябаққа кірген жерден орталық аллея бойындағы граниттен жасалған 21 тақтайшаға еліміздің тәуелсіздік жылдарында болған ең елеулі оқиғалар жазылған.
«Ордабасы» алаңындағы 34 метрлік Тәуелсіздік монументі мен «Тәуелсіздік саябағы» арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын көпір жалғап тұр.
«Рәміздер алаңында» орын тепкен 25 метрлік найзалардың ортасында көлемі 128 шаршы метді құрайтын көк туымыз 50 метрлік биіктікте желбіреп тұр. Осылайша керемет архитектуралык ансамблді құрайтын аймақ шымкенттіктердің жиі бас қосатын көрікті орындары санатында.
Бір ауыз сөзбен түйіндегенде көк аспанымызда көк туымыздың желбірегені қандай рухты, қандай әсерлі!
Айта кетейік, 2014 жылы Шымкенттегі тарихи-монументалдық саябақ кешенінің бой көтеруіне үлес қосқан авторлық ұжым Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
«Алтын шаңырақ» ел бірлігі монументі
Шырайлы шаһарда осыдан тоғыз жыл есігін айқара ашқан «Тәуелсіздік саябағының» қақ ортасында еңселі «Алтын шаңырақ» ел бірлігі монументі бар. Қазақстан Республикасын мекендеген барлық этнос өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан 137 тік тіреуден тұратын композиция көтеріліп, шаңырақты ұстап тұр. Бұл тіреулер Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдерінің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын білдіреді.
Қанша жылдан бер сан алуан ұлттардың «Алтын шаңырағына» баланған елімізде бүгінде жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осы бағытта шымшаһардағы этномәдени бірлестіктер қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы маңайына топтасып, қоғамдық-мәдени өмірден тыс қалған емес.
Бүгінде Шымкентте 18 этномәдени бірлестік әрекет етеді. Ресми статистикаға сәйкес, миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласы тұрғындарының 66,7 пайызын – қазақтар, 17,7 пайызын – өзбектер, 9,1 пайызын – орыстар, қалған 6,5 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды.
Қаламызда этностардың тілі мен мәдениетін дамытуға мүмкіндіктер жасалған. Осы сөздің айқын дәлелі мегаполис төріндегі «Алтын шаңырақ» ел бірлігі монументі. Бұл көрікті орын ел бірлігіне бағытталған ауқымды іс-шараларды өткізетін ашық аспан астындағы сахна сынды маңызды рөл атқарып келеді.
Ал монумент маңайына отырғызылған түрлі гүлдер мен көшеттер және демалушылар үшін жасалған ыңғайлы орындықтар мен орнатылған жарықшамдар әсіресе түнгі мезгілінде осы аумақта кең тыныстап, еркін қыдыруға арналғандай әсер қалдырады.
С.Бәйтерековтің ескерткіші
Шымкент қаласында жаңадан бой көтерген «Нұрсәт» шағынауданында 2013 жылғы қазан айында белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің ескерткіші тұрғызылып, арнайы аллея салынды.
Бәйдібек би даңғылы мен «Нұрсәт» шағынауданы арасындағы алаңқайға тұрғызылған аумақ бүгінде толықтай күтімге алынып, аллея маңайы жасыл желекке оранған. Түрлі гүлдер отырғызылып, сәндік ағаштар егілген. Сәулеттік үлгідегі жарықшамдар қойылып, тынығушылар үшін орындықтар орнатылған.
Осы маңдағы шағын субұрқақтардың жазғы маусымда тынымсыз жұмыс істеуі тұрғындарға қуаныш сыйлап келеді. Нұрсәттіктер күнделікті ескерткіш жанына жиналып, аллея бойымен кешқұрым серуен құрып, сейілдеуді үйреншікті дағдыға айналдырған. Ал, аллея тазалығына жауапты ұйымдардың тындырымды тірлігі мен жасыл желекті уақтылы күтіп, баптауы әрдайым жұртшылықтың көңілінен шығуда.
