Түлкібаста «Ана мен бала» монументі ашылды
Осы уақытқа дейін қазақ даласының батырлары, қоғам қайраткерлері, әулиелері мен бабаларына ескерткіш жасап келген едім. Ойланып қарасам олардың бәрі алтын құрсақты анадан туылған екен. Талай данышпандардың дүниеге келуі тоғыз ай ана құрсағында жатып, жарық дүниеге келуі ананың қасиетті ұғым екендігін білдіреді. «Ана мен Бала» монументінің авторы болғаныма қуанамын. Бұл ана бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ даласының анасы. Бұған дейін анаға ескерткіш жасаған емеспін. Пірәлиевтер әулеті маған тапсырыс беріп, анамды есіме түсіріп отыр. Сол үшін бұл кісілерге алғысымды айтамын. Себебі, өз анамның алдындағы қарызды өтегендей болып тұрмын.
Қалдыбай Пірәлиев
Бүгін Түлкібас ауданында «Ана мен Бала» ескерткішінің ашылу салтанатында Қазақстан көркемсурет Академиясының академигі, жаңадан бой көтерген монументтің авторы Тілеуберді Бинашев осылай деді. «Тұңғыш Президент» саябағының алдынан бой көтерген монумент Ұлы Отан соғысының ардагері Піралиев Жайлау атамыздың балалары мен немерелерінің демеушілігімен жүзеге асып отыр. - Біз тоғыз ағайындымыз. Бүгінде, бәріміз Алматы қаласындамыз. Ағайындар келісе отырып, ананың монументін салып, құрметімізді білдірейік деп шештік. Мұның қоғамдық – тәрбиелік мәні зор. Себебі, әрбір адам ескерткішке қарап, ондағы жазылған «Ана – ұлы. Ана – қымбат. Ана – құдіретті жан!» - деген жазуды оқып ойланады. Ең бірінші бізге керегі – тәрбие, одан кейін – білім. Біз білімге кетіп тәрбиені ұмыт қалдырдық. Тәрбие – бар жерде білім өзі келеді», - дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиев.
«Ана мен бала» ескерткіші тәрбиенің, татулық пен бейбітшіліктің және туған жерге деген құрметтің көрінісі. Аталмыш шара барысында аудан тұрғындары Пірәлиевтер әулетіне алғысын білдіріп, бой көтерген ескерткішке деген құрметтері ерекше екендігін білдірді.