Көрікті болуымен қатар тазылығымен көз тартатын нысанға қала қонақтары мен осы маңайда тұратын тұрғындар көп жиылады. Мұндағы мақсат – мегаполистің тынымсыз шулы тірлігінен бір сәт қол үзіп, бой жазып, тынығуды көздейді.
Аллеядағы биіктігі 3 метр 60 сантиметр болатын ескерткіш демеушілердің қолдауымен бой көтерді.
Айта кетейік, халқымыздың біртуар композиторы Сейдолла Байтереков 1945 жылы Кентау қаласында дүниеге келіп, 1998 жылы Алматыда дүниеден озған. Ол әйгілі «Әлия», «Жан досым», «Дос туралы жыр» сынды ел арасына кеңінен танымал әндердің авторы.
Әкімшілік-іскерлік орталықтағы жасыл саябақ
Шырайлы Шымкент шаһарының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 2015 жылы негізі қаланған бұл саябақ алғашында «Астана» саябағы деп аталатын болатын. Қазіргі таңда жұртшылық осы маңды әкімдік артындағы жасыл саябақ деп атап кетті.
Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты артындағы бұл демалыс орны 6 гектар аумаққа орналасқан. Жасыл желекпен көмкерілген аймақ ерекше дизайнмен көркемделген. Түрлі-түсті гүлдер мен 2 мың дана қылқан жапырақты ағаш көшеттері мен сәндік тал-дарақтар отырғызылған. Саябақтың әр бөлігіндегі ротонда пішіндес орындар тынығушылар үшін нағыз жайлылық пен тыныштықтың үлгісіндей көз тартары сөзсіз. Ал, саябақ ортасындағы әуенді субұрқақ осы маңдағы тұрғындар мен қалаға қыдырып келген қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлап келеді.
Осыдан бес жыл бұрын тықыр жер болған саябақ аумағы бүгінде жауапты жұмысшылардың ұқыпты жұмысының арқасында жасыл желекке оранды. Күрделі суару жүйесі тартылып, ағаштар мен газон айрықша күтімге алынды. Ал, түрл-түсті раушан гүлдері мен маусымдық гүлдерді қарау, оларды күтіп баптау жұмыстарына осы саладағы ең үздік бағбандар тартылған.
Ендеше, күннің аптап ыстығында шуақты шаһардан жаныңыз жай табатын жер іздесеңіз осы жасыл саябаққа келіңіз. Күнделікті кешкісін іске қосылатын әуенді субұрқақ және жасыл желек пен түрлі гүлдердің хош иісі, қылқан жапырақты әсем ағаштар күйбең тірлікті бір сәт ұмытып, жақсы тынығуыңызға септеседі деген ойдамыз.
Жаңа алаң – шаттық мекені
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент қаласына 2014 жылғы 4 желтоқсанда жасаған жұмыс сапары аясында ашылған жаңа алаң 2015 жылы толықтай қолданысқа берілді.
Бүгінде Шымкент қаласының әкімдігі мен «Түркістан» салтанат сарайы мен Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры және «Отырар» кітапханасы сынды ірі нысандардың ортасында орналасқан алаң миллионды шаһар аумағында ауқымды қоғамдық-көпшілік іс-шараларды өткізетін маңызды орындардың бірі.
Маңайы жасыл желекпен өрнектеліп, көмкерілген алаңда серуендеушілер үшін түрлі үлгіде орындықтар орнатылып, жарық шамдар қойылған. Сәндік гүлдер мен қылқан жапырақты ағаш көшеттері алаңның заманауи стильде жобаланғанын аңғартады.
Ал, алаң ортасындағы алып субұрқақ осы маңға жиі келетін балалар мен ересек тұрғындар тамашалайтын ерекше әрі көрікті нысандар қатарында.
Биіктіктен қарағанда қазақтың ұлттық ою-өрнегі іспетті тастар төселген алаң шуақты шаһардың кешінде қыдырыстап, бой сергітуге таптырмас нысандар санатында бар.
Ендеше қолыңыз қалт етсе, кешқұрым Н.Назарбаев даңғылы бойында орын тепкен шырайлы Шымкенттің жаңа алаңына келіп, қаламыздың көрікті орнымен жақыннан танысыңыз.
Мархабат!
Дендросаябақ қайта көркейтілуде
Осыдан қырық жыл бұрын 1979 жылы негізі қаланған Шымкент дендрологиялық саябағы бүгінде тек шымкенттіктердің ғана емес барша еліміздің мерейлі мақтанышына айналып отыр.
Кезінде мемлекет және қоғам қайраткері А.Асқаровтың бастамасымен шаһардағы ескі қоқыс полигонының орнына қазығы қағылған саябаққа дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жеткізілген саналуан ағаш көшеттері отырғызылған.
Шымқаланың ең көрікті орындары қатарында көш бастайтын саябақта Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаш-бұталардың 7 түрі, ал сирек кездесетін ағаштың 61 түрі бар.
Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт қол үзіп, жанына сая іздейтін тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнында ағаш-бұталардың жалпы саны 100 мыңнан асады.
Жыл он екі ай бойы келушілерді қабылдайтын саябақ мұндағы ауаның тазалығымен, оттегінің молдығымен және серуендеушілер үшін лайықты жағдай жасалғанымен ерекшеленеді. Орындықтар, жарықшамдар, субұрқақтар және теп-тегіс аяқжолдар мен жайқалған жасыл желек келушілерді үнемі тартып тұрады.
Жауаптылардың айтуынша, биыл алғашқы жартжылдықта 101 мыңнан астам азамат осында келіп, дендросаябақты тамашалаған.
Аумағы 130 гектарға жуық саябақ Шығыс Азия, Орта Азия - Қазақстан, Солтүстік Америка, Қиыр Шығыс-Сібір, Европа Қырым-Кавказ сынды 5 географиялық аймаққа бөлінген.
Биыл мұнда ағаштың 82 түрінен 5,5 мың дана көшет отырғызылып, күтімге алынған. Мамандардың баяндауынша бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – саябақ аумағын көркейтіп, жасыл желекті аймақты барынша кеңейтуға бағытталып отыр.
«Shymkent Altyn eye»
Осыдан төрт жыл бұрын ашылып ел игілігіне берілген «Shymkent Altyn eye» айналаны шолу дөңгелегі ТМД елдері арасында биіктігі жағынан алғашқы үштікке енеді. Мамандардың айтуынша, бұл нысан Орта Азиядағы еңселі аттракциондардың қатарында.
Уақыт талабын ескере отырып, салынған айналаны шолу дөңгелегі осында келушілерге 50 метр биіктіктен қала аумағын тамашалауға мүмкіндік береді. Заманауи кабинкалар бір мезетте жүзден астам адамға қысы-жазы сапалы қызмет көрсете алады.
Ашылғалы шымкенттіктердің сүйікті демалыс орындары санатына кірген бұл аймақ кішкентай бүлдіршіндер үшін таптырмас демалыс нысандарының бірі болып табылады. Жиырмадан астам ойын аттракциондары осында тынығуға келген жеткіншектер мен ересектерге әрдайым қызмет көрсетуге дайын.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Бәйдібек би даңғылы бойындағы «Қазына» этно-тарихи кешені аумағында жұмыс істейтін «Shymkent Altyn eye» айналаны шолу дөңгелегі «Жайлаукөл» мен «Наурыз» алаңы аумағында қатарласа орналасқан.
Егер осы маңда серуендеп, шырайлы Шымкентің көрікті орындарын тамсанып, тамашалауға неитті азаматар болса, Бәйдібек би ескерткішінен бастап, сол маңда қатардағы біртұтас сәулеттік ансамбльді құрап тұрған бірқатар көрікті орындарда болып, «Shymkent Altyn eye» айналаны шолу дөңгелегімен шымшаһарды құс ұшар биіктіктен бір көріп, серуенді сергіп қорытындылауға болады.
Байтұрсынов көшесіндегі гүлзар
Шымкентте көрікті орындар жеткілікті. Аумағы көршілес Ресей мемлекетінің бас қаласы Мәскеу қаласынан кем түспейтін Шымкент бүгінде Қазақстанның негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі болып табылады.
Миллионнан астам тұрғыны бар шаһарда қала тұрғындарының тынығып, жан сергітуі үшін лайықты әрі қолайлы демалыс орындары жеткілікті. Солардың бірі қала орталығындағы Ахмет Байтұрсынолв көшесі бойында орналасқан «Спорт» шағынауданы аумағындағы гүлзар. 2004 жылы негзі қаланып, біраз уақыт қараусыз қалған нысан өткен жылы жергілікті әкімдік тарапынан назар аударылып, гүлзар үш айда толық жаңғыртудан өтті.
Айналасына жасыл желек егіліп, гүл көшеттері отырғызылған аймақтағы орындықтар мен жарық шамдар заман талабына сай жаңартылды. Гүлзар орталығындағы субұрқақ толық жөнделіп, жаңа келбетке енді.
2500 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 1500 метрге жуық жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды. Гүлзардың өзге стильде тың дизайнерлік шеберлікпен үйлесімді әрленуінің нәтижесінде жұртшылықтың көңілінен шығып, тынығушылар үшін жанға жайлы орындардың қатарынан ойып тұрып орын алды.
Жаңғыртылғанына жыл толмаған гүлзар бүгінде шымкенттіктердің сүйікті әрі көрікті орындарының қатарына еніп үлгерді.
Шырайлы шаһарға қош келдіңіз!
Шымкент – Қазақстанның оңтүстік бөлігінде орын тепкен тарихы терең, мәдениеті бай ежелгі әрі көне қалалардың бірі. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаевтың ғылыми еңбектеріне сүйенсек, Шымкенттің негізі қаланғанына 2200 жылдан асқан.
2018 жылғы маусым айында ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент Қазақстандағы республикалық деңгейдегі Астана (қазіргі – Нұр-Сұлтан), Алматы сынды ірі қалалардың санатына қосылды.
Бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис жаңарып-жасарып, көркіне көрік қосып, шырайланып келеді. Қала аумағында көпқабатты ғимараттар мен үйлер және жаңа шағынаудандар жыл санап артып, шаһар уақытпен таласа өсіп-өркендеуде. Бұл бағыттағы тындырымды тірліктерге «Шымкент-сити», «Астана» және «Тұран» шағынаудандарындағы қарқынды құрылыстар нақты мысал бола алады.
Сондай-ақ, соңғы жылдары Шымкентте бой көтерген «Қазына» этно-тарихи кешені, «Наурыз алаңы», «Арбат» және жаңа әкімшлік-іскерлік орталық маңындағы саябақ сынды көрсе көз тартатын көрікті нысандар қарапайым халық үшін қолжетімділігімен және ең бастысы тартымдылығымен таң қалдырып келеді.
Бір сөзбен айтқанда таяу жылдары Шымкент халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына, ғылым мен білімнің ордалы ордасына және көрсең көз тойдыратын көрікті орындардың нағыз нүктесіне айналары сөзсіз.
Тобықтай түйін, егер шуақты Шымкент шаһарына жолыңыз түссе, міндетті түрде қала аумағындағы түрлі санаттағы көрікті орындарға арнайы барып, шырайлы шаһардың шынымен де әсем әрі жанға жайлы екендігіне көз жеткізе аласыз. Ал, Шымқаланың дәмі тіл үйіретін асханасы ол мүлдем бөлек тақырып.
Сонымен шырайлы Шымкент шаһарына қош келдіңіз